Жаңалықтар

Жол жауапсыздықты кешірмейді

Тасжол тақтайдай тегіс болып, әр бұрылыста ескерту белгісі мен заманауи бақылау камерасы менмұндалап тұрса да, жол апаты неге азаймайды? Мәселе – жолдың сапасында емес, тізгіншінің салғырттығында. Жылдамдықты шектен асыру, қарсы жолаққа шығып кету, рөлде отырып телефонға алаңдау мен ішімдік ішіп, көлік басқаруға отыру – санаулы секундта талай тағдырды тас-талқан етеді. Сонда бізге жетпей жатқаны қатаң талап па, әлде ішкі мәдениет пен жауапкершілік пе?

Суреттер polisia.kz сайтынан

Сан сөйлесе, салғырттық аңғарылады

Аймақтың кейінгі үш жарым жылдағы жол-көлік ахуалы көңіл көншітпейді. 2023 жылдан бастап, биылдың алғашқы алты айын қоса есептегенде өңірде 3 354 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 572 адам қаза тауып, 4 049 адам түрлі дәрежеде жарақат алған.

Облыстың полиция департаментінің жүргізген сараптамалық талдауы апаттың басым бөлігінде адам факторы тұрғанын аңғартады. Жол-көлік оқиғаларына көбіне жылдамдықты асыру, жаяу жүргіншілер өткелінен өту тәртібін бұзу және қарсы қозғалыс жолағына шығу себеп болады.

Тасжолдың табиғаты да әр алуан. Қала ішінде бір қауіп болса, ұзақ сапарда оның сипаты мүлде бөлек. Әсіресе, еліміздің кіндігінде жатқан кеншілер өлкесі үшін бұл мәселенің салмағы орасан.

– Жолдағы қауіптің және бір қыры – өңірдің транзиттік әлеуетімен сабақтас. Ел орталығында орналасқан аймақ арқылы күн сайын қыруар көлік өтеді. Әсіресе, жаз мезгілінде алыс сапарға шығатын жолаушылар көбейіп, жүк тасымалы жанданып, республикалық маңызы бар жолдардағы қозғалыс қоюлана түседі. Облыста қауіптілігі жоғары бағыттардың қатарында «Астана-Қарағанды-Алматы» және «Қарағанды-Аягөз-Тарбағатай-Бұғаз» күрежолдары бар. Мұндағы қатер тек көлік ағынының көптігінен емес. Кей жүргізушілер мың шақырымнан астам жолды ұйқысыз, тынықпай еңсеруге тырысады. Ал, ұзақ сапардағы қалжырау назарды әлсіретіп, рөлде қалғып кету қаупін еселейді, – дейді облыстың полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бағдат Кәкімов.

Алыс жолдың жайын күнделікті кәсібінен жақсы білетіндердің бірі – қалааралық бағытта жолаушы тасымалдайтын Олжас Рақымбек.

– Әр жол учаскесінде жылдамдық шектеуі әртүрлі. Біз бір бағытпен ғана жүрмейміз, қай жаққа ұсыныс түссе, сол жаққа тартып отырамыз. Дегенмен, аптықпай, белгіленген жол ережесін сақтау – бәріміздің ортақ міндетіміз. Жол үстінде асығыстықтың соңы ауыр жағдайға әкелгенін талай көрдік. Сондықтан, меніңше, қалааралық бағыттарда бақылау мен профилактикалық рейдтерді мейлінше күшейткен жөн. Ең бастысы, жүргізушінің өзі де жолға шығарда жауапкершілікті сезінуі керек, – дейді ол.

Расында, ұзақ жолда жылдамдықты шектейтін белгі ғана емес, жүргізушінің өз шамасын білуі де маңызды. Көз ілініп, дене қажып, назар төмендегенде діттеген жерге тез жетудің өзі неғайбыл? Уақыт үнемдегеннен гөрі, межелі жерге аман жетудің салмағы әлдеқайда басым екенін естен шығармау қажет.

Өзгенің өміріне қатер

Рөлдегі жауапкершілік жол ұзақтығымен өлшенбейді. Кей жағдайда қатер жүргізушінің жолға шықпай тұрып қабылдаған шешімінен басталады.

