Мергендік дәстүрдің мерейлі мектебі
Қарағанды облысында соңғы жылдары жамбы ату секілді бірегей ұлттық спорт түріне қызығушылық айтарлықтай артып келеді. Әсіресе жастар арасында бұл спорттың танымалдығы жоғары. Бүгінде жас спортшылар қыс мезгілінде Қарағанды қаласындағы «Қайрат» балалар мен жасөспірімдер Ұлттық ат спорты мектебінің базасында дайындалып жүр. Ал, жер аяғы кеңіген шақта жаттығулар «Қайраттың» атша бар алаңында жалғасады екен. Алайда, жазғы маусымда жат
тығу өткізетін инфрақұрылым мәселесі бүгінде күн тәртібінен түспей тұр.

Өңір спортшылары биылғы маусымда да жоғары нәтиже лерімен көзге түсті. Мамыр айында Жаңаөзен қаласында өткен ересектер арасындағы ел чемпионатында облыс құрамасы командалық есепте қола жүлдені жеңіп алды. Ал, команда мүшесі Шұғыла Дәурен жамбы атудан чемпион атанып, алтын медаль иеленді. Енді қазан айында өтетін жастармен жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатында өңір намысын
осы құраманың жас спортшылары қорғайды.
2014 жылы Ұлттық спорт федерациясының бастамасымен Жамбыл облысының Мерке ауданында еліміздің әр өңірінен екі спортшы шақырылып, жамбы атудың қыр-сырын меңгеруге арналған арнайы оқу-жаттығу
курсы ұйымдастырылған. Бұл өңірлерде жамбы ату үйірмелерін ашып, ұмыт бола бастаған ұлттық спорт түрін жаңғырту мақсатында қолға алынған бастама болатын. Осы курсты тәмамдап, біліктілігін арттырған мамандардың қатарында «Қайрат» балалар мен жасөспірімдер Ұлттық ат спорты мектебінің жаттықтырушысы Талғат Омарбаев та бар. Өзі оқуын аяқтағаннан кейін 2016 жылы аталған спорт мектебінде «Жамбы ату» үйірмесін ашып, шәкірт тәрбиелей бастады. Бүгін де бұл үйірмеде 70-тен астам жас спортшы тұрақты жаттығып жүр. Әрі республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып, өңір намысын қорғауда. Ал, 2023 жылы Қарағанды облысының Жамбы ату федерациясы құрылып, ұлттық ойынды дамытуға шындап кірісті.
– Қазір жамбы атуға қызығатын жастардың саны артып келеді. Атқа мініп, садақ атуды қалайтындар көп. Оның үстіне, тек ер балалар ғана емес, қыздарымыз да бұл спортпен белсенді айналысып, түрлі турнирлерге қатысып жүр. Алайда, негізгі мәселе – арнайы атшабардың жоқтығы. «Қайрат» спорт мектебінің ипподромы қаланың ортасында орналасқан. Бір жағында тұрғын үйлер, екінші жағында жол бар. Оның аумағы да жамбы ату жаттығуларын толыққанды өткізуге қолайсыз. Қазір уақытша «Global City» сауда орталығының артындағы ашық алаңды пайдаланып жүрміз. Ал, қыс мезгілінде спорт кешенінің ішінде дайындаламыз. Сондықтан, өңірге жабық манеж өте қажет. Спортшылардың жоғары нәтиже көрсетуі үшін олар жыл бойы үздіксіз жаттығуы тиіс. Біздің шәкірттер оқу-жаттығу жиындарына қатысып, шетелдік спортшылармен бірге тәжірибе алмасып жүр. Осындай жиындар олардың шеберлігін шыңдап, мол тәжірибе жинауына мүмкіндік беруде, – деді федерацияның жетекшісі Нұрасыл Оралхан.
2016 жылдан бастап аталған спорт түрінің ресми жарыс ережелері біріздендірілген. 2024 жылдан жарыстар Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының талаптарына сәйкестендіріліп, халықаралық ереже бойынша өткізіле бастады.

– Бұған дейін республикалық турнирлер тек «Қазақ» және «Азия» стилі бойынша өткізілетін. 2024 жылдан бастап халықаралық талаптарға сәйкес «Венгер» және «Түрік» стилі қосылды. Сонымен қатар, жарыс ережелеріне бірқатар өзгеріс енгізілді. Мәселен, атшабардың ұзындығы 150 метрден 120 метрге қысқартылды. Ал, «Корей» стилінде үш нысанның арақашықтығы бұрынғы 25-30 метрдің орнына 20 метр болып бекітілді. «Азия» стилінде мерген ат үстінде шаба отырып, өзіне берілген үш жебемен жол бойында орналасқан үш нысананы атып өтуі тиіс. Жебе нысананың дәл ортасына қаншалықты жақын тисе, соншалықты жоғары ұпай беріледі. Бұл тапсырманы орындауға әр спортшыға 12 секунд уақыт қарастырылған. Жамбы атудағы ең күрделі әрі шеберлікті талап ететін бағыт – «Қазақ» стилі. Мұнда мерген қозғалыстағы, жіпке ілінген жамбыны дәл көздеуі қажет. Нысаналар атшабардан 6, 8 және 10 метр қашықтықта орналасады. Ең жақын жамбы – қола, ортаңғысы – күміс, ал, ең алыстағысы алтын жамбы саналады. Әр нысанаға тиген жебе 5-тен 15 ұпайға дейін бағаланады. Бұл стильдің ерекшелігі – жебе санына шектеу қойылмайды. Спорт шыға берілген 12 секунд ішінде қанша рет дәл көздеп үлгерсе, сонша ұпай жинай алады, – деді Талғат Тиыштықұлы.
