Қушоқыда Теміржолшылар күні аталып өтті
Қушоқы кентінде Теміржолшылар күніне арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Салтанатты жиынға Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын қатысып, Қарағанды өңірі бойынша «Балапан Көлігі» ЖШС филиалының үздік қызметкерлерін марапаттады.

– Елдің дамуы – ең алдымен еңбекпен өлшенеді. Ал еңбектің салмағы оны үнсіз атқарып жүрген азаматтармен бағаланады. Сіздер сондай жандардың қатарындасыздар. Тәулікпен санаспай, қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығында ел игілігі үшін қызмет ету – үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап етеді. Сондықтан теміржолшы мамандығы қашанда құрметке лайық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамына құрмет көрсету – Әділетті Қазақстанның басты құндылықтарының бірі екенін үнемі айтып келеді. Сондықтан бүгінгі мереке – өз ісіне адал, ел игілігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген жандарға көрсетілген ілтипат деп білемін. Және көлік қызметкерлері күніне арналған іс-шарада өздеріңізбен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын, – деді Ерлан Құсайын.
Мерекелік бағдарлама аясында футбол жарысы, тимбилдинг және концерттік қойылымдар өтті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, кешкі сағат 20:00-де теміржолшыларға арналған мерекелік би кеші өтеді.

Теміржолшылар күніне арналған шара сала қызметкерлерінің еңбегіне құрмет көрсетіп, ұжымдық бірлікті нығайтуға бағытталмақ.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



