Бүгін Ұлттық домбыра күнінде Теміртау қалалық мәдениет және демалыс саябағында “Домбырам–асыл мұрам” фестивалі өтті.

Бұл фестивальдің мақсаты да домбырада орындау өнерін сақтау мен дамыту, қаланың әрбір жастағы дарынды тұрғындарын анықтау, олардың шығармашылық әлеуетін арттыру және қарым-қатынас ортасын қалыптастыру болатын.

Соған орай саябаққа жиналған жұрт алдында фестиваль шымылдығын теміртаулық домбырашылардан құралған біріккен оркестрі Құрманғазының “Балбырауын” күйімен ашты.

Одан кейін бірінен соң бірі сахнаға көтерілген өнерпаздар домбырамен ән де айтты, күй де толғады. Атап айтқанда, “Магнитка” ардагерлердің халықтық ансамблі “Әгугай домбыра” әнін әуелетіп, “Домбыра” күйін тартса, “Жалын” ансамблі М.Әубәкіровтің “Талас” , Аянат Тәшенова мен Әмина Төкеннің дуэті Қаршыға Ахмедияровтың “Қосбасар 3” күйлерін келістіре орындады.
Сондай-ақ жеке орындаушылар Құралай Шаймерденова, Естай Исайынов, Жансұлу Нұралы, Серік Сейітқазы және тағы басқалар айтқан және тартқан халық композиторларының әндері мен күйлері фестивальді тамашалауға келген жұртшылықтың құлақ құрыштарын қандырып, көңілдерін бір серпілтіп тастады.
Ержан ИМАШ
ТЕМІРТАУ



