Қарқаралы тағы бір мәрте халықаралық спорт пен туризмнің тоғысқан алаңына айналды. Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтің 80 жылдығына арналған халықаралық BUGYLY TRAIL 2026 марафонына Қазақстанның түпкір-түпкірінен және шетелден келген жүздеген спортшы қатысып, Бұғылы тауларының күрделі соқпақтарын бағындырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы додаға 400-ден астам желаяқ қатысып, жарыс соңғы жылдардағы ең ауқымды трейл-жүгіру фестивальдерінің біріне айналды.

Қарқаралының табиғаты мен туризмін халықаралық деңгейде насихаттап келе жатқан BUGYLY TRAIL бүгінде кәсіби спортшылар мен әуесқой жүгірушілердің басын қосатын ірі спорттық оқиғаға айналды. Биыл марафон Тоқтар Әубәкіровтің 80 жылдық мерейтойына арналуы жарыстың маңызын одан әрі арттырды.
Марафонның ашылу рәсіміне Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Ильяшев мен облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының бұқаралық спорт бөлімінің басшысы Ринат Тілеубек қатысып, жарысқа жиналған спортшыларға сәттілік тілеп, бұл жарыстың бұқаралық спортты дамытудағы және өңірдің туристік әлеуетін арттырудағы маңызына тоқталды.
Биылғы дода әр деңгейдегі спортшыларға арналған бес бағыт бойынша өтті. Бір шақырымдық жарысқа жас спортшылар қатысса, бес шақырым әуесқой жүгірушілерге арналды. Shaitankol Trail бағыты бойынша 10 шақырымдық қашықтық Шайтанкөл көліне дейінгі көркем соқпақпен өтті. Bugyly Forest Trail жартылай марафонында қатысушылар 21 шақырымды еңсерсе, ең қиын сынақ – Bugyly Ultra Trail бағыты бойынша 50 шақырымдық ультрамарафон болды. Бұл бағыт Бұғылы жотасының ең көрікті жерлерін қамтып, биіктік айырмасы мың метрге жуық күрделі тау бедерімен ерекшеленді.

Марафон маршруттары Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің табиғи ландшафтарын қамтыды. Спортшылар Бұғылы жотасы, Шайтанкөл, Самал көлі, Шоқпартас, Жеті ағайын және Аюшат тауы маңындағы табиғи соқпақтармен жүгіріп өтті. Бұл бағыттар қатысушылардың тек жылдамдығын емес, төзімділігі мен тактикалық дайындығын да сынады.
Жарыс қорытындысында әр қашықтық бойынша үздіктер анықталды. Бір шақырымдық балалар жарысында Алтынбек Жайнатұлы мен Бибінұр Мүси жеңімпаз атанды. Бес шақырымда Нұрлыбек Сәлмен мен Данаия Рахим мәреге бірінші болып жетті.
12 шақырымдық жарыста Сағат Баубек пен Ирина Ковгонюк топ жарса, жартылай марафон – 21 шақырымда Нұрысбек Сексембай пен Динара Әбішева жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Ал, ең қиын саналатын 50 шақырымдық ультрамарафонда Еркебай Әкім мен Гүлжан Шакенова жеңімпаз атанды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы марапаттарға ие болды. Ал, мәреге жеткен барлық қатысушыға естелік медаль табысталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, BUGYLY TRAIL-дің басты мақсаты – бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және Қарқаралы өңірінің туристік әлеуетін халықаралық деңгейде таныту. Қатысушылар географиясының жыл сайын кеңеюі бұл мақсаттың өз нәтижесін беріп жатқанын көрсетеді.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



