Судья және сот қызметкері күні мен Қарағанды облыстық сотының 90 жылдығына арналған салтанатты іс-шара Қарағандыда жоғары деңгейде аталып өтті. С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрында ұйымдастырылған мерекелік жиынға сот жүйесінің ардагерлері, судьялар, сот саласының қызметкерлері, мемлекеттік органдардың басшылары, қоғам өкілдері мен құрметті қонақтар қатысып, өңірдегі сот төрелігінің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан бірнеше буын өкілдеріне құрмет көрсетілді. Мерейлі жиынға облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев арнайы келіп қатысты.

– Заң үстемдік еткен жерде тәртіп орнайды. Ал, тәртіп бар жерде қоғамның тұрақтылығы нығайып, азаматтардың ертеңгі күнге деген сенімі арта түседі. Бұл – Мемлекет басшысы айқындаған «Заң және тәртіп» қағидатының негізгі мәні. 90 жыл – жай ғана тарихи белес емес. Бұл бірнеше буын судьялар мен сот жүйесі мамандары жүріп өткен тағылымды жол. Бұл – мыңдаған қаралған іс, мыңдаған адам тағдыры және адамдардың өміріне әсер еткен маңызды шешімдер. Мемлекет азаматтар заңнан қорыққан кезде емес, оның әділдігіне сенген кезде ғана қуатты болады! – деді Ермағанбет Бөлекпаев өзінің құттықтау сөзінде.
Ескере кетелік, қазіргі таңда облыс аумағында 27 сот жұмыс істейді. Олардың қатарында облыстық, қалалық, аудандық және мамандандырылған соттар бар. Тек осы жылдың алғашқы үш айында аталған соттар 31,4 мың іс пен материалды қарастырып, сот жүйесіне жүктелген міндеттердің ауқымын және азаматтардың әділ сот төрелігіне деген қажеттілігін айқын көрсетті.
Бірқатар сот саласының қайраткерлері мен ардагерлері Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды. Салтанатты іс-шара барысында сот жүйесінің үздік өкілдеріне ведомстволық марапаттар, Құрмет грамоталары және төсбелгілер табысталды. Мерейтой аясында Қарағанды облыстық сотының тарихына арналған энциклопедиялық кітап жарық көрді.
Сот жүйесі қызметкерлерін өңір прокуроры Мұрат Тілеубердиев те құттықтады. Ал, Қарағанды облыстық сотының төрағасы Ерден Әріпов өз сөзінде сот билігінің беделін арттыру, оның тиімділігін жетілдіру және азаматтардың сот төрелігіне қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтетін заманауи цифрлық технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстарға назар аударды.
– Сот жүйесінің дамуында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы ерекше маңызға ие. Ол бүкілхалықтық референдумда қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Заң үстемдігі, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау сияқты конституциялық құндылықтар соттар қызметінің берік негізі әрі сот төрелігін жүзеге асырудағы басты бағдар болып қала береді, – деді ол.
Құрметті отставкадағы судья Бәтжан Қасенова отыз жыл өмірін сот төрелігін жүзеге асыру ісіне арнаған. Ол аудандық сот судьясынан бастап кассациялық алқа мүшесіне дейінгі кәсіби жолдан өтті. Оның айтуынша, соттардың мамандандырылуы құқықтық жүйенің тиімділігін арттыруға үлкен үлес қосты.
– Біздің жұмысымыз аса үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бұл тек істерді тыңдап, қараумен шектелмейді. Біз де адамбыз, әрбір тағдырды жүрегімізден өткіземіз. Сондықтан, үкім мен шешім шығарған кезде тек заң нормаларын басшылыққа алуымыз қажет, – деді сот жүйесінің ардагері. Ол әріптестеріне кәсіби абырой, мықты денсаулық және отбасылық береке тіледі.
Мерекелік шара шығармашылық ұжымдар мен өнерпаздардың қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты. Әсем ән мен сахналық қойылымдар қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мерейтойлық кештің мазмұнын айшықтай түсті.
Осылайша, тоғыз онжылдықты артқа тастаған Қарағанды облыстық соты әділеттің айнымас қағидаттарын берік ұстанып, уақыт сынынан сүрінбей өткен тағылымды жолын сәтімен жалғастырып келеді. Талай буын судьялар мен сот қызметкерлерінің ақ адал еңбегі мен биік жауапкершілігі нәтижесінде қалыптасқан бұл мектеп бүгінгі күні де қоғам сенімінің тірегіне айналып отыр. Заң үстемдігі мен адам құқығын қорғауды басты мұрат еткен сот жүйесі заман талабына сай жаңарып, әділдік пен ақиқаттың алтын арқауын үзбей келеді. Ал, мерейтойлық салтанат өткеннің өнегесін ұлықтап қана қоймай, сот төрелігінің келешекке бастар даңғыл жолына деген сенімді нығайтқан тағылымды басқосуға айналды. Өйткені, әділет салтанат құрған жерде елдің ертеңіне деген сенім де баянды болмақ.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



