Қарағанды облысында америкалық Valley компаниясының заманауи жаңбырлатып суару машиналарын өндіруді жергіліктендіру жоспарланып отыр. Осыған байланысты «Имсталькон» зауыты мен Valley компаниясы келісімге қол қойды. Жаңа жоба Осакаров ауданына жұмыс сапары барысында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа таныстырылды.

«Евразия Инвест LTD» компаниясының құрылтайшысы Иван Георгиадидің айтуынша, бұл келісім отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді заманауи техникамен, қосалқы бөлшектермен және сапалы сервистік қызметпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, «Евразия Инвест LTD» компаниясы суармалы егіншілікті дамыту бағдарламасын іске асыруды жалғастыруда. Биыл суармалы жерлердің көлемін 10 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланған. Қазірдің өзінде егіс алқаптарына Valley компаниясының заманауи жаңбырлатып суару машиналары орнатылып жатыр. Жобаны іске асыруға қажетті негізгі материалдар Қарағанды облысынан сатып алынады, ал құрылыс-монтаж жұмыстарын жергілікті мердігер ұйымдар атқарады.

Облыс әкіміне сондай-ақ Valley компаниясының суару жүйесін басқаруға арналған цифрлық платформасы таныстырылды. Жасанды интеллект, спутниктік мониторинг және егістік алқаптарындағы датчиктердің көмегімен бұл жүйе нақты уақыт режимінде суару процесін бақылайды. Платформа топырақ пен өсімдіктердің жай-күйін талдап, дақылдардың ылғалға қажеттілігін есептейді және суару бойынша ұсынымдар қалыптастырады.

Өңір басшылығына астық қабылдау және сақтау шаруашылығын дамыту жобалары да таныстырылды. Родниковское ауылында жұмыс істеп тұрған элеватордың сақтау қуатын 50 мың тоннаға дейін ұлғайту, ал Молодёжный кентінде дәл осындай қуаттағы жаңа элеватор салу жоспарланып отыр. Бұл нысандар дәнді және майлы дақылдарды уақытылы қабылдауды, кептіруді, тазартуды және сақтауды қамтамасыз етеді.

Бұдан бөлек, компания картоп егісінің көлемін 900 гектарға дейін ұлғайтып, Родниковское ауылы мен Молодёжный кентінде заманауи көкөніс сақтау қоймаларының құрылысын жалғастыруда. Биыл мұнда жалпы сыйымдылығы 46 мың тоннаны құрайтын алты кешен салу жоспарланған.

Облыс әкімі сондай-ақ заманауи тауарлы-сүт фермасының құрылыс барысымен танысты. Иван Георгиадидің айтуынша, құрылыстың бірінші кезеңі толық аяқталған. Қазір нысан алғашқы мал басын қабылдауға дайындалуда. Мұнда агроөнеркәсіптік кешенді басқарудың бірыңғай цифрлық орталығы құрылады. Жүйе нақты уақыт режимінде өндірістік циклдің барлық кезеңдерін – егіс жұмыстарынан және суарудан бастап, сүт өндіруге дейінгі процестерді біріктіріп, цифрлық деректер негізінде барлық үдерістерді жедел басқаруға мүмкіндік береді. Бұл кәсіпорын жұмысының тиімділігін арттырады.
– Мұндай жобалар ауданға жаңа жұмыс орындарын ашуға, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі дамытуға берік негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ең бастысы, инвестор бір ғана бағытпен шектелмей, ауыл шаруашылығын кешенді түрде дамытып отыр, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



