Ақсораң баурайындағы Шабанбай би ауылы туристерді тамсандыруда
Сарыарқаның сайын даласында табиғаты мен тарихы астасқан мекендер аз емес. Сондай мекеннің бірі – Қарағанды облысы Ақтоғай ауданындағы Шабанбай би ауылы. Қызыларай тауларының баурайында, Ақсораң маңында орналасқан, бүгінде 581 тұрғыны бар ауыл соңғы жылдары туристер назары ауа бастаған ерекше бағыттың біріне айналып келеді.

«Үздік» атану үміт сыйлайды
Ауылдың туристік әлеуеті соңғы жылдары арта түскен. Бұған «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы ұйымдастырған «Үздік туристік ауыл – 2025» ұлттық байқауының қорытындысы да дәлел. Байқау нәтижесінде Шабанбай би ауылы еліміздегі үздік бес туристік ауылдың қатарына енді.
Ұлттық кезеңде «үздік» деп танылған Шабанбай би ауылы енді Қазақстанның туристік әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік алды. Байқаудың ұлттық кезеңіндегі жеңімпаз ауылдар БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымы өткізетін UN Tourism Best Tourism Villages халықаралық байқауында еліміздің атынан шығады.
Табиғаты көркем, тарихы терең бұл өңірде тау туризмінен бастап, археологиялық және этнографиялық бағыттарға дейінгі бірнеше туристік бағытты қатар дамытуға мүмкіндік бар. Бір сапардың өзінде саяхатшы Сарыарқаның табиғатын тамашалап, қола дәуірінің мұрасымен танысып, Алаш қайраткерлерінің ізі қалған тарихи орындарға ат басын бұрып, ауыл тұрғындарының қонақжайлығын сезіне алады.

Ауылдың табиғи бренді
Биіктігі 1565 метрге жететін Ақсораң шыңы – өңірдің басты табиғи туристік нысанның бірі.
– Қызыларай таулары мен Ақсораң шыңы – Шабанбай би ауылының басты табиғи туристік бренді. Бұл аумақ жаяу және тау туризмін дамытуға, экологиялық бағыттар ұйымдастыруға, фото-турлар өткізуге және табиғатты тамашалауға қолайлы, – дейді Ақтоғай ауданының кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Данияр Жақсыбергенұлы.
Ауыл маңындағы Беғазы-Дәндібай мәдениетіне жататын тарихи-археологиялық нысандар Сарыарқа жерінде мыңдаған жыл бұрын өмір сүрген адамдардың тұрмыс-тіршілігі мен мәдениеті туралы сыр шертеді.
Бұл ретте Талдыбейіттің орны ерекше. Мұнда Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның әкесі Нұрмұхаммед, атасы Мырзатай, анасы Бегімай және әулет мүшелері жерленген.
Ал, Ақтоғайдан шыққан Әлімхан Ермековтің есімі де ел тарихында айрықша орын алады. Алаш қозғалысының белсенді мүшесі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш профессор-математиктің өмір жолы – жас ұрпаққа да, тарихқа қызығатын туристке де құнды мұра.
Жаңа қонақ үйлер, жаңа мүмкіндіктер
Ауылда экотуризмді дамыту жұмыстары 2008 жылдан бері біртіндеп қалыптасып келеді. 2009 жылы жеті қонақ үй тіркелген. Солардың бірі – 2014 жылы салынған «Сұлутас» қонақ үйі. Бұған қоса, 2025 жылы «Saldem» қонақ үйінің құрылысы аяқталған. Жаңа нысан 12 нөмірге есептелген.

Сонымен қатар, Ақсораң шыңының бөктерінде орналасқан бұрынғы «Арай» лагері аумағында «Ақ Барыс 777» ЖШС бастамасымен 37 орындық заманауи қонақ үй салу жоспарланып отыр. Жобаны 2027-2028 жылдары іске асыру көзделген.
Шабанбай би ауылдық округі әкім аппаратының бас маманы Мейрамгүл Қапашованың сөзіне сүйенсек, ауылға айына орта есеппен 15-20 турист келеді екен.
– Қысқы уақытта 2-3 адамнан ғана келеді. Жылына 200-220 турист қабылданады. Шетелдіктер ғана емес, қазақстандықтар да келіп, қонақ үйлерге тоқтайды. Бұл маңның табиғаты өте сұлу. Тарихи орындар да баршылық, – деді ол.
Жол бар, байланыс керек
Шабанбай би ауылы үшін ең өзекті мәселенің бірі – инфрақұрылым. Жол сапасын жақсарту, ұялы байланыс пен интернетті күшейту, санитарлық тораптар мен демалыс орындарын көбейту, туристік нысандарға апаратын жолдарды реттеу, ақпараттық көрсеткіштер мен навигация орнату – туристік ағынды арттырудың негізгі шарттары.

Ауылда ұялы байланыс мәселесі де біршама жолға қойылған. Мұнда Beeline, Altel, Activ және Tele2 желілері тұрақты жұмыс істейді. Интернет желісінің жылдамдығы 4G деңгейінде.
Шабанбай би ауылы туристік әлеуеті жоғары болғанымен, шешімін күткен мәселелер де аз емес. Ол – уақыттың еншісінде.
Аида РАХЫМҚҰЛ
«Ortalyq Qazaqstan»



