Жаңалықтар

Ауысым жүгін арқалаған бір күнім

Кеншінің тағдырында разрядпен де, сыйақымен де, нарядтағы бір жол жазумен де өлшенбейтін бір сындарлы сәттер болады екен. Ондай мәнді мезеттердің өлшемінің бөгенайы бөлек. Ол дегеніміз – штректегі тылсым тыныштық дер ме едік… Сол тұңғиық тыныштықта тек өз жүрегіңнің дүрсілі мен бүтін бір бригаданың орнына жалғыз өзі көмір қабатын тілген комбайнның күңіренген үні ғана естіледі…

Суреттер ЖИ арқылы жасалды

Тариф текетіресі

Осындай тұнжыраңқы түндердің бірі – 1982 жылдың 28 ақпанынан 1 наурызына қараған түн еді. Сол бір шақты «Киров» шахтасындағылар әлі күнге дейін ұмытпай еске алуы кәдік. Себебі, осы тосын жайт сирек кездесетін, тіпті адам сенгісіз оқиға еді. Тұтас учаскенің өндірістік жоспарын жалғыз адам атқара алған десем, сенер-місіз?..

1982 жылы мен «Киров» шахтасының №5 көмір өндіру учаскесінде тау-кен шебері болып еңбек ететін едім. Учаскені Иван Федорович Тирик басқарды. Қырық жылдан астам уақыт өтсе де, әріптестері оны әлі күнге дейін ерекше ілтипатпен еске алады. Тумысынан іскер, тәжірибелі, өз ісінің білгірі болғандықтан, көпшілік оны үлгі тұтатын. Сол кезеңде ұжым түгелдей метан газы мол, аса қауіпті әрі үздіксіз бақылау мен темірдей тәртіпті талап ететін «К-2» көмір қабатын игеріп жатқан еді.

1982 жылдың 28 ақпаны айдың соңғы күніне сәйкес келмесі бар ма. Демек, түнгі ауысымдағылар ақпан айындағы еңбекақысының қанша болып есептелгенін бірінші болып білетін. Сол жылдың 1 ақпанынан бастап, шахтада тарифтік мөлшерлемелер көтерілді. Бесінші разрядты тазарту забойы кен жұмысшысының күндік ақысы бұрынғы 9 сом 60 тиынның орнына 12 сом 09 тиынға көтерілді.

Алайда, көл-көсір қуанышымыз ұзаққа созылмады. Тариф өскенімен, сыйақының пайыздық мөлшері қысқартылған болып шықты. Соның салдарынан ай сайынғы үйреншікті 600-700 сомның орнына небәрі 350 сом ғана есептелген көрінеді. Ал, осы кезде учаске ақпан айында жоспардан тыс он мың тонна көмір өндіріп үлгерген болатын.

Сол түні нарядты учаске бастығының орынбасары қабылдады. «Үш жүз елу сом» деген сан айтылған сәтте-ақ жұмыс киімін ауыстыратын ортаны ауыр үнсіздік басты. Артынша әлгі үнсіздік наразылыққа ұласты. Алты көмір өндіру және екі қазба жүргізу учаскесінің жұмысшылары бірауыздан шахтаға түсуден бас тартты. Шахтаның бас инженері Мартагов болса, таңертең бәрін қайта есептеп шығуға уәде беріп, жұмысшыларды қанша үгіттегенімен, еш нәтиже шықпады. Адамдар өз шешімдерінен таймай, алған беттерінен қайтпады.

Шешім

Мен тау-кен шебері едім. Демек, мойнымдағы жауапкершілік тек жоспарды орындаумен шектелмейтін. Ең бастысы, лавадағы ахуалға тікелей жауап беру болатын. Метанның деңгейі, төбе жынысының беріктігі, кен қазбасының қауіпсіздігі, мұның бәрін бір сәтке де қараусыз қалдыруға әсте болмайтын.

Иә, үшінші ауысым төртінші ауысымның шахтаға түспейтінін білген жоқ. Сондықтан, комбайн төменгі ойықты кесуді аяқтамай, сол күйі қалып қойған-тын. Забойдың екі метрлік бөлігі тіреусіз, ашық жатты. Басқа жағдайда машинистер комбайнды кейін шегіндіріп, жетекті орнына жылжытып, бірінші және екінші үлгідегі секцияларды, түйісу тіректерін бекітіп, лаваны қауіпсіз күйде қалдырар еді ғой. Бірақ, бұл жолы олай болмады. Ал, бірінші, жөндеу ауысымы секцияларды жылжытумен айналыспайтын. Олардың өз міндеті, өз жұмысы бар болатын. Мен шахтаға жалғыз түстім…

Оқпан түбінде кеншілер трамвайы күтіп тұр екен. Рельс жолының соңына дейін жетіп, одан әрі лаваны бетке алып, он бес минуттай жаяу жүрдім. Ақыры жұмыс орнына көтерілгенде, кез келген тау-кен шеберінің жүрегін тітіркентетін көрініске тап болдым. Тіреусіз қалған төбе жынысы сын сәтінде опырылып түсіп, лаваны басып қалып, бүкіл учаскенің кемінде бір тәулікке тоқтап қалуына себеп болуы кәдік-тұғын.

