АймақҚарағанды

Бизнеске талант керек пе?

Қарағандыда көктем­нің ең көп талқыланған биз­­нес-форумының бірі – SHA­NY­RAQ форумы. Бұл – Қазақстан бойынша жос­пар­­ланған жылдық тур аясындағы екінші бизнес-форум. Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында өткен форумға Қазақстаннан 450-ден астам кәсіпкер, сарапшы, топ-менеджер және шағын әрі орта бизнес өкілдері жиналып, 2026 жылдың басты сұрағын ашық талқылады. Ол – дағдарыс жағдайында биз­нес қалай өмір сүріп, бейімделіп, дамиды?

Суреттерді түсірген Дастан Жұмағалиев

Форум жыл сайын «Елдің тамыры – кәсіпкерлерде» деген философиямен өтеді. Биыл да осы идея іс-шараның негізгі өзегіне ай­налды.

Бүгінде SHANYRAQ Қазақс­тандағы кәсіпкер мәртебесін бір­тіндеп өзгертіп жатқан қозғалыс­қа айналып келеді. Форум кәсіпкер­дің тек «шағын бизнес өкілі» немесе экономиканың жеке секторы емес екенін көрсетеді. Кәсіпкерлер – жұмыс орындарын ашып, ай­мақтарды ұстап тұрған, өнді­рісті дамытып, елге инвестиция құйып, жаңа Қазақстан экономи­касын қалыптастырушылар. Бүгінде бизнестің мүлде жаңа шынайылықта жұмыс істеп жатқаны ашық айтылды. Салық жүктемесінің артуы, табыс­тылықтың төмендеуі, жарнаманың қымбаттауы.

Форумда негізгі назар тек отан­дық кәсіпкерлер мен жер­гілік­ті тәжірибеге аударылды. SHANY­RAQ сахнасында шетелдік «жұлдыз» спикерлер, батыс­тық теориялар немесе Қазақстан нарығына сәйкес келе бермейтін әмбебап кейстер жоқ. Мұнда тек Қазақстанда жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер сөз сөйлейді. Олар дағдарысты өздері бастан өткеріп, ел ішінде бизнес құрып, жергілікті нарықтың ерекшелігін жақсы түсінеді.

Биыл қатысушылардың назарын форум атмосферасы ерекше аударды. Көптеген қонақтар мен кәсіпкерлер ұлттық киіммен келді. Бұл SHANYRAQ-тың патриоттық ұстанымын және аудиторияның жобаға деген көзқарасын айқын көрсетті. Алаңда қазіргі қазақстандық кәсіпкерлік тек экономиканы ғана емес, ұлттық болмысты, мәдениетті және тамырға деген құрметті де дамытуы керек деген ой жиі айтылды. Ұйымдас­тырушылардың айтуынша, алдағы уақытта ұлттық дресс-код форум концепциясының бір бөлігіне айналуы мүмкін. Бұл – Қазақстан халықтарының бірлігі мен кәсіпкерлерді ортақ құндылықтар төңірегінде біріктірудің символы болмақ.

Форумдағы ең көп талқылан­ған тақырыптың бірі – кәсіпкерлік ойлаудың трансформациясы болды. Көптеген қатысушылар SHANYRAQ кәсіпкерлерді күнделікті «операционканың» шеңберінен шығуға көмектесетінін айтты. «Жалғыз қасқырдың тұзағы – кәсіпкердің тек өз бизнесінің ішінде қайнап, кеңірек ойламауы. Өсуді тежейтін ең үлкен фактор – осы», – деп бөлісті қатысушылар. Сондай-ақ, арзан маркетинг дәуірінің аяқталғаны туралы пікір де үлкен резонанс тудырды. Спикерлердің басым бөлігі жарнама мен клиент тарту құны кемінде екі есе өскенін айтып, бизнестің алға жылжу тәсілдерін толық өзгертуі қажет екенін жеткізді.

Панельдердің бірінде: «Егер ертең Instagram бұғатталса, не істейсіз?» деген сұрақ қойылғанда, зал іштей тынып қалды. Бұл тақырып бизнестің цифрлық тәуелсіздігі, жеке медиа, CRM-жүйелер, Telegram қауымдастықтары және клиенттік базамен тікелей жұмыс істеудің маңызын талқылауға себеп болды. «Instagram – жалға алынған территория. Бүкіл бизнесті соның ішінде қалдыру – үлкен тәуекел», – деген пікірлер айтылды. Қарағандыда ұйымдас­тырушылар кәсіпкерлік қауымдас­тықты күшейту үшін бірнеше жаңа формат енгізді.

Негізгі жаңашылдықтардың бірі – амбассадорлық бағдарла­маның іске қосылуы. Алғаш рет Қарағандыдан 26 қатысушы SHA­NY­RAQ-тың ресми амбассадоры атанды. Олар – жобаның құнды­лықтарын бөлісіп, Қазақстанның түрлі қалаларында қауымдас­тық­ты дамытуға атсалысатын кәсіпкерлер.

Форумда өз тәжірибесімен жә­не практикалық құралдарымен Адиль Тасболатов (Royal Flowers), Гүльбану Майгарина (Lanzhou), Рудольф Сукут (StarBuilding), Александр Дорошенко (Wooppay), Ерлан Әшім (Natige), Нұрхан Жұмабеков (Абай тігін фабрикасы), Тимур Дурмагамбетов (Smetahub), Айзат Алкенов (Bellady) және басқа да қазақстандық кәсіпкерлер бөлісті. Форум аясында өндіріс иелері, IT-компания басшылары, құрылыс жобаларының жетекшілері, мейрамхана желілері мен маркетинг агенттіктерінің иелері танысып, жаңа серіктестіктер мен бірлескен жобаларды талқылады.

«Мен өзімді жүз пайыз бақытты сезінемін. Өйткені, бұл форум – менің миссиямның жүзеге асуы. Бұл – жасампаздық пен