АймақБұқар жырау

«Туымыз тұғырлы, Тәуелсіздігіміз ғұмырлы!» патриоттық акциясы өтті

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Бұқар жырау аудандық мәдениет үйінің бастамасымен ауданның мекеме-ұжымдары арасында «Туымыз тұғырлы, Тәуелсіздігіміз ғұмырлы!» атты патриоттық акциясы ұйымдастырылды.

Суреттерді түсірген Данияр Торжанов

Акцияның негізгі мақсаты – Мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру, жастар мен тұрғындардың бойында отансүйгіштік сезімді нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және елдік рухты көтеру.

Патриоттық шара Бұқар жырау Қалқаманұлының ескерткіші алдында бастау алды. Жиналған қатысушыларды мерекемен құттықтап, Мемлекеттік рәміздердің ел тәуелсіздігін айқындайтын қасиетті нышандар екендігі айтылды. Шара барысында Айханым Жанұзаққызы Отанға деген сүйіспеншілік пен елдік рухты дәріптейтін әсерлі өлең оқып, қатысушыларға ерекше көңіл күй сыйлады.

Одан кейін акцияға қатысушылар Ботақара кентіндегі Жыланды тауына қарай бет алды. Ақ және көк түсті футболка мен ақ бейсболка киген қатысушылар қолдарына Қазақстан Республикасының шағын жалаушаларын ұстап, бірлік пен патриотизмнің жарқын үлгісін көрсетті.

Акцияның ең маңызды сәті – Жыланды тауының басында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру рәсімі болды. Көк байрағымыздың тау төрінде желбіреуі Тәуелсіз еліміздің айбыны мен асқақ рухын айшықтап, жиналған көпшілікке ерекше әсер сыйлады.

Мемлекеттік рәміздер күніне арналған бұл тағылымды іс-шара тұрғындардың елге деген сүйіспеншілігін арттырып, ұлттың рухани құндылықтарын ұлықтауға бағытталған маңызды бастама ретінде есте қалды.

Тәуелсіздігіміз тұғырлы, көк Туымыз әрдайым биікте желбірей берсін!

Ержан ИМАШ
Бұқар жырау ауданы

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button