Ермағанбет Бөлекпаев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев азаматтарды кезекті жеке қабылдауын өткізді. Кездесу барысында өңір тұрғындары күнделікті тұрмыс сапасын арттыру мен елді мекендерді дамытуға қатысты өзекті мәселелерді тікелей облыс басшысына жеткізді.

Қабылдауда абаттандыру, жол жөндеу, қоқыс шығару, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері көтерілді. Сондай-ақ тұрғындар сот шешімдерінің орындалуы мен әлеуметтік қолдау көрсетуге қатысты сауалдарын жолдады.

Өтініштердің бірі құрылыс компаниясының қызметіне қатысты болды. Тұрғындардың бірі тұрғын үй-құрылыс компаниясымен жасалған келісімшарт бұзылғаннан кейін төленген қаражатты қайтару кезінде туындаған қиындықтар жөнінде айтты.

Қабылдау барысында кәсіпкерлікті дамыту мәселелері де талқыланды. Қарағандылық кәсіпкер өңір басшысына офлайн киім дүкендерін бір цифрлық алаңға біріктіріп, олардың тауарларын ілгерілетуге және сатып алушылармен байланысын нығайтуға арналған авторлық жобасын таныстырды.

Жеке қабылдауға салалық басқармалар мен мемлекеттік органдардың басшылары қатысты. Көтерілген мәселелердің бір бөлігі қабылдау барысында шешімін тапса, қалған өтініштер жауапты мекемелердің бақылауына алынып, жан-жақты қаралатын болады.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



