Жаңалықтар

Ғарышқа ғашық бір ғұмыр

Бала кезімізде «Батырлар жырын» көп тыңдап, оқып өстік. Таңқалдық, тамсандық. Патриоттық тәрбиенің негізі – осы «Батырлар жырында» тұрған сияқты. Бұрын солай болған. Қазір бәрі технологияға ауысып кетті ғой… Дегенмен, сол «Батырлар жырының» бүгінгі бір кейіпкері – Тоқтар Әубәкіров ағамыз екен.

Суреттер «Ortalyq Qazaqstan» газеті редакциясының мұрағатынан

Сынақшы-ұшқыш кезіндегі мына бір мәліметтерге көз салсақ, Тоқтар Әубәкіровке Кеңес Одағының Батыры атағы 1988 жылы 31 қазан күні берілгенін сол кездегі КСРО-ның бас газеті «Правда» жазған. Онда Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесі Төрағасының Жарлығында жаңа авиация техникасын сынау кезіндегі ерлігі мен қаһармандығы үшін Батыр атағы (№11585 Алтын медалі) және Ленин ордені берілгені жарияланған.
Журналист Талғат Сүйінбайдың мақаласында: «…Ол тұсауын кесіп өмірге қанат қақтырған 50-ден астам әскери «МИГ» ұшағының әр түрі бүгінде Ресей мен Қазақстаннан тыс, дүние жүзінің әр бұрышында, әуе мемлекеттерінің әуе күзетінде жүр.

Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровтің есімі әлемнің ең таңдаулы он сынақшы-ұшқышының тізімінде алтын әріппен үшінші қатарға жазылған.

1988 жылы Кеңес Одағында тұңғыш рет әуеде жауынгерлік ұшаққа екі мәрте жанармай құйдыру арқылы Солтүстік полюске тоқтаусыз ұшып барып-қайтқан. 1989 жылы алғашқы болып авиатасушы крейсердің алаңқайшасына «МиГ-29к» реактивті ұшақты, ұшу жолының қашықтығы кемі 600 метр аумақты талап ететін 22,5 тонналық ұшқыр ұшақты кеме палубасынан не бары 100 метрден аспанға көтеріп, үлкен шеберлікпен қайтадан дәл қондырған. Сол үшін де Гиннестің рекордтар кітабына кірген. Сынақ барысында бірде-бір «катапульта» жасамаған сынақшы-ұшқыш. Отқа оранған ұшақтардың өзін жерге аман-есен қондырған», – десе, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов: «Мынау деген кез келген ғарышкер-ұшқышыңыз сынақшы-ұшқыш бола алмайды… Сынақшы мен ұшқыштың ара-жігін ажыратып алу керек. Мәселе – олардың қызметінің сынақшылық құпиялылығында да емес, бар мәселе олардың жүрегінде. Ең алдымен, жүрек керек, жүрек!» – деп Тоқтар інісінің ерлігіне ризалығын білдіреді.

Қаламгер-журналист Мағауия Сембайдың мақаласында: «…Тәжік-ауған шекарасындағы бізге беймәлім бір шаруаға Тоқаң барады. Тікұшақпен сапарлаған. Ауғаны бар, тәжігі бар, содыры, сойқаны бар – эфирге «Аспанда Тоқтар Әубәкіров ұшып жүр, атыс-шабысты доғарыңдар» деген бұйрық жіберіпті. Тоқтар ағамызды тәу еткен ғой. Тоқаң елге оралғанша мамыражай бейбіт заман орнапты сол жерде. Сол елдің патшасы Тоқаңа таң қалыпты…» деген дерек бар.

Тоқтар ағамыздың табиғи болмысы, бар ғұмыры «жылдамдық» дейтін ұғыммен тығыз байланысты дедік. Енді батыр ағамыздың Көк жүзіндегі екінші «жылдамдығы» жайында сөз етейік.

Жалпы, «ғарыш» деген сөздің түпкі мағынасының бірі – жылдамдық. Ал, сол секундтардың синонимі болатын ғажайып ғарышты игерген адамды ғарышкер дейміз.

Тоқтар Әубәкіровтің тағы бір тамаша қыры – ғарышкерлігі. 1990 жылы ғарышкерлер құрамына алынған. Бұл жөнінде журналист Нұртөре Жүсіп: «…Тоқтардың ғарышқа ұшу кезеңі қазақтың Азаттық туралы арманының орындалуға бет бұрған уақытпен тұспа-тұс келді. Елбасымыздың күш салуымен 1991 жылғы 21 қаңтарда Тоқтар Әубәкіровтің кандидатурасы жедел түрде бекітіліп, бас-аяғы төрт айдың ішінде бүткіл дайындықтан сүрінбей өтіп, 1991 жылдың 2-10 қазаны аралығында қазақстандық бағдарлама бойынша ғарышқа жол тартты. 7 тәулік, 22 сағат, 12 минут, 40 секунд ғарыш кеңістігінде болған Тоқтар Әубәкіров тұңғыш қазақ ғарышкері атанды», – депті. Бұған қоса, Ресейдің ғарышкер-ұшқышы, Кеңес Одағының екі дүркін Батыры, ашық ғарышқа шыққан алғашқы адам Алексей Леонов: «Небары 6 айдың ішінде орасан жаттығу бағдарламаларын аса үздік бағаға тапсырып, ғарышқа шығу – кеңістік ғарыш саласында бұрын-соңды болмаған оқиға. Қазақ сынақшы-ұшқышы Тоқтар Әубәкіров ғарыш тарихында осынысымен есте қалды. Бір ғажабы, жаттығу кезінде, кейінгі мемлекеттік сынақ кезінде де, оның атына бір ескерту, болмаса сын айтылмады. Айналып келгенде, мұның бәрі де қазақ батырының бойына туа біткен дарындылығы және еңбекқорлығы ғой деп ойлаймын», – деп жоғары бағалаған. Өзге ұлт өкілінің осынау жүрекжарды ыстық лебізі, құнды пікірі де біздің батырдың тұлғалық образын толықтыра түсетіндей.

Журналист Ерсін Мұсабектің бір сұхбатында: « – Әскери ұшақпен күнде ұшып жүрген сынақшы емеспіз бе?! Ғарышқа сапарыма дейін 30 жыл ұшқыш болдым, оның ішінде 17 жыл сынақшы-ұшқыш болған маманмын ғой. Маған тек «Союз ТМ – 13» ғарыш кемесінің құрылымымен және орбитаға шығу тәртібімен танысу ғана керек болды. Сондай-ақ, мен атақ үшін емес, қазақ үшін, халқымның арманын орындау үшін ұшуға бел байладым», – дейтін батыр лебізін келтіреді. Және де ғарышқа ұшудағы басты мақсат: «…Бізде кешенді бағдарлама болатын. Жүйелі түрде жасалған маңызды жобада биотехнология, металлургия, медицина, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп салалары бойынша ғарыштық зерттеулер жүргізуді, Арал теңізінің проблемасына қатысты мәселелер қамтылды. Мен – қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер ғана емес, Арал проблемасын шешу жолдарын анықтауға түрен салған тұңғыш қазақпын. Сол сапарда Арал теңізі тұзының таралу аумағы анықталды… Бұл менің туған елге жасаған жақсылығым мен тигізген пайдамның бір парасы еді», – делініпті.

Сөз соңында батыр ағамыздың «Жастар, Намыс және Бақыт» дейтін үш ұғымға тоқталған түйінді ойларымен тәмамдағанды жөн көрдік.

Намыс жайлы бір сөзінде: «Маған Ресей: «Қиыр Шығыстың ең мықты ұшқышы!» деген баға берген. Мұның түбінде қазақтың намысы жатты. Өйткені, осы салада менен басқа сол кезде, сол аймақта бірде-бір қаракөз болған жоқ. Ол – қазақтың намысы. Біз де, қазақтар, жұмыс істей аламыз. Техниканы игере аламыз. Жасаған жұмысымыз, істеген ісіміз ешкімнен, еш ұлттан кем болмайды! – деген намыс болды менде» – деп батыл айтыпты.

Бақыт туралы Тоқтар ағаның тоқтамы: «Мен халқымды жан-тәніммен жақсы көремін. Елдің құрметін жақсы сезінемін. Қазір солардың, яғни өзім туған, өзім өскен, өзім осы жерден ғарышқа барып-қайтқан дала құшағында жүрмін. Ендеше, бұдан артық бақыттың керегі не?!» – дейді.
Дәл солай, мынау жап-жарық дүниенің баянды бақыты бұйырған батыр ағамызға мықты денсаулық, отбасына амандық-саулық, ұзақ ғұмыр тілейік!

Балаларыңыздың, ұрпақтарыңыздың қызық-қуаныштарына көп кенеліп, халқымыздың мақтанышы, тау тұлғасы болып жүре беріңіз, Батыр Аға!!!

Әлімжан ҚҰТЖАНҰЛЫ

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button