Құрылтай

Ел болашағының бағдары

Құрылтай депутаттарын сайлау ел өміріндегі маңызды саяси кезең екені даусыз. Осындай сындарлы сәтте еліміздің болашағы мен халықтың әл-ауқатына бейжай қарамай, өз ойымызды ортаға салу – баршамыздың азаматтық міндетіміз деп санаймын.

Жаңа реформаға сәйкес 145 депутаттан тұратын Құрылтай жасақталмақ. Бұл халықтың көкейіндегі мәселелерді, соның ішінде денсаулық сақтау мен әлеуметтік саланың түйткілдерін мемлекеттік деңгейде көтеріп, маңызды шешімдерді уақыт оздырмай қабылдауға мүмкіндік береді. Дәрігер ретінде мұны дер кезінде қойылған диагноз бен дұрыс таңдалған емдеу тәсіліне ұқсатуға болады. Қоғамдағы мәселе де уақытында анықталып, нақты шешімін тапқанда ғана оң нәтиже береді.

Депутаттардың партиялық тізім бойынша сайлануы саяси ұйымдардың жауапкершілігін арттыра түседі. Бұл партиялардан тек сайлау кезеңінде емес, алдағы бес жыл бойы халықпен тұрақты әрі жүйелі жұмыс істеуді талап етеді.

Сонымен қатар, партиялық тізімдерде әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға квота қарастырылуы қоғамның түрлі топтарының мүддесін ескеруге мүмкіндік береді. Бұл – өкілдік пен әділеттілік қағидаттарын нығайтатын маңызды қадам.

Қоғамдық саясат институт жүргізген сауалнама нәтижесіне сәйкес, респонденттердің 72,3 пайызы 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауында дауыс беруге ниетті екенін білдірген. Мұны азаматтардың саяси белсенділігі артып, елдегі өзгерістерге деген жауапкершілік сезімі күшейіп келе жатқанының белгісі деп қабылдауға болады.

Мемлекеттің қуаты – әр азаматтың белсенділігі мен жауапкершілігінде. Адам ағзасының саулығы әрбір жасушаның қалыпты жұмыс істеуіне байланысты болса, елдің тұрақтылығы да қоғам мүшелерінің ортақ іске қатысуына байланысты.

Сондықтан, мен де 23 тамыз күні өз таңдауымды жасап, азаматтық үнімді қосамын. 

Елдос МАХАМБЕТЧИН
Қарағанды қаласы №3 емхана директоры

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button