АймақҚарағанды

Іскерлік байланыстар ілгерілейді

Кеншілер астанасына еліміздің түпкір-түпкірінен кәсіпкерлер мен мемлекеттік құрылымдардың өкілдері келіп, аймақтың экономикалық және инвес­тициялық әлеуетімен танысты. Аталған шараға 40-тан астам делегат қатысып, облыс аумағындағы ірі кәсіпорындардың қызметімен, инвестициялық жобаларымен және өзара ынтымақтастық мүмкіндіктерімен кеңірек танысуға мүмкіндік алды.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Кездесудің негізгі алаңы ретінде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы таңдалды. Мұнда жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері көрмеге қойылып, қатысушылар өңірлік өндірістің алуан түрлілігіне көз жеткізді.
Облыс әкімі Ермағанбет Бө­лек­паев өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін ерекше атап өтті:

– Қарағанды облысы – қуатты өнеркәсіптік әлеуеті қалыптасқан ірі индустриялық өңір. Мұнда металлургия, машина жасау және құрылыс индустриясы қарқынды дамып келеді. Біз жаңа өндіріс­терді іске қосуға, кооперациялық байланысты кеңейтуге және инвес­тиция тартуға барлық жағдайды жасап отырмыз. Бүгінгі қол жеткізілген келісімдер ұзақмерзімді әрі өзара тиімді серіктестіктің берік негізіне айналады деп сенемін, – деді облыс әкімі.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Асқар Ғазалиев қатысушыларға өңірдің экономикалық мүмкіндіктері мен инвестициялық жобалары туралы жан-жақты баяндады. Әсіресе, CargoHUB Karaganda мультимодальды әуе хабы жобасы көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

Бұл жоба әуе, теміржол және автомобиль тасымалдарын бір жүйеге біріктіруге бағытталған және өңірдің транзиттік әлеуетін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. «Сарыарқа» әуежайының басқарма төрағасы Руслан Ғаббасов жобаның стратегиялық маңыз­дылығына тоқталды.

– CargoHUB Karaganda Еуропа мен Қытай арасындағы жүк тасымалын дамытуға жол ашады. Алты сағаттық ұшу радиусында ірі логистикалық тораптардың орналасуы шығындарды азайтып, тасымал тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Руслан Ғаббасов.

Жобаның ауқымында Cargocity агломерациясын құру жоспарланған. Әуежай аумағы шамамен 320 гектарды құрайды, және дәл осындай көлем логистикалық инфрақұрылымды дамытуға бөлінген – қоймалар, қонақүйлер, көлік және сервистік компаниялардың нысандары салынады. Сонымен қатар, жүк терминалдарының аумағы үш есеге ұлғайып, 3,5 мыңнан 10 мың шаршы метрге дейін кеңейтіледі. Биылғы қыркүйекте заманауи жанармай құю кешені іске қосылады, бұл Қазақстандағы батыс стандартына сай, Қытайдан жеткізілетін отынды пайдаланатын алғашқы әуежай нысаны болады.

Делегация мүшелері сондай-ақ, Qarmet кәсіпорнына, Saran индустриялық аймағына және өңірдегі өзге өндірістік алаңдарға ат басын тіреді. Қонақтарға жүзеге асырылып жатқан жобалар мен алдағы даму жоспарлары таныстырылды. Ақмола облысынан келген кәсіпкер Руслан Шамкенов Қарағандыға нақты іскерлік мақсатпен келгенін атап өтті.

– Мақсатым – өңірдің мүмкіндіктерімен танысу ғана емес. Туристік бизнесті дамыту үшін QazTehna компаниясынан автобус сатып алуды жоспарлап отырмын және алдағы ынтымақтастыққа да ашықпын. Осындай кездесулер жаңа серіктестер тауып, іскерлік байланысты нығайтуға зор мүмкіндік береді, – деді Руслан Шамкенов.

Кездесу қорытындысында об­лыстың кәсіпорындары мен еліміздің өзге өңірлерінен келген бизнес өкілдері арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

Ермағанбет Бөлекпаев қорытынды сөзінде өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыру мен жаңа өндірістерді іске қосу бағытындағы нақты қадамдарды атап өтті:

– Ұсынылған бастамалар мен қол қойылған меморандумдар – аймақтың инвестициялық әлеуетін арттыруға, өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға және жаңа өндірістерді іске қосуға бағытталған нақты қадамдар. Ендігі басты міндет – қол жеткізген келісімдерді уақытылы әрі тиімді жүзеге асыру, – деді әкім.

Кеншілер өлкесі жаңа жобалар мен ынтымақтастық арқылы Қазақстанның ірі индустриялық және логистикалық орталықтарының бірі ретінде өзінің стратегия­лық рөлін күшейтуді көздеп отыр.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button