2023 жылдан биылдың алғашқы жартыжылдығына дейін облыста көлікті мас күйде тізгіндеудің 4 294 фактісі тіркелген. Ал, 2024 жылдан бері жүргізуші куәлігі жоқ немесе көлік басқару құқығынан айырылған 960 адам рөлде ұсталған.

– Мас күйде көлік басқаруды жай ғана «қателік» деп жұмсартуға әсте жарамайды. Өйткені, ондай адам жолға шыққан сәттен бастап өзінің ғана емес, жанындағы жолаушының, сонымен қоса, қарсы бағытта келе жатқан жүргізушінің, жол жиегіндегі жаяу жүргіншінің де өміріне қауіп төндіреді. Ал, көлік басқару құқығынан айырылғанына қарамастан қайта тізгінге отыру – заң талабын біле тұра тәртіптен аттау.

Заң бұзған жүргізушіні анықтау – қауіптің бетін қайтарудың бір жолы болса, басты мақсатымыз – мұндай әрекетке мүлде жол бермеу. Сондықтан, алдын алу бағытында бақылау мен профилактикалық шаралар ұдайы жүргізіледі, – дейді Бағдат Кәкімов.

Жол үстіндегі қатердің бәрі көзге бірден ұрына бермейді. Қарсы жолаққа шығу мен жылдамдықты шамадан тыс асыру тайға таңба басқандай анық аңғарылса, рөлде келе жатып телефонға алаңдау кейде елеусіз әрекет ретінде көрінеді. Алайда, облыста 2024 жылдан 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығына дейін көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдалануға байланысты 20 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталған.

Күнделікті такси қызметін пайдаланатын жолаушылар да мұндай жағдайға кезігіп жүр. Күнгей шағын ауданынан қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігіне баласын сабаққа апарып, өзі жұмысқа қатынайтын Фатима Төлеуқызы кей жүргізушілердің тізгін үстінде телефонға тым жиі алаңдайтынын айтады.

– Отағасы іссапарда болған кезде баламды сабаққа апарып, өзім жұмысқа жету үшін көбіне такси шақырамын. Кейінгі уақытта байқағаным – кейбір жүргізушілер көлік жүргізіп келе жатып телефонға жиі алаңдайды. Хабарлама оқып, қоңырауға жауап беріп отырады. Мұндайда жолаушы ретінде өзің де алаңдап қалады екенсің. Кейбірінің қауіпсіздік белдігін тақпайтынын немесе музыка дауысын шамадан тыс көтеріп қоятынын да кездестіреміз. Әрине, бәрін бірдей кінәлауға болмайды. Жол ережесін мұқият сақтап, байыппен жүретін жүргізушілер де көп. Айтарымыз – «сақтансаң, сақтайды». Рөлде отырған адам өзінің ғана емес, жолаушының да өміріне жауапты екенін естен шығармаса екен, – дейді Фатима Төлеуқызы.

Осы бағыттағы бақылау енді мүлде басқа деңгейге көшпек. Тамыз айынан бастап жол қозғалысы ережелерінің үш түрдегі келеңсіздігін автоматты түрде анықтайтын аппараттық-бағдарламалық кешен іске қосылды. Қырағы камералар ендігі жерде жылдамдықты асырып, рөлде телефон ұстағаныңды бірден тіркейді.

Жауапкершілік – қауіпсіздіктің алғышарты

Жол қозғалысы қауіпсіздігі сөз болғанда балалар мәселесін айналып өту мүмкін емес. Соңғы үш жыл мен биылдың алғашқы алты айында кәмелетке толмағандардың қатысуымен 639 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 54 бала қаза тауып, 737 бала жарақат алған.

Көлікте бүлдіршін баланы арнайы орындықсыз тасымалдау, қауіпсіздік белдігін елемеу немесе мектеп маңындағы өткелде жылдамдықты төмендетпеу ұсақ-түйек тәртіп бұзушылық емес. Мұндай салғырттықтың салдары ауыр болуы ықтимал.

