Шет ауданындағы Ақадыр және Мойынты теміржол станцияларындағы вокзалдарды жаңғырту жұмыстары аяқталды. Облыс әкімдігінің хабарлауынша, 1936 жылы салынған қос ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, қазіргі заманғы жайлылық, қауіпсіздік және қолжетімді талапқа сәйкестендірілді.

Ақадыр станциясы арқылы тәулігіне 38 жолаушылар пойызы қатынайды. Вокзалда кондиционерлеу жүйесі, жаңа жиһаз, электрондық ақпараттық тақта орнатылып, билет кассасы жаңартылды. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандар мен балалы ата-аналарға арналған арнайы күту бөлмелері және бейімделген санитарлық тораптар ашылды.

Мойынты станциясында вокзал ғимаратымен қатар вокзал маңы аумағы мен екі жолаушылар платформасы да жаңғыртылды. Тәулігіне 34 жолаушылар пойызы өтетін станцияда жарық әрі жайлы күту залдары, жаңа желдету және кондиционерлеу жүйелері, дауыс зорайтқыш байланыс жүйесі орнатылды. Вокзал тәулігіне 200-ден астам жолаушыға қызмет көрсетуге қауқарлы.

Жоба «Қазақстан темір жолы» компаниясының теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Жалпы Қарағанды облысында 10 теміржол вокзалы мен төрт жолаушылар платформасы жаңғырту жұмыстарымен қамтылды.
Аяулым СОВЕТ
“Ortalyq.kz”



