Шет ауданының Ақадыр кентінде Теміржол көлігі қызметкерлері күніне орай «Болат жолдың батырлары» атты салтанатты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.

Салтанатты жиында жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен теміржол саласының басшылары құттықтау сөз сөйлеп, теміржолшылардың ел игілігі жолындағы адал еңбегі мен кәсіби шеберлігіне жоғары баға берді.

Сала ардагерлеріне ұзақ жылғы еңбегі үшін алғыс білдіріп, олардың жас ұрпаққа өнеге болатын еңбек жолы ерекше аталып өтті.

Іс-шара барысында теміржол саласының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар қызметкерлерге Құрмет грамоталары, Алғыс хаттар және естелік сыйлықтар табысталды.
Мерекелік шара аудан өнерпаздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен жалғасты. Көрермендерге патриоттық және халық әндері орындалып, әсерлі би қойылымдары мен музыкалық композициялар ұсынылды. Концерттік бағдарлама теміржолшылардың еңбегіне деген құрмет пен ризашылықтың жарқын көрінісіне айналды.

«Болат жолдың батырлары» атты мерекелік іс-шара теміржол саласы қызметкерлерінің қоғамдағы маңызды рөлін дәріптеп, еңбек адамын құрметтеу, саланың бай дәстүрін сақтау және ұрпақтар сабақтастығын нығайту мақсатында ұйымдастырылды.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