450 тонна көмір

«Жалғыз адамдық ауысым» деген осы деп қоямын күбірлеп ішімнен. Мұнан кейін ешбір адамға жалғыз атқаруға рұқсат етілмейтін жұмыс басталды да кетті. Әуелі жоғарғы ойықтағы және секциялардың артындағы газ жиналатын қалтарыстағы метан мөлшерін өлшедім. Содан кейін қазбаның дұрыс желдетілуі үшін желдеткіш «желкенін» қайта іліп қойдым. Конвейер желісін түгел тексердім. Лаваның астындағы СР-70 конвейерін, телескопиялық «ЛТ-80» таспалы конвейерін қарап шықтым да, дереу кареткаларын тазалап, артық жүктеме датчигінің жұмысын бақылап қойдым. Ауысым бастығына телефон шалып, жағдайды баяндадым да, тасымалдау конвейерлерін іске қосуды сұрадым. Содан кейін өзім «КШ-3» комбайн пультіне тұрдым. Төменгі шнегін түсіріп, жоғарғысын төбе жынысына дейін көтердім де, бес метр алға жылжыдым. Бір заматта тоқтап, күрекпен забойды тазаладым. Кесу тереңдігін тексергенде, қалабынан он сантиметр топырақ қабатына дейін қайта өлшеп, комбайнды астына және қайтарып, шнекті 10 см түсіріп, комбайнды қайтадан жаңадан жылжыттым.

Конвейерді қайта іске қосып, төменгі ойыққа қайта кірдім. Ақырын жиырма бес метр жылжыдым. Жетекті босатып, алға жылжыттым да, қайта бекіттім. Бірінші және екінші үлгідегі «Комплекс 81-Э» секцияларын, сондай-ақ, түйісу тіректерінің орнын ауыстырдым.

Лавалық конвейерді айналдырып, қырғыштарының сынбағанын тексердім. Өйткені, бір ғана сынған қырғыш төменгі бөлікте кептеліп қалса, тұтас бір бригаданың жұмысын үш-төрт сағатқа дейін тоқтатуы ықтимал еді. Домкратпен майысқан қырғыштарды түзетіп болған соң, қайтадан жұмысымды жалғастыра түстім.

Комбайнды іске қосып, бірінші берілісті қосып, забойдағы көмірді шауып, төменгі шнекті бір метр көтеріп, үстінгі қабатқа жылжыттым. Осылайша метр сайын алға ұмтылдым. Қырық-елу метр жүрген соң тоқтаймын. Конвейерлік штрекке қарай жүгіріп барып, кареткаларды тазалаймын. Датчиктерді тексеремін. Май станциясын қараймын. Содан кейін қайтадан комбайнға ораламын. Комбайн артынан бірінші типті секцияны забойға итеріп отырдым.

Жоғарғы ойыққа кіріп, комбайнмен отыз метр төмен түстім. Жетекті босатып, орнына қойым, қайта бекіттім. Түйісу тіректерін және екінші үлгідегі секцияларды алға таман орналастырдым. Содан соң қайта қырық-елу метр… Тағы штрек… Тағы кареткалар… Осылайша төменгі ойыққа қайта жетіп, комбайнды 25 м көтердім. Жетек пен конвейерді, бірінші секцияны, екінші типті забойға жылжыттым.

Ұзындығы – 125 метр, еңістігі – 12 градус, биіктігі 135 метр болатын көмір пластын жалғыз өзім бір ауысым ішінде толық кешіп өттім. Сол баршаға жұмбақ ауысымда жер бетіне 450 тонна көмір шығарылды…

Одақта болмаған оқиға

Жұмыс сәтімен аяқталған соң ауысым бастығына телефон шалып, жағдайды баяндадым. «Комбайн 25 метр биіктікте». «Лавадағы ахуал қалыпты». «450 тонна көмір өндірілді». Телефон желісінің арғы жағындағылар алғашқыда аң-таң болған. Себебі, скиптегі диспетчерге әлденеше рет басшылық тарабы хабарласып,

«Егер бүгін түнде бірде-бір учаске жұмысқа шықпаған болса, бұл көмір қайдан келді?» деген сауал бәрінің таңданысын тудырған. Көп ұзамай оның №5 учаскеден өндірілгені белгілі болды.Кеңес Одағында мұндай жағдай болғанын білмеймін, – деген еді сол кезде ауысым бастығы. – Бір адамның механикаландырылған кешенде бір ауысымда 450 тонна көмір өндіргені бұрын-соңды болған емес.

Арада ондаған жылдар өтсе де, мен учаске бастығы Иван Федорович Тирикті әрдайым жүрегімдегі жылылық ілтипатымен еске аламын. Дәл сол кісінің басшылығымен 1982 жылы №5 учаске 500 мың тонна көмір өндіріп, «Қарағанды-көмір» өндірістік бірлестігі бірінші болып, бүкіл тарихында алғаш рет осындай ауқымды нәтижеге қол жеткізді.

Сондай-ақ, иық тіресе еңбек еткен әріптестерімізді де ризашылықпен тілге тиек етеміз. Социалистік Еңбек Ері Қадыр Әбдірасыловты, тау-кен шебері Винникті, тау-кен маманы Шнайдер Александрды, комбайншы Семеновты, тазарту забойының кен жұмысшылары Кливерді, Нагибинді, Лебедьті, Радчинскийді, Ключникті, сондай-ақ, электр слесарі Рудиды құрметпен есімізге түсіреміз.

Тұрсын ӨТЕГЕНОВ
ардагер кенші

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button