Қарағанды облысы мүгедектігі бар адамдарды оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз етуге арналған пилоттық жобаға қатысуда. Жаңа сервистік модель 2026 жылғы 1 шілдеден бастап жұмысын бастады. Жобаның басты ерекшелігі – техникалық құралдар істен шыққан жағдайда азаматтарды тұрақты сүйемелдеу және оларды уақытша баламамен қамтамасыз ету.

Пилоттық жобаның жұмыс тетігін түсіндіру мақсатында Қарағандыға Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығының бас директоры Сырым Нәси келді.
Жаңа жүйеге сәйкес, техникалық құрал бұзылған жағдайда азамат өтініш береді. Мамандар құралды тексеріп, жөндеу жұмыстарын ұйымдастырады. Егер жөндеу мүмкін болмаса, айырбастау қорынан уақытша пайдалануға жарамды құрал ұсынылады. Ал жаңа техникалық құрал белгіленген тәртіппен берілгенге дейін азамат сол уақытша құралды пайдалана алады. Бұл ретте қолданыстағы әлеуметтік қамтамасыз ету тәртібі өзгермейді және азаматтардың құқықтары толық сақталады.

Сырым Нәсидің айтуынша, пилоттық жоба Қарағанды, Ақтөбе және Павлодар облыстарында жүзеге асырылуда. Оның мақсаты – техникалық оңалту құралдарын жөндеу, қалпына келтіру және қайта пайдалану арқылы тиімді сервистік жүйе қалыптастыру. Бұл қажетті құралдарды уақытылы жеткізуге және олардың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жоба аясында өңірлерде техникалық құралдарды қабылдау, сервистік қызмет көрсету, жөндеу және қайта пайдалану жүйесі енгізілуде. Олардың қатарында кресло-арбалар, жүріп-тұруға арналған құралдар, балдақтар және ерекше қажеттіліктері бар адамдардың қозғалысына, өзіне-өзі қызмет көрсетуіне және қоғамдық өмірге белсенді араласуына көмектесетін өзге де құралдар бар.

Қайтарылған барлық техникалық құралдар арнайы қабылдау пункттерінде санитарлық өңдеуден өтіп, жөнделеді, қауіпсіздігі тексерілгеннен кейін қайтадан мұқтаж жандарға беріледі. Бұл күту уақытын қысқартып, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға және әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар құралдарды беру, қайтару және жөндеу процестері толықтай цифрлық форматта бақыланады.
Жоба аясында балалардың қажеттіліктеріне ерекше назар аударылады. Егер техникалық құрал баланың бойына немесе физиологиялық ерекшеліктеріне сәйкес келмесе, оны оңалту процесін үзбей мерзімінен бұрын ауыстыру қарастырылған. Алғашқы кезеңде жоба кресло-арбалар мен жүріп-тұруға арналған құралдарды қамтиды. Алдағы уақытта техникалық құралдардың тізімін кеңейту жоспарланып отыр. Пилоттық жобаға қатысу ерікті негізде жүзеге асырылады.
Қарағанды облысындағы техникалық құралдарды қабылдау, қайтару және сервистік қызмет көрсету орталығы Қарағанды қаласы, Роза Люксембург көшесі, 1а мекенжайында орналасқан. Қосымша ақпаратты тұрғындар тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінен ала алады.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



