ҚарқаралыАймақ

Фестивальде Белдеутас қымызы ерекше бағаланды

Фестивальге алғаш рет қатысып отырған шаруашылықтардың бірі – Қарқаралы ауданы, Қасым Аманжолов ауылдық округіне қарасты Белдеутас ауылынан келген «Шыныбай» шаруа қожалығы. Қожалық өкілі Абылай Шыныбайдың айтуынша, алғашқы қатысудың өзі үлкен әсер қалдырған.

Суреттерді түсірген авторлар

– Биыл фестивальге бірінші рет қатысып отырмыз. Алған әсеріміз мол. Ұлттық тағамды ұлықтаған осындай мерекеде ақеділ ағайын қуана қымыз ішіп, дастарқаннан дәм татып, ерекше ықылас танытып жатыр. Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Осы жолға шығуға, дайындық жасауға қолдау білдірген ауыл азаматтарына мың алғыс айтамыз, – деді Абылай Шыныбай.

Оның сөзінше, «Шыныбай» шаруа қожалығы қымыз өндірісімен айналыса бастағанына биыл үшінші жыл. Дегенмен, бұл кәсіп көптен бері көңілде жүрген іс болған. Қазір шаруашылық бие сауып, табиғи қымыз дайындауды біртіндеп жолға қойып келеді.

– Қымыз өндіріп, бие сауып жатқанымызға биыл үшінші жыл болды. Бірақ бұл – көптен бері ойда жүрген, жүрек қалаған шаруа. Бәрі табиғи. Биені қолмен сауамыз, қымызды қолмен пісеміз. Дәмі де, қасиеті де сол табиғилығында деп ойлаймын. Ең бастысы – адал еңбекпен дайындалған өнім халыққа ұнаса болғаны, – деді ол.

Белдеутастан келген шаруашылық фестивальге 200 литрге жуық қымыз әкелген. Абылай Шыныбайдың айтуынша, оның түгелге жуығы көпшілікке ұсынылып, қонақтар тарапынан жылы пікір айтылған.

– Шамамен 200 литрдей қымыз әкелдік. Соның барлығы дерлік ішілді. Халық та риза, өзіміз де дән ризамыз. Қымызымызды татып көрген жұрт алғысын айтып, батасын беріп жатыр. Осындай ықыласты көргенде, еңбегіңнің еш кетпегенін сезінесің. Бұл бізге алдағы уақытта да осы істі дамытуға үлкен жігер береді, – деді Абылай Шыныбай.

Фестиваль алаңындағы мұндай шағын шаруашылықтардың белсенділігі ауылдағы дәстүрлі кәсіптің тынысын танытады. Әр күбі қымыздың артында бие сауу, жылқы бағу, өнімнің бабын келтіру, тазалығын сақтау секілді күнделікті еңбек жатыр. Ал сол еңбектің көпшілік көңілінен шығуы – ауыл адамы үшін ең үлкен марапат.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
Ақжігіт САҒЫНТАЙ

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button