Саран жастары су қоймасы жағалауын тазартты
Саран қаласында жүзге жуық жас, еріктілер және «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары бөгет маңындағы су қоймасының аумағында экологиялық сенбілік өткізді. Акция барысында қатысушылар жағалау бойын қоқыстан тазартып, тұрғындардың демалыс аймағын ретке келтірді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне қоғам назарын аудару және еріктілік қызметті дамыту.
Саран қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы Айым Қанапиянованың айтуынша, табиғатты қорғау – әрбір азаматтың ортақ міндеті.

– Қоршаған ортаның тазалығы мен экологиялық қауіпсіздік – баршамызға ортақ жауапкершілік. Мұндай шаралар табиғатты сақтауға ғана емес, жастардың азаматтық белсенділігін арттырып, туған жерге деген жанашырлық пен ұқыпты көзқарасты қалыптастыруға ықпал етеді, – деді ол.

Қатысушылардың бірлескен еңбегінің нәтижесінде су қоймасы жағалауы едәуір тазарып, демалыс аймағының көркі жақсарды. Осындай игі бастамалар жастарды маңызды қоғамдық жобаларға жұмылдырып, табиғатқа қамқорлық әр адамның жеке жауапкершілігінен басталатынын тағы бір мәрте көрсетті.

Айта кетейік, мұндай шаралар жалпыұлттық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама экологиялық мәдениетті дамытуға, тұрғындарды қоғамдық пайдалы жұмыстарға кеңінен тартуға және қоршаған ортаға деген жауапкершілікті нығайтуға бағытталған.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА



