АймақЖаңалықтар

Қарқаралыдағы думанда “Аққұс” бәрін шаң қаптырды

Түс ауа фестиваль алаңында ұлттық ойындардың ақтық сындары өтіп, Қарқаралы баурайындағы думанның қызуы тіптен арта түсті. Соның ішінде көпшіліктің делебесін қоздырған сайыстың бірі – тазы жарысы. Қашаннан саятшылық дәстүрімен сабақтасып, қазақы болмыстың бір бөлшегіне айналған құмай тазылар бұл күні нағыз бабын көрсетті.

Суретті түсірген автор

Бұл жарысты «Asyl qazyna» федерациясы ұйымдастырған. Аймақаралық фестиваль болғандықтан, додаға Қарқаралы ауданы мен Қарағанды облысының өзге өңірлерінен бөлек, іргелес аймақтардан да қатысушылар келді. Бас-аяғы 36 тазы бақ сынап, алты санат бойынша үздіктер іріктелді. Әр санаттан суырылып шыққан алты тазы ақтық кезеңде өзара мықтыны анықтады.

Ақтық сында облыс намысын Нұрдәулет мырзаның Найза есімді тазысы қорғады. Павлодар облысынан Ерғұлан мырзаның “Көкдауылы”, Ақмола облысынан Бірлік мырзаның “Аққұсы”, Балқаш қаласынан Ерлан мырзаның “Желбалағы”, Астана қаласынан Мейрам мырзаның “Қараханы”, Қарағанды облысынан Манас мырзаның “Көкқасқасы” бақ сынады. Кілең аңға түсіп әккіленген, бабы мен бағы келіскен тазылардың жарысы көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Ақтық сында Ақмола облысы,  Баубек ауылынан келген “Аққұс” есімді тазы алдына қара салмай, І орынды жеңіп алды. Астана қаласынан келген “Қарахан” ІІ орынға тұрақтаса, Балқаш қаласынан келген “Желбалақ” үздік үштікті түйіндеді.

Жеңімпаз тазының иесі Бірлік Уәлидің қуанышында шек жоқ. Оның айтуынша, мұндай додада топ жару – иесі үшін де, тазының бабы үшін де үлкен мәртебе.

– Қуанышымда шек жоқ. Бағы мен бабы қатар келіскен небір жүйрік тазылардың алдын орау – біз үшін үлкен мәртебе. Бұл жарысқа ұтамыз деген нық сеніммен келдік. “Аққұстың” жасы екіде. Жас болса да, аңға түсіп, бабына келген тазы, – деді Бірлік Уәли.

Тазы жарысы фестивальдің этностильдегі сипатын одан әрі айшықтай түсті. Себебі қымыз, ұлттық тағам, ән-күй, тарихи жәдігерлермен қатар, құмай тазының да төрге шығуы – қазақтың көшпенді тұрмысынан тамыр тартқан тұтас мәдениеттің көрінісі. 

Ақжігіт САҒЫНТАЙ,
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button