Аймақ

Балқаштық өнертапқыштар үздік жобаларын ұсынды

Балқаш қаласында 2024 жылдың тамыз айынан бастап «Kounrad» корпоративтік қорының бастамасымен және Орталық Азияның «Еуразия» қорының (FECA) қолдауымен «Balkhash STEAM Serpini» жобасы жүзеге асырылып келеді. Осы жылдың ақпан айында жоба аясында «Science Day» фестивалі ұйымдастырылды. Фестивальге Балқаш қаласындағы барлық мектебінен командалар қатысып, өздерінің инновациялық жобаларын қорғады. Нәтижесінде, үздік деп танылған бес жобаға жалпы көлемі 1,5 млн. теңгелік грант берілді.

Суреттерді түсірген автор

Бүгінде аталған жобалар гранттық қаржыландыру алып, кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Ал, олардың алғашқы нәтижелері тамыз айында қорытындыланып, тиімділігі бағаланбақ. Қазіргі таңда бұл жобалар «Таза Қазақстан» бастамасы аясында өтіп жатқан «Balkhash Tour Fest» фестивалінде көпшілік назарына ұсынылуда.

– Егер жобалардың нәтижесі күткен деңгейден көрінсе, әр мектеп өз бастамасын тұрақты түрде жүзеге асыратын болады. Тіпті, кейбір білім ордалары өз тәжірибесін өзге қалалардағы мектептерге ұсынып, жобаны енгізу жолдарын үйретуге дайын. Біздің басты мақсатымыз – оқушылардың зерттеушілік, инженерлік және шығармашылық қабілеттерін жетілдіріп, оларды болашақ мамандықтарына ерте бейімдеу. «Balkhash STEAM Serpini» жобасының алғашқы жылында 60 млн. теңгеден астам қаражат бөлініп, қаланың жеті мектебінен 281 оқушы алты элективті курс бойынша білім алды. Осы кезеңде оқу бағдарламалары әзірленіп, тәжірибелік сынақтан өткізілді. Ал, екінші жылы да бұл жұмыстар жалғасып, жаңа бастамаларға қолдау көрсетіледі. Осы мақсатта жобаға 64 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді, – деді «Balkhash STEAM Serpini» жобасының үйлестірушісі Ерсұлтан Беркінұлы.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button