Жаңалықтар

«Сарыарқа» өз тобында көш бастады

Хоккейден Қазақстан кубогы бәсекесі басталды. Қарағандылық «Сарыарқа» жеребе қорытындысы бойынша «В» тобына түскен. Күні кеше жерлестер Павлодардың «Ертіс» және рудныйлық «Горняк» клубымен кездесіп, қарсыластарын 4:2 және 6:3 есебімен жеңді. Нәтижесінде, 4 ұпаймен өз тобында көш басына шықты.

Сурет клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Биылғы Қазақстан кубогы додасына елдің үздік 10 клубы қатысуда. Командалар жеребе қорытындысы бойынша «А» және «В» топтарына бес-бестен бөлінген.

Жарыс ережесіне сәйкес, топтық кезеңдегі кездесулер бір ойыннан ғана тұрады. Әр топта жоғары ұпай жинаған үздік екі командаға жарыстың жартылай финалына жолдама берілмек. Бұл кезеңде де командалар ақтық кезеңге дейін бір ойыннан ойнайды. Айта кетейік, жартылай финалдық кездесулері 24 тамызда, ал, шешуші финалдық бәсеке 25 тамызда өтеді.

«Сарыарқа» өз тобында Петропавлдың «Құлагері», Атыраудың «Бейбарысы», Рудныйдың «Горнягы» және Павлодардың «Ертісімен» бірге сынға түсуде.

Бүгінде жерлестер топтық кезеңдегі екі кездесуін өткізіп үлгерді. Енді 18 тамызда «Бейбарысқа», 19 тамыз «Құлагерге» қарсы ойнайды.

«Сарыарқаның» топтағы қалған қарсыластары – «Бейбарыс» пен «Құлагер» клубы. Қарағандылық клуб бұған дейін бұл командаларға қарсы талай мәрте мұз айдынына шыққан.

Мәселен, былтыр «Бейбарысқа» қарсы бес кездесу өткізіп, оның төртеуінде жеңіске жетті. Ал, биыл жыл басынан бері атыраулықтармен екі рет кездесіп, бір ойында басым түскен.

«Құлагерге» қарсы былтыр жеті ойын өткізіп, соның бесеуінде жеңсе, биылғы екі кездесуде де петропавлдықтардан айласын асыра алмаған.

Дегенмен, «Сарыарқаның» соңғы ойындардағы тұрақты нәтижесі, команданың қазіргі құрамы мен ойын мәнерін ескерсек, ел кубогының жартылай финалына шығуға мүмкіндігі жоғары.

Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button