Қарағандыда табиғатты қорғау мен өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған ауқымды жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Соның жарқын көрінісі ретінде облыс орталығында бой көтеріп жатқан жаңа экосаябақ аумағында кезекті жалпыхалықтық көгалдандыру акциясы ұйымдастырылды. «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында өткен игі шара барысында депутаттар мен қоғамдық ұйымдар аллеясының және аймақтар аллеясының негізі қаланып, мыңдаған көшет отырғызылды.
Экологиялық акцияға облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Кобжанов, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңестердің мүшелері, қала мен аудан әкімдері, өңірлерден келген делегациялар, кәсіпкерлер, жастар ұйымдары мен еріктілер қатысты.

Халық қалаулылары бастаманы қолдады
Бұл күні жаңа экосаябақ аумағы тағы да үлкен еңбек алаңына айналды. Әрбір қатысушы қолына күрек алып, туған жердің көркеюіне үлесін қосты. Табиғатқа жанашырлық танытып, болашақ үшін игі іс жасаған жүздеген азаматтың басын қосқан акция қоғамдағы экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы тағы бір қадам болды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуының маңызды бағыттың бірі ретінде экологиялық жауапкершілікті арттыру мәселесін үнемі көтеріп келеді. Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы бүгінде жалпыхалықтық сипат алып, еліміздің барлық аймағындағы нақты жобалар арқылы нәтижесін көрсетуде. Облыс аумағында қолға алынған жаңа экосаябақ құрылысы – осы бастаманың нақты жемісі.
Жаңа экосаябақ аумағында өткен сенбіліктің ерекшелігі – мұнда депутаттар мен қоғамдық ұйымдар аллеясының негізі қалануы. Облыстық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері арнайы белгіленген аумаққа 150 түп жапырақты ағаш көшетін екті.
Облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Кобжанов мұндай шаралардың экологиялық қана емес, қоғамдық маңызы да зор екенін атап өтті.
– Әрбір егілген ағаш – өңіріміздің келешегіне қосылған үлес. Бұл – қоршаған ортаны жақсарту, тұрғындарға қолайлы өмір сүру кеңістігін қалыптастыру және болашақ ұрпаққа жасыл мұра қалдыру жолындағы маңызды қадам. Бүгінде жаңа экосаябақ Қарағанды қаласының ең ірі қоғамдық кеңістіктерінің біріне айналып келеді. Мұнда жүйелі түрде көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. «Таза Қазақстан» акциясы табиғатты қорғау ісі мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады, – деді облыстық мәслихат төрағасы.
Шын мәнінде, депутаттардың акцияға белсене қатысуы қоғамға үлгі көрсетудің нақты көрінісі болды. Халық қалаулылары тек заң шығару немесе өкілдік қызметпен ғана шектелмей, үнемі қоғамдық маңызы бар бастамалардың бел ортасынан табылып келеді. Жаңа аллеяның бой көтеруі де осы жауапкершіліктің айғағы.
Өңірлер аллеясы – бірліктің белгісі
Экологиялық акцияға облыстың барлық қала-ауданынан арнайы делегация келді. Осы күні экосаябақ аумағында Өңірлер аллеясының да негізі қаланды.
Әр аудан мен қаладан келген өкілдер өздерімен бірге ағаш көшеттерін әкеліп, жаңа жасыл аймақтың қалыптасуына үлес қосты. Бұл өз кезегінде өңір тұрғындарының ортақ іске жұмылғанын көрсетті.
Шахтинск қаласынан келген делегация құрамында депутаттар, қоғамдық ұйым өкілдері, білім саласының қызметкерлері, еріктілер, спортшылар және белсенді жастар болды. Олар экопарк аумағына 100 түп қарағай көшетін отырғызды.
Ал, Нұра ауданынан келген 50 адамдық делегация өздерімен бірге 100 түп пирамидалық терек көшетін ала келіп, арнайы белгіленген аумаққа екті.
Бұл бастамалар өңірлер арасындағы ынтымақтастықтың және туған жерге деген жанашырлықтың жарқын үлгісіне айналды. Жалпы ауданы 200 гектарды құрайтын жаңа экопаркты қалыптастыру жұмыстары мамыр айының ортасында басталған болатын.