«Венгер» стилінде негізгі нысана атшабардың ортасына орналастырылады. Оның көлемі басқа нысаналарға қарағанда шағындау. Спортшы мәре сызығына дейін шаба отырып, дәл осы нысананы көздеуі тиіс. Бұл стильде жебе санына шектеу қойылмайды. Яғни, әр мерген уақыт аяқталғанша қалағанынша оқ атуға мүмкіндік алады.
«Түрік» жағынан орындау стилі күрделірек. Мұнда көлемі шағын үш дөңгелек нысана әртүрлі қашықтықта және әртүрлі бағытта орналастырылады. Жарыс басталғанда спортшы алдымен өзіне қараған алғашқы нысананы атады. Атшабардың ортасына жеткенде екінші нысананы көздейді. Мәреге таяған сәтте шабысын тоқтатпай, артқа бұрылып үшінші нысананы дәлдеуі қажет. Бұл стиль мергеннен жоғары дәлдікті, ат үстінде тепе-теңдікті сақтай отырып, жылдам бағдарлай білуді де талап етеді. Әр стиль бойынша жарыстар жеке өткізіледі. Спортшылар әр сайыс түріне бөлек қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер де әр стильдің нәтижесіне қарай жеке анықталады екен.
– Әр турнирде жарысқа қатысушылар арасында «Тайтұяқ» сайысын өткіземіз. Бұл – тек Қазақстанда ғана қолданылатын ерекше дәстүрлі сайыс. Әзірге ресми жарыс ережесіне енгізіліп, жеке стиль ретінде бекітілмеген. Десе де ата-бабадан қалған мұраны ұмытпай, жас ұрпаққа насихаттап келеміз. Сайыстың
шарты бойынша атшабардан екі метр қашықтықта төрт метр биіктікке тайдың тұяғын жылқының қылымен іліп қоямыз. Ат үстіндегі мерген шауып өтіп желмен тербеліп тұрған тұяқты емес, оны ұстап тұрған қылды дәл атып үзуі қажет. Бұл – үлкен дәлдік пен жоғары шеберлікті талап ететін сынақ. Тапсырманы сәтті орындаған мергенге арнайы жүлде табысталады. Өткен жылы «Тайтұяқ» сайысы алғаш рет Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының аясында көрсетілді. Ал, биыл бұл сайыс бағдарламасына енгізіле ме, жоқ па, әзірге белгісіз. Дегенмен біз ұлттық мұрамыздың ажырамас бөлігі саналатын осы дәстүрді ұмытпай, оны одан әрі насихаттап, кейінгі ұрпаққа жеткізуге күш саламыз, – деді Талғат Омарбаев.
Жамбы ату үйірмесіне шынайы қызығушылықпен келген оқушыларға жеке спорттық құрал-жабдықпен жаттығудың маңызы түсіндіріледі. Мамандар спортшының өз садағы мен жебесіне әбден бейімделуі жарыс
кезіндегі нәтижеге тікелей әсер ететінін айтады. Сондықтан, тәрбиеленушілерге жеке садақ пен карбон жебелерін өздерімен алып келу керектігін айтады.
Сонымен қатар, биылғы шілде айынан бастап жаттығу барысында қауіпсіздік талаптары күшейтіліпті. Енді барлық жас спортшыға қорғаныс шлемін киюі міндеттелген. Бұл талап алғашқы да кейбір балаларға қолайсыз көрінгенімен, жаттықтырушылар қауіпсіздік мәселесі әрдайым бірінші орында тұратынын алға
тартты.
Көпшілік жамбы атуды қаупі жоғары спорт түрі деп қабылдауы мүмкін. Алайда, бүгінде бұл бағыттағы қауіпсіздік талаптары кезең-кезеңімен күшейтіліп, халықаралық стандарттарға сай жетілдіріліп келеді. Жаттығу мен жарыс барысында қолданылатын қауіпсіздік шаралары да жыл сайын жаңартылып, спортшылардың қауіпсіздігіне басымдық берілуде. Осыған қарап-ақ, ұлттық спорттың заман талабына бейімделіп, қарқынды дамып келе жатқанын аңғаруға болады.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



