Болат жолдың бойында береке бар
Пойыздың ырғақты дүбірі талай адамға сапардың, үміт пен сағыныштың үніндей сезіледі. Бірі арман қуып оқуға аттанады. Бірі тірліктің қамымен жұмысқа асығады. Енді бірі туған ауылына, сағынған адамына жол тартады. Терезе сыртында белес пен бекет, күн мен түн алмасады. Ал, мыңдаған жолаушыны діттеген жеріне аман жеткізу үшін теміржолшылар тәулік бойы тыным таппайды.

Ел дамуының күретамыры
Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласын ел дамуының негізгі бағыттарының бірі деп атады. Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы орны бұл саланың маңызын еселей түседі. Ел аумағы арқылы өтетін транзит көлемі жыл сайын артып келеді.
Соңғы алты жылда Транскаспий халықаралық көлік бағытымен тасымалданған жүк көлемі бес есе өсіп, жылына 4 миллион тоннадан асты. Осы ағынды кідіріссіз өткізу үшін жаңа жолдар салынып, бұрынғы желілер кеңейтіліп жатыр.
«Достық-Мойынты» бағытындағы екінші жол – соның бір айғағы. Құрылыс аяқталғаннан кейін пойыздардың қос бағыттағы қозғалысы жеңілдеді. Желінің өткізу мүмкіндігі өсті. Қытай шекарасынан келетін жүктің елдің орталық және батыс өңірлеріне қарай жылжуына кең жол ашылды.
Бұл жұмыста Арқа өңірінің орны айрықша. Қарағанды – көмір мен кен, металл мен өндіріс өнімдерін жөнелтетін ірі аймақ. Сонымен бірге, халықаралық және республикалық теміржол бағыттары тоғысқан маңызды белдеу.
Арқадан ағылған жүк
Құрыш жолдың сапасы – қозғалыс қауіпсіздігінің басты шарты. Жолдың жайы пойыз жылдамдығына да, жүктің уақытында жетуіне де әсер етеді.
«Қазақстан темір жолы – Жүк тасымалы» ЖШС Қарағанды филиалының директоры Қанат Жұмашевтің айтуынша, биыл бөлімше аумағындағы бірқатар жол учаскесі жаңартылады.
– Жоспар бойынша 38,1 шақырым жол орташа жөндеуден өтеді. Тағы 53 шақырымға күрделі жөндеу жүргізіледі. Бұл жұмыстар қозғалыс қауіпсіздігін сақтауға және тасымалдың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған, – дейді филиал директоры.
Теміржолдағы қарқын өндірістік көрсеткіштерден де аңғарылады. Биылғы бес айда жүк айналымы бойынша техникалық жоспар 103,3 пайыз орындалған. Көрсеткіш былтырғы осы кезеңнен 22 пайыз жоғары. Вагондардың орташа тәуліктік тиелуі жоспардың 101 пайызын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 16 пайыз өскен.
Локомотив паркі де толығып келеді. Жаңаарқа пайдалану депосына тоғыз, Балқаш депосына бес, Қарағанды депосына сегіз CKD6S локомотиві берілген. Барлығы – 22 жаңа техника. Олар вагондарды сұрыптау, пойыз құрамын жасақтау және станция ішіндегі жүкті реттеу жұмыстарында пайдаланылады.
Жаңа меженің бастауы
Сарыарқадағы маңызды бекеттердің бірі – Мойынты. Былтыр «Достық-Мойынты» бағытындағы екінші жолдың құрылысы аяқталды. Қазір бұл учаскеде пойыздар екі бағытта үздіксіз қатынап жүр.
Ендігі үлкен міндет – «Мойынты-Қызылжар» жаңа теміржол желісін салу. Оның жалпы ұзындығы – 323,3 шақырым. Қанат Жұмашевтің айтуынша, шамамен 120 шақырымы Қарағанды облысының аумағымен өтеді. Жоба шеңберінде 15 жаңа станция мен бекет салу көзделген.
