Қарқаралы ауданындағы Талды ауылында орналасқан №19 тірек мектебінде табиғатты аялауға бағытталған ерекше жоба жүзеге асырылуда. Республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алынған «100 түрлі гүл» бастамасы білім ордасын шағын ботаникалық баққа айналдырып келеді.

Жобаның авторы – мектеп директоры әрі биология пәнінің мұғалімі Мақсат Оспанқұлов. Бүгінде мектепте хлорофитум, бегония, шефлера, замиокулькас секілді бөлме өсімдіктерінің 70-тен астам түрі өсірілуде.
– Гүлдер – менің өмірімнің бір бөлігі. Менің өз қағидам бар: көңіл күйім болмаса – гүл егемін, көңіл күйім жақсы болса да – гүл егемін. Өсімдіктер ауаны тазартады, жайлылық сыйлайды және қамқорлық жасауға үйретеді, – дейді Мақсат Оспанқұлов.

Бұл бастама көгалдандырумен ғана шектелмейді. Жобаның негізгі мақсаты – оқушылардың табиғатқа деген жанашырлығын арттырып, өсімдіктерді күту арқылы жауапкершілікке тәрбиелеу. Сонымен қатар, балалар экология негіздерін тәжірибе жүзінде меңгеріп, өсімдіктер әлемін тереңірек зерттеуге мүмкіндік алады.

Жобаға қатысатын оқушылар топырақ дайындап, гүлдерді суарып, олардың өсу процесін бақылауда. Мұғалімдердің айтуынша, мұндай жұмыстар балалардың табиғатқа деген көзқарасын өзгертіп, тіршілік атаулыға қамқорлықпен қарауға баулиды.
Алдағы уақытта мектептегі әрбір өсімдікке арнайы QR-код орнату жоспарланған. Кодты сканерлеу арқылы гүлдің шыққан жері, күтім жасау жолдары және пайдалы қасиеттері туралы ақпарат алуға болады. Сондай-ақ өсімдіктер жөніндегі мәліметтер жинақталған арнайы анықтама әзірленбек.
Көгалдандыру жұмыстары мектеп ауласында да жалғасып жатыр. Жуырда білім ордасының дамуына үлес қосқан ұстаздарды еске алу мақсатында 14 көк шырша отырғызылды. Бұл игі іске ардагер педагогтердің туыстары қолдау көрсеткен.
Талды ауылындағы бұл бастама «Таза Қазақстан» бағдарламасының негізгі мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қоршаған ортаны көркейту ісінің нақты көрінісіне айналып отыр.
Әдемі МАДИЯРҚЫЗЫ
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ ІІ курс студенті



