Наркескен
Өмірдің әр минуты – адам тағдыры. Аурухана дәлізіндегі үнсіздік кейде мың сөзден де әсерлі. Операциялық бөлменің есігі тарс жабылған сәтте бір отбасының үміті, бір ананың көз жасы, бір баланың арманы — дәрігер қолына аманат. Осындай жауапкершілікті отыз төрт жылдан астам уақыт бойы абыроймен арқалап келе жатқан жанның бірі – жоғары санатты хирург, медицина ғылымдарының докторы Қайрат Танабайұлы Шакеев. Бүгінде ол Қарағанды медицина университетінің профессоры, №3 көпсалалы ауруханасы хирургиялық қызметтің меңгерушісі.

Кей адамдар мамандық таңдайды. Ал, кей адамдардың өмір жолын мамандықтың өзі таңдайтын секілді. Қайрат Танабайұлы дәл сондай жандардың қатарынан. Студенттік жылдардың өзінде-ақ ол хирургияның күрделі әрі жауапты әлеміне құмарта қызығады. Неге екенін кім білсін. Өзі де білмейді. Аса бас та қатырмапты. Әйтеуір, адам ағзасының құпияларын зерттеу, сырқатпен күресу, ең қиын шешімді санаулы секундта қабылдау – мұның бәрі жас дәрігердің өз мінезін қалыптай алғандай. Әуел бастан-ақ хирургия оған тек кәсіп емес, шексіз де шетсіз ғылым кейпінде көрінгені бар-тын. Өйткені, әр операция – тың тәжірибе, әр науқас – дәріс, әр жеңіс – келесі ізденіске бастайтын сүрлеу. Содан бері өткен отыз төрт жыл ішінде ол жүздеген, тіпті, мыңдаған операция жасады. Кейбір науқастардың диагнозы әсте үмітсіз көрінгенімен, дәрежелі дәрігердің білімі мен табандылығы олардың өмірін ұзартуға бір жұтым жақсылықтай шарапатты болды.
– Асылында дәрігер тек емдеп қана қоймауы керек болар. Ол үр жаңа білімді жарата біліп, ғылымды алға жылжытуға үлес қосуы тиіс. Қайрат ағаның ұстанымы осындай, – дейді әріптестері оның ғұмырлық кредосына тоқталғанда.
Онкология – медицинаның ең күрделі саласы. Мұнда дәрігер тек аурумен емес, адамның қорқынышымен, үмітімен, кейде тағдырмен қат-қабат күреседі. Кейіпкеріміздің әріптестері оның сабырлылығын ерекше бағалайды. Күрделі жағдайларда асығыс шешім қабылдамайды дейді олар. Әрбір жайтты мұқият саралап, науқастың жағдайын жан-жақты зерттейді. Науқастар оның кәсібилігін ғана емес, адамгершілігін де жиі еске алады. Кейде дәрігердің жылы сөзі мен сенімді көзқарасы емнің бір бөлігіне айналады. Өйткені, адам алдымен үмітпен өмір сүреді.
Ол болашақ хирургтарға «медицинада ұсақ-түйек болмайды» деген қағиданы жиі қайталайды. Кейде адамның өмірі дәрігердің байқампаздығына, бір шешіміне немесе бір минутына тікелей байланысты.
– Адам өмірінде түрлі марапаттар мен атақтар болады. Бірақ, дәрігер үшін ең үлкен марапат – емделіп шыққан адамның алғысы. Адам кейде бір жұтым жақсылыққа зәру болып қалады. Ал, біздер қағылезденіп барамыз, – деп ой тұжырады Қайрат аға.
Отыз төрт жыл бойы ол операциялық шамның жарығында талай тағдыр үшін күресті. Ғылымға қызмет етті. Шәкірт тәрбиеледі. Медицинаның дамуына үлес қосты. Сөйте тұра, қарапайымдылығынан айнымай жылы сөздің өзінде жылғадағы судай шифа барын айтып жүреді шәкірттеріне. Қарағанды медицина университетінің аудиторияларында оны жүздеген студент жыға таниды.
Шәкірттері оның талапшылдығын жиі айтады. Задында, мұндай тастүйін талапшылдықтың қыр соңында үлкен қамқорлық жатқанын бәрі жете ұғынады. Себебі, ертең операциялық үстелдің жанында тұратын – сол жастар. Ал, хирургтің қатесін өмір кешірмейді. Сондықтан, профессор әр студенттің бойына ең алдымен жауапкершілік сезімін сіңіруге тырысады.
Бұл – үлкен жауапкершілік. Бір ғана хирургтің емес, тұтас ұжымның жұмысы оның назарында. Көрсетілетін медициналық көмектің сапасы, бөлімшелер арасындағы өзара байланыс, күрделі жағдайларды талқылау, бәрі – күнделікті жұмыстың бір бөлігі. Алайда, басшылық қызмет оны операциялық үстелден тым алыстатпады. Қайрат аға ең алдымен дәрігер болып қалды. Жоғары лауазым адамның мәртебесін өсіруі кәдік. Ал, дәрігердің беделін тек науқастың сенімі ғана өсіреді. Ақ халатты абзал жан тегінде мансап иесі де, миллионер болуды да көксемейтінін Қайрат Танабайұлының есіл ғұмыры дәйектеп келеді. Кейіпкеріміз осы ақиқатты терең түсінеді.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