 

– Осы мақсатта біз білім беру ұйымдарында жол қозғалысы ережелерін түсіндіру, жарық шағылыстыратын элементтерді пайдалану, жолдан абайлап өту жөнінде тұрақты профилактикалық іс-шаралар өткіземіз. Колледждер мен жоғары оқу орындарында да жастармен кездесулер өтіп, жол ережесін бұзудың салдарын жіті түсіндіреміз. Дегенмен, балаға жол ережесін үйрету қаншалықты маңызды болса, ересектің оны өз әрекетімен көрсетуі де соншалықты қажет. Артқы орындықта отырған бала жүргізушінің белдік таққанын да, телефонға алаңдағанын да, бағдаршам талабын сақтағанын да көріп өседі, – дейді Бағдат Кәкімов.

Бар жауапкершілікті жүргізушіге ысырып қою біржақты болар еді. Жаяу жүргінші де – жол қозғалысының толыққанды куәгері һәм қатысушысы. 2023, 2024, 2025 жылдар мен биылдың алты айын қоса есептегенде жаяу жүргіншілердің қатысуымен 950 жол-көлік оқиғасы тіркелді. 110 адам қаза тауып, 832 адам жарақат алды. Ал, жаяу жүргіншілердің өз кінәсінен осы аралықта 57 апат болып, 10 адам көз жұмып, 48 адам жарақаттанған.

Қырағы «көз» қалт жібермейді

Қазір аймақта 198 арнайы аппараттық-бағдарламалық кешен жұмыс істейді. Оның 120-сы жолдың түзу учаскелерінде жылдамдық режимін бақылайды. 28 кешен қиылыстарда бағдаршамның тыйым салатын белгісіне өту мен жолдың қозғалысқа шектеу жасалған (стоп) сызығын кесуді тіркесе, 22 кешен жаяу жүргіншілер өткелінде жол бермеу фактілерін анықтайды. Бұдан бөлек, жылдамдықты бақылайтын 28 мобильді кешен бар.

Техникалық бақылаудың ауқымын тіркелген құқық бұзушылықтар айғақтайды. Былтыр автоматты камералар жылдамдықты асырудың 200 мыңнан астам фактісін анықтаса, биылдың алғашқы алты айының өзінде бұл көрсеткіш 100 мыңнан асқан. Ал, дрондар өткен жыл мен биылғы алғашқы жартыжылдықта қарсы қозғалыс жолағына шығудың 100-ден астам дерегін тіркеген.

Бағдат Кәкімовтің айтуынша, автоматты камералар арқылы ең жиі анықталатын құқық бұзушылық – жылдамдықты асыру. Ал, дрондар көбіне қарсы қозғалыс жолағына шығу фактілерін тіркейді. Әйтсе де, жүздеген камера мен дрон жүргізушінің орнына шешім қабылдамайды. Олар заң бұзылған сәтті тіркейді, қауіптің бетін ашады. Ал, ережеден аттау-аттамау таңдауын рөлдегі адамның өзі жасайтынын қаперден шығармау керек.

Бір сәттік қателіктің құны

Статистика жолдағы ахуалды аңғартқанымен, оның шын салмағы нақты оқиғалардан сезілсе керек.

6 маусымда таңғы сағат 07:15 шамасында «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Шідерті» күрежолында Дубовка кентінен Ақтас бағытына қарай келе жатқан «Chevrolet Cobalt» жүргізушісі рөлге ие бола алмай, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Соның салдарынан көлік қарсы бағытта келе жатқан «Opel Vectra»-мен бетпе-бет соқтығысқан. Бір адам қаза тауып, төрт адам жарақат алған.

Ал, 2025 жылғы 10 тамызда түнгі сағат 23:10 шамасында «Астана-Қарағанды-Алматы» автожолының Батпақты мен Ошағанды ауылдары арасындағы бөлігінде Қарағандыға бет алған «Toyota Alphard» жол жиегіне аударылған. Апат төрт адамның өмірін қиып, тағы төрт адамды жарақаттаған.

Екі оқиға – екі бөлек уақыт, екі бөлек жол. Әйткенмен, түйін біреу. Жол үстінде ұсақ-түйек қате болмайды. Қарсы жолаққа шығу, рөлге ие бола алмау, шаршау немесе назардың бөлінуі санаулы секунд ішінде орны толмас қайғыға айналуы мүмкін.

Жол ұзақ болуы мүмкін, сапар асығыс болуы мүмкін. Десе де, ешбір межеге адам өмірінен қымбат баға төлеудің қажеті жоқ. Өйткені, жолдағы ең үлкен қауіп – кейде жолдың өзі емес, жауапсыз шешім.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button