Аз ғана уақыт ішінде мұнда 2 мың 600-ден астам ағаш көшеті отырғызылыпты. Олардың қатарында емен, алма ағаштары, қарағай және қарағаш секілді өңір климатына бейімделген ағаш түрлері бар. Соңғы сенбілік барысында экосаябақ тағы да екі мыңнан астам жаңа көшетпен толықты.
Осылайша жаңа жасыл аймақта егілген ағаштардың саны бірнеше мыңға жетіп отыр. Ал, жыл соңына дейін мұнда барлығы 15 мың ағаш отырғызу жоспарланған. Мамандардың айтуынша, алдағы жылдары бұл аумақ өңірдегі ең ірі жасыл белдеулердің біріне айналады.
Асар рухы жаңғырған күн
Сенбілік барысында сөз сөйлеген облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев атқарылып жатқан жұмыстардың маңызына ерекше тоқталды.
– Асар – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан асыл дәстүрі. Бұл адамдардың ортақ мақсат үшін бірігіп еңбек етуінің жарқын үлгісі. Соңғы үш апта бойы облыс тұрғындары бір мақсатқа жұмылып, туған жерді көркейту жолында еңбек етіп келеді. Мұндай бастамалардың құндылығы тек егілген ағаштардың санымен өлшенбейді. Оның басты нәтижесі – азаматтардың белсенділігі мен жауапкершілігі. Кез келген саябақ ең алдымен туған жеріне жанашыр адамдардың еңбегімен қалыптасады, – деді аймақ басшысы.
Расында, жаңа экосаябақтың бүгінгі жетістігінің артында жүздеген адамның маңдай тері мен ортақ іске деген сенімі жатыр. Жаңа экосаябақ Қарағанды тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналмақ. Жоба аясында мұнда кең жаяу жүргіншілер аллеялары, велосипед жолдары, спорт алаңдары, балалар ойын кешендері мен заманауи демалыс орындары салынады.
Экосаябақта төрт көлден тұратын су каскады болады. Оның айналасы толық абаттандырылып, жағалау аймақтары мен серуендеу бағыттары жасалады. Су маңында ағаш төсеніштер, көлеңкелі демалыс орындары салынады.
Сонымен бірге, мұнда жүгіру және велосипед бағыттары, командалық спорт түрлеріне арналған алаңдар қарастырылған.
Жаңа ауданның өзегі болмақ
Құрылыс көгалдандырумен шектелмейді. Болашақта бұл аумақта әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымы дамыған жаңа тұрғын аудан қалыптасады. Жоспар бойынша мұнда жеті балабақша, бес мектеп, заманауи аурухана кешені және әлеуметтік нысандар салынбақ.
Көлік қатынасын жақсарту мақсатында ұзындығы 60 шақырымнан асатын жаңа жолдар салу көзделген. Сондай-ақ, Қарағандының оңтүстік-шығыс бөлігін Майқұдықпен жалғайтын жаңа автомагистраль құрылысы аяқталады.
Бұл өз кезегінде қаланың көлік жүктемесін азайтып, тұрғындардың қатынауын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Жоба аясында спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.
Жаңа аудан аумағында Футбол академиясы, UEFA талаптарына сәйкес келетін 12 мың орындық стадион, Мұз сарайы, жеңіл атлетика манежі, спорт мектеп-интернаты және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру орталығы салынады.
Бұл нысандар халықаралық жарыстар өткізуге мүмкіндік беріп қана қоймай, бұқаралық спорттың дамуына да серпін береді.
Қарағандыдағы жаңа экосаябақ – өңірдің экологиялық келбетін өзгертетін, тұрғындардың өмір сапасын арттыратын және болашақ ұрпақ үшін қолайлы орта қалыптастыратын кешенді бастама.
Бүгінде мұнда отырғызылған әрбір көшет ертең саялы ағашқа айналады. Ал, бүгін ортақ іске жұмылған депутаттар, қоғамдық ұйым өкілдері, жастар мен тұрғындардың еңбегі туған өлкенің көркеюіне қызмет етпек.
Депутаттар аллеясының бой көтеруі де осы жауапкершіліктің нақты көрінісі. Себебі, табиғатты қорғау – мемлекеттік бағдарламаның міндеті ғана емес, ол әр азаматтың туған жер алдындағы перзенттік парызы. Ал, Қарағандыда басталған бұл игі іс өңірдің жасыл болашағының бастауы іспетті.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