Жаңа желі іске қосылғанда жүк пойыздарының жолы 149 шақырымға қысқарады. Жаңаарқа торабы мен «Мойынты-Жарық» учаскесіне түсетін салмақ азаяды. Контейнерлік пойыздардың қозғалысы ширайды. Елдің батысына қарай жаңа әрі қысқа бағыт қалыптасады.
Ауқымды құрылыс рельс төсеумен ғана бітпейді. Жаңа жұмыс орындары ашылады. Шағын станциялардың тіршілігі жанданады. Жол бойындағы елдімекендерге инженерлік және әлеуметтік серпін келеді.
Жолаушы жолы тоғысқан бекет
Қарағанды – Алтай мен Атырауды, оңтүстік пен солтүстікті жалғаған ірі торап. Облыста 37 теміржол вокзалы мен 78 станция тұрақты жұмыс істейді. Жолаушылар пойызы 57 бағытта қатынайды. Соның 36-37-сі күн сайын жолға шығады.
Вокзалда да қысы-жазы адам қарасы үзілмейді. Мұнда тәулігіне орта есеппен 10 мыңға жуық адам болады. Бірі сапарға шығады. Бірі жолаушысын күтіп алады. Енді бірі жақынын шығарып салады.
Қарағанды станциясына 25 жұп жолаушылар пойызы, яғни, екі бағытты қосқанда 50 пойыз аялдайды. Бұған қоса 11 электрпойыз қатынайды. Қарағанды арқылы 23 жұп республикалық бағыттағы пойыз өтеді.
Қаладан Мәскеу, Маңғыстау, Қостанай және Балқаш бағыттарына бес жұп пойыз тікелей жолға шығады. Балқаш бағытына тұрақты және жазғы қосымша пойыз қатынайды.
– Алматы, Шымкент, Астана, Балқаш пен Жезқазған бағыттарына сұраныс жоғары. Жаз мезгілінде Бурабайға, Балқашқа, Алакөлге және Ресейге баратын жолаушылар көбейеді. Қарағанды тоғыз жолдың торабында тұрғандықтан, вокзалдағы қозғалыс жыл бойы бәсеңдемейді, – дейді Қарағанды теміржол вокзалының басшысы Шерхан Несіпбек.
Жолаушының сапары вагонға мінгенде емес, вокзал табалдырығын аттағанда басталады. Сондықтан, күту залының жайы, кассаның жұмысы, пойыз туралы мәліметтің дер кезінде берілуі маңызды.
Биыл облыстағы 10 теміржол вокзалы мен төрт жолаушылар платформасы жаңғырту жұмыстарына енгізілді. Соның ішінде, 1936 жылы салынған Ақадыр мен Мойынты вокзалдары күрделі жөндеуден өтті.
Вокзалдың жайлылығы жаңа орындықпен немесе жарқыраған залмен ғана өлшенбейді. Оның басты өлшемі – әр адамның пойызға еш кедергісіз жетуі. Қарағанды вокзалында ерекше қажеттілігі бар жолаушылар үшін төрт пандус пен бір көтергіш орнатылған. Бес кассаның бірінің терезесі төмендетіліп жасалған. Қажет болғанда вокзал кезекшілері жолаушыны қарсы алып, кассаға, күту залына және пойыз вагонына дейін алып барады.
Бұл қызметті былтыр 2380 адам пайдаланған. Биылғы алты айда 1027 жолаушыға көмек көрсетілген.
Жаңа жүйе, жас буын
Теміржол саласы уақыт талабына сай жаңарып келеді. Қарағанды бөлімшесінде E-Telegram ақпараттық жүйесі қолданылады. Қызметтік жеделхаттар мен қозғалысқа қатысты ескертулер электронды түрде жіберіледі. Бұрын қағазға басылатын вагон парақтарын цифрлық жүйеге көшіру жұмысы да басталған.
