Қарағанды қаласында балалар мен жасөспірімдер футболын бұқаралық сипатта дамыту және сергек өмір салтын насихаттау мақсатында дәстүрлі XXIV спартакиада жалауын көтерді. Доп додасының тартысты бәсекесіне Қазыбек би және Әлихан Бөкейханов аудандарынан 18 команда қатысып, өзара мықтыны анықтауда.

Жарыс ережесіне сәйкес, әр ұжым құрамына 15–17 жас аралығындағы 15 спортшы мен 1 бапкер енгізілген.

Бәсеке көрігін қыздырған командалар үш топқа бөлініп бақ сынауда. Алғашқы топтардың кездесулері «Шахтер» стадионының қосалқы алаңында өтсе, қалған ойындар Қазақстанның 50 жылдығы атындағы саябақтың футбол алаңдарында өтті. Іріктеу қорытындысы бойынша әр топтан суырылып шыққан ең үздік үш команда финалдық кезеңге жолдама алады.

Турнир ережесіне сай, топтық бәсекеде көзге түскендер арнайы дипломдармен ынталандырылса, соңғы шешуші сында топ жарған жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктар, грамоталар және медальдар табысталады. Қазіргі таңда тартысты бәсекелер жалғасуда. Ақтық кезең 24 тмыз күні «Шахтер» стадионында өтеді.
Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz



