АймақҚарағанды

Термин түзелсе, тіл түлейді

Өндірісті өңірде қазақ тілінің ғылыми-технологиялық, инженерлік-инновациялық әлеуетін дамытуға бағытталған «Сөзжасам» жобасы жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бастамасымен қолға алынған жобаның басты мақсаты – өндіріс, техника, инженерия, тау-кен, металлургия және инновациялық салаларда қолданылатын терминдерді біріздендіру, қазақ тіліндегі баламаларын ғылыми негізде жүйелеу.

Сурет ұйымдастырушылардан

Кәсіби ортада, оқу үдерісінде, өндірістік құжаттарда, техникалық нұсқаулықтарда дұрыс аударылмай жүрген, калька түрінде қолданылатын немесе мүлде қазақша баламасы қалыптаспаған атаулар аз емес. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін жоба аясында лингвист ғалымдар, тіл мамандары, жоғары оқу орындарының оқытушылары, өндіріс өкілдері, журналистер мен блогерлерден құралған сараптама тобы жұмыс жүргізуде.

– Техникалық, инженерлік, өндірістік терминдерді жүйелеу өте өзекті. Бұл бағытта тек ғалымдар ғана емес, сала мамандары, оқытушылар, журналистер, тіл жанашырлары бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Жобаның ерекшелігі – термин мәселесі тек кабинетте, сөздікпен шектеліп қарастырылмайды. Сарапшылар өндіріс ошақтарына барып, мамандармен тікелей кездеседі, нақты жұмыс үдерісімен танысады, қолданыс­тағы атауларды кәсіби ортада талқылайды. Өйткені, терминнің өміршеңдігі қағаздағы аудармамен ғана емес, оның сала мамандарына түсінікті, қолданысқа ыңғайлы болуымен өлшенеді. Былтыр 200-ден астам термин қарастырылып, калька түрінде қолданылып жүрген 130 сөз Тіл комитетіне ұсынылды. Биыл 300-ге жуық терминді сараптау көзделіп отыр. Негізгі мақсат – қазақ тілінің ғылым мен өндіріс тілі ретіндегі әлеуетін нақты іспен көрсету, – дейді «Сөзжасам» жобасының жетекшісі, облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры Алмагүл Игенова.

14 мамырда сараптама тобы Саран қаласындағы бірқатар өндіріс орындарын аралады. Олар «ККК Бетон» ЖШС бетон және темірбетон бұйымдарын өндіру зауытында, «Silk Road Electronics» тұрмыстық техника өндіру зауытында, «ТЭМПО – Қазақстан» болаттан электрмен дәнекерленген құбырлар өндіру зауытында, сондай-ақ, қазақстандық мырышталған металл бұйымдарын өндіру кәсіпорнында болды. Кездесу барысында өндіріс мамандары салада жиі қолданылатын, бірақ дұрыс аударылмай жүрген құрал-жабдық, технологиялық іс-әрекет, өндірістік процесс атау­ларына қатысты ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.

Ал, 25 мамырда сараптама тобы Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ғалымдарымен және оқытушылар құрамымен кездесті. Жиында кәсіби салаға бағыттап оқытудағы термин мәселесі, өндірістік атаулардың оқу үдерісінде қолданылуы, техникалық пәндерде кездесетін аударма қиындықтары, қазақ тіліндегі ғылыми-техникалық терминдердің сапасы талқыланды.

Университет оқытушылары кәсіби пәндерді қазақ тілінде оқыту барысында конспект, дәріс, дипломдық жұмыс, диссертация жазу кезінде қазақша баламасы қалыптаса қоймаған немесе әртүрлі нұсқада қолданылып жүрген терминдер жиі кездесетінін айтты.

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Алма Әділова термин жасауда ең алдымен, тілдік нормаға, аударма дәлдігіне және ұғымның мазмұнын дұрыс жеткізуге мән беру қажеттігін айтты. Оның пікірінше, жаңа термин тек қазақша естілуі үшін ғана емес, ғылыми ұғымды дәл беруі үшін жасалуы керек. Бұл ретте ұлттық терминологияның табиғи дамуына, қазақ тілінің ішкі заңдылығына сүйену маңызды.

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің профессоры Бектұрсын Қалиев жаңа терминдерді ғылыми негіздеп, жүйелеу бүгінгі терминолог мамандардың басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, терминжасам – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтетін, қазақ ұғымына ғылыми, өндірістік, инновациялық атау­ларды ұтымды жеткізетін ма­ңыз­ды сала.

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ғалымдары Жасұлан Атамбаев, Нұрбол Бахтыбаев, Нұрбол Хуанған кәсіби салаға бағыттап оқытудағы бірқатар қиындықтарға тоқталды. Олар термин ретінде ұғымның мағынасын толық беретін қазақ сөздерін алу, ал, кең қолданыстағы халықаралық терминдерді қазақ тілінің табиғатына сәйкес бейімдеу қажеттігін айтты.

Сараптама тобы университеттің шеберханаларымен де таныс­ты. Бұл жұмыс нақты өндірістік үдерісті көру, құрал-жабдық атауларын, технологиялық әрекеттерді, мамандыққа тән кәсіби ұғымдарды орнында зерделеу үшін маңызды болды.

– Конспект жазу барысында, дәріс кезінде, дипломдық немесе диссертациялық жұмыс әзірлегенде қазақша баламасы жоқ немесе орнықпаған терминдер жиі кездеседі. Біз осы мәселелерді университет ғалымдарымен бірге талқыладық. Алдағы уақытта 200-ге жуық сөздің тізімі қаралып, сараптамадан өтеді. Қазақ тілі ғылым мен техниканың, өндірістің де тілі бола алатынын дәлелдейтін әрі сол бағытта нақты қадам жасайтын кез келді, – дейді журналист, сараптама тобының мүшесі Айсұлтан Жақып.

Жоба аясында әлеуметтік желілер арқылы да тұрақты ақпараттық-насихат жұмыстары жүргізіліп келеді. Көпшілік тарапынан айтылған ұсыныстар, кәсіби ортада жиі кездесетін тілдік қолданыстар, сала мамандарының ескертпелері назарға алынып, сараптама тобының талқылауына ұсынылады.

Қазіргі таңда сараптама тобы тау-кен индустриясы, дәнекерлеу ісі, технологиялық процестерді автоматтандыру және басқару, электромеханикалық жабдықтарға техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, сондай-ақ, басқа да өндіріс салалары бойынша 200-ден астам терминді аударып, біріздендіру бағытында жұмыс жүргізуде. Алдағы уақытта сарапталған терминдерді Терминкомға ұсыну көзделген.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button