АймақРуханият

Аймақта алғаш рет «Әкелер форумы» өтті

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Әке мен мектеп: болашақ үшін бірге» тақырыбында тағылымы терең «Әкелер форумы» өтті. Ұрпақ тәрбиесіндегі әкенің орнын айшықтаған келелі басқосу мектеп пен ата-ана байланысын нығайтып, бала болашағына деген ортақ жауапкершілікті арттыруды мақсат етті.

Суретті түсірген автор

Форумды мектеп директоры Шырын Жұмабекова ашып, әкенің отбасы мен қоғамдағы рөліне тоқталды. Сонымен қатар, облыстағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі өкіл Перизат Қалиханқызы ізгі тілегін білдіріп, мұндай кездесулердің тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті. Форумда сөз алған спикерлер әкенің бала өміріндегі жауапкершілігі, қауіпсіздік, денсаулық және рухани тәрбие төңірегінде ой қозғады. Құқық қорғау саласының маманы Айдын Бакенов баланың тәртібі мен болашағы ең алдымен отбасындағы тәлім-тәрбиеден басталатынын айтса, дәрігер Бақытжан Қамбарханов әкенің бала денсаулығына деген жанашырлығының маңызын тілге тиек етті. Ал Ардақ Ибраев әкені «болашақтың сәулетшісі» деп атап, өнегелі ойларымен бөлісті.

– Менің балам осы мектепте бесінші жыл білім нәрімен сусындап жүр. Қазір мен өзімді полиция қызметкері ретінде емес, ең алдымен әке ретінде көремін. Сондықтан бүгінгі форумның тақырыбы өте маңызды. Себебі кез келген баланың болашағы, ең алдымен, отбасыдағы қарым-қатынас арқылы қалыптасады. Бала өзінің тәртібін алдағы өмірдегі бағыт-бағдарын отбасында қалыптастырады – дейді форумға қатысушы Айдын Бакенов.

Форумның екінші бөлімі еркін форматтағы тренингтерге ұласып, әкелер түрлі жағдаяттық тапсырмалар арқылы өзара пікір алмасты. Қатысушылар бала тәрбиесі, интернет қауіпсіздігі, отансүйгіштік, отбасылық құндылықтар секілді маңызды тақырыптарды талқылап, топтық жұмыстар жүргізді. Сонымен қатар, «2026 жылғы әке мен 1996 жылғы әкенің айырмашылығы», «Мектеп пен әке ынтымақтастығы» секілді жобалар қорғалды. Жиын барысында мектептегі «Әкелер клубының» жұмысы ерекше аталып өтті. Форумға қатысқан ата-аналар балаға тек материалдық емес, рухани қолдау да қажет екенін айтып, мектеппен бірлескен тағылымды шараларды көбейту керектігін жеткізді.

Форумға қатысушылар қазақ «Әке – балаға сыншы» екенін атады. Шынында да, әке – шаңырақтың шамшырағы, ұрпақтың бағыт берер темірқазығы. Осындай форумдар ұлт болашағын тәрбиелейтін саналы әкелер мектебінің қалыптасуына жол ашатынын айтты.

Нұрасыл АМАНЖОЛ,
ҚарҰЗУ II курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button