«Көкпекті-Қарағайлы» желісінде «Аймақ Rail» жобасы сынақтан өтуде. Жүйе пойыздар арасындағы аралықты реттеп, жүктемесі төмен желінің өткізу мүмкіндігін арттыруға арналған.
Жаңашылдықты алға бастайтын – жас мамандар. Өңірде 1290 жас қызметкер еңбек етеді. «ҚТЖ-ның 100 жас тұлғасы» жобасына 11 адам қатысқан. Жастар кадрлық резервіне алынған сегіз маманның бесеуі жоғары қызметке өскен.
Жолмен бірге жылжыған ғұмыр
Осынау тынымсыз тіршіліктің қайнаған ортасында, жолаушылардың амандығы мен жайлылығын күзететін – жолсеріктер. Теміржол саласында талай жыл табан аудармай еңбек етіп, осы мамандықтың ыстығы мен суығына қатар төзе білген ардагер жолсерік Гүлбаршын Серікқызы үшін пойыз үсті – тұтас бір өмір мектебі.
– Шыны керек, бүгінгі күнмен кешегі күннің арасында жер мен көктей айырмашылық бар, – деп еске алады Гүлбаршын апай.
– Кеңес дәуіріндегі пойыздарда небір алмағайып, тіпті, киноға бергісіз қызық оқиғаларды бастан өткердік. Ол кезде қазіргідей цифрландырылған қатаң жүйе жоқтың қасы. Барлық шаруа, бақылау тек адамдардың қолымен жүзеге асады. Бірде кішігірім станциялардың бірінен-бір жолаушы мінді. Үсті-басына, жүріс-тұрысына қарасаң, құдды бір қашқын секілді. Бірақ біз, жолсеріктер, жолаушыны алаламаймыз ғой, кім екенін де білместен әдеттегідей құшақ жая қарсы алып, орнына жайғастырдық. Сөйтсек, ол шалғай ауылдан мал ұрлап, дымын білдірмей ізін суытпақ болған адам екен.
Пойыз үлкен вокзалға келіп тоқтағанда, күтпеген жерден қатаң тексеріс басталады. Тәртіп сақшылары тұтас эшелонды бастан-аяқ тінтіп шығады. Тексеріс кезінде жолсеріктер бағанағы күдікті жолаушы туралы мән-жайды айтып береді. Іздеу жұмыстары басталған сәтте әлгі «қашқын» пойыз ішінен сытылып шығып үлгерген екен, алайда, көп ұзамай бәрібір құрыққа түсіпті. Осындай шытырманға толы сәттерді езу тарта еске алған Гүлбаршын Серікқызы сияқты тәжірибелі мамандардың әр сапары – бөлек бір тарих.
Қозғалысқа жан бітіргендер
Теміржолшының аясына сан түрлі мамандық сыйып тұр. Машинист пойызды қозғалысқа келтіреді. Диспетчер толассыз ағынды реттейді. Вагон қараушы сапар қауіпсіздігін тексереді. Жолсерік әр жолаушының амандығына жауап береді. Бір қарағанда, пойыз өздігінен жүйткіп бара жатқандай. Шын мәнінде, оның әр шақырымында адам еңбегі жатыр.
Кеншілер өлкесі үшін теміржолдың орны тіпті бөлек. Сарыарқа төсіндегі алып торап елдің шығысы мен батысын, оңтүстігі мен солтүстігін тұтастырып тұр. Мұнда жүк легі толастамайды. Жолаушылар ағыны да бір сәтке үзілмейді.
Әр жеткізілген жүктің артында үлкен еңбек, әр сапардың соңында асыға күткен ыстық қауышу бар. Теміржол бойындағы тіршілік бір сәтке де тоқтамайды. Ал елді елге, жерді жерге жалғаған сол қозғалысқа жан бітіретін – теміржолшылар.
Мерекелеріңізбен, құрыш жолдың шеберлері!
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



