Құрылтай

Құрылтай және кәсіпкерлік: ертеңге бастар талғам

Құрылтай – халықтың бостан үнін мемлекет дамуының бағдарына айналдыратын тарихи институт. Ал, оның депутаттарын сайлау – елдің ертеңгі экономикалық әлеуетін, кәсіпкерлік ахуалын және өндірістің өрісін айқындайтын маңызды саяси белес. Әр дауыс жаңа заңдардың мазмұнына, инвестициялық ахуалға, отандық өндірушіні қолдау саясатына ықпал ететіндіктен, тағдыршешті таңдау Қазақстанның ұзақ  мерзімді дамуына қосылған азаматтық үлес деп бағамдаймыз.

Елдің ертеңін ғана емес, алдағы ондаған жылдағы дамубағытын айқындайтын шынайы шешімдердің өміршеңдігі әрдайым маңызды. Үкімет отырыстарында көтерілген басымдықтар – дәл сондай стратегиялық мәні терең мәселелерден. Ашық айтсақ, мұның өзегінде отандық кәсіпкерлікті қолдау, жергілікті өндірушінің ішкі нарықта да, сыртқы алаңда да әділ бәсекеге түсуіне жағдай жасау міндеті тұр алдымызда.

Мұндай тегеуірінді экономикалық бағдар бүгінгі саяси кезеңде тіпті айрықша мәнге ие болып отыр. Биылғы 23 тамызда қазақстандықтар алдағы бес жылда елдің экономикалық саясатының заңнамалық негізін қалыптастыратын өкілдерді сайлайды. Халық Конституциясы негізінде құрылған бір палаталы Парламент – Құрылтай депутаттарының сайлауы елдің алдағы даму жолына оң ықпал ететін маңызды саяси науқан болмақ.

Өнеркәсіппен тынысы біте қайнасқан  облыс үшін тарихи таңдау  өңір кәсіпкерлігінің келешегі мен өндірістің өркендеуіне тікелей әсер ететін жауапты шешім. Өйткені, байырқалы бастамалардың заңнамалық негізін дәл осы Құрылтай депутаттары қалыптастырады. Сондықтан, бүгінгі белсенді азаматтық ұстаным – ел экономикасының орнықты дамуына, кәсіпкерліктің нығаюына және Қазақстанның экономикалық тұрақтылығына қосылған маңызды үлес деп ой тұжырамыз. Мұнда әр дауыс – маңызды!

Өйткені, тағдыры өндіріс пен еңбекпен біте қайнасқан өркенді өңірде ірі өнеркәсіп орындарымен қаз-қатар жүздеген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері күн сайын жаңа жұмыс орындарын ашып, өзіндік өндірісін жаңғыртып, өнім түрлерін де көбейтіп, экспорттық әлеуетін әсте-әсте нығайтып келеді. Ерекше назар қосылған құны жоғары өнім шығаруға аударылмақ. Ел экономикасының болашағын айқындайтын стратегиялық бағытқа сүйенсек,  Қазақстан Республикасы ендігі жерде тек шикізат экспорттаушы мемлекет болып қалмай, халықаралық нарықта танылатын ұлттық брендтерді қалыптастыруы қажет. Осы жолда  кәсіпкерлерге қолжетімді қаржыландыру, сертификаттау рәсімдерін жеңілдету, отандық өнімді ілгерілету әрі әкімшілік кедергілерді кезең-кезеңімен кеміту секілді кешенді шаралардың ілкімді негізде іске асырылмағы абзал.

Бір маңызды қағида айқын. Бәсекелестік бәйгесі әбден қалыптасқан көзқарасқа немесе негізсіз пікірге емес, өнімнің сапасына тікелей сүйенуі тиіс. Айтпағымыз,  өндірушілерімізге жасанды артықшылық көмектеспейді. Оларға бәріне ортақ әрі түсінікті талаптар, еңбектің әділ бағалануы және нарықтағы тең мүмкіндік теңгерімді. Кейінгі уақытта аймақ кәсіпорындары машина жасау, металлургия, тамақ және жеңіл өнеркәсіп салаларында бәсекеге барынша қабілетті екенін нақты нәтижемен дәлелдеп келеді. Кәсіпорындар  қатары жылдан-жылға сыртқы нарыққа шығып, өнімдерінің сапасы мен сұранысқа ие екенін іс жүзінде көрсетуде.

Осы орайда өңірлік кәсіпкерлер палатасы алдағы уақытта да берекелі бизнесті жан-жақты сүйемелдеуді, кәсіпкерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауды және олардың тұрақты дамуына қолайлы жағдай жасауды жалғастыра түседі. Өйткені, қуатты өндіріс, бастамашыл кәсіпкерлік пен әділ бәсеке – бүгінгі Қазақстан экономикасының орнықты өсімі мен ұзақмерзімді тұрақтылығының берік іргетасы. Тарих төренің  өзі дәйектеген бір ақиқат бар. Кез келген халықтың кемел келешегі әсте кездейсоқ қалыптаспайды. Баянды болашақ әр дәуірде қабылданған шешімдерден, халықтың таңдауы мен азаматтың жауапкершілігінен құралады. Құрылтай сайлауы – сондай тағдырлы шешімдердің бірі. Мемлекет қуаты – жер қойнауындағы қазба байлықпен ғана өлшенбесе керек. Асыл мұрат  зауыттағы ерен-ғайып еңбекпен, цехтағы еңбек адамының маңдай терімен, кәнігі кәсіпкердің тәуекелімен және сол еселі еңбекті әділ заңмен қорғайтын мемлекетпен айқындалады. Сондықтан Құрылтай сайлауы – жай ғана саяси науқан емес, Қазақстанның экономикалық келешегіне, ұлттық өндірістің өркеніне және кәсіпкерліктің кемел болашағына берілетін халық сенімінің мандаты. Селкеусіз сенімнің ең үлкен өлшемі – таңдау. Себебі, ел ертеңі әр азаматтың бүгінгі таңдауынан басталады.

Ернар КҮЛПЕЙІСОВ
Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button