Аудан әкімі Бақытжан Мұқанов Қарқаралыда өткен аймақаралық «Bai Qymyz-2026» этно-гастрофестиваліне қатысып, нұрлы Нұраның абыройына асқақтатқан кәсіпкерлермен кездесті. Жүздесу барысында өңір басшысы қазақтың дәстүрлі сусынын әзірлеп, даңқын шығаруға үлес қосып жүргендерге арнайы сый-сияпаттар тарту етті.

Даңқы алысқа жайылған фестивальға Нұра ауданы атынан қатысып, іске үлкен жауапкершілікпен қарап, тынымсыз еңбек атқаруы нәтижесінде сапалы сусын әзірлеп, еліміздің үздік қымыз өндірушілері қатарынан табылған Ахмет ауылының жеке кәсіпкері Алексей Ефремовке ерекше алғыс жаудырылды. Осы айдың басында Қарқаралыда ұйымдастырылған «BaiQymyz-2026» этно-гастрофестиваль жылдың ең ауқымды мәдени-гастрономиялық оқиғаларының бірі болып тарихқа енетіні белгілі. Оған Қазақстанның әр өңірі 30 тоннадай қымыз ұсынып, 20 мыңнан астам адам дәм татты. Фестиваль қонақтары қазақ халқының бай салт-дәстүрімен, мәдениетімен танысты.

«Елдің үздік қымыз әзірлеушісі» атағын иелену үшін алдын ала іріктеу мен зертханалық тексеруден өткен 37 қатысушы бақтарын сынады. Нұра ауданының өкілі А.Ефремов солардың қатарынан табылды. Гастрофестиваль қорытындысы бойынша кәсіпкердің өніміне сарапшылар жоғары баға беріп, Алексей Ефремов «Нәтиже» компаниясының Алғыс хаты мен 250 мың теңге ақшалай сыйлығына ие болды. Ең бастысы, бұл марапат – Нұраның қымызына және оны өндіруші кәсіпкер жұмысының сапасына берілген баға.
Кездесу барысында Бақытжан Мылтықбайұлы әлеуметтік желі арқылы кәсіпкерге қолдау көрсетіп, Нұра өңіріне жұрттың назарын аударған Аида Бөстекбаева мен Серік Кәрімовке Алғыс хаттар табыс етті.
Қазіргі таңда қымыз өндіру ұлттық салт-дәстүрді сақтау тәсілі ғана емес, ауыл кәсіпкерлігін дамытудың болашағы зор бағыттарының бірі. Алексей Ефремов сияқты ынталы жандардың арқасында ұлттық сусын жаңа қарқынмен дамып, танымал брендке айналуда. Қазіргі таңда кәсіпкер конкурстың келесі кезеңіне – Астана қаласында өтетін республикалық «Bai Qymyz-2026» этно-ретрофестивальға әзірленуде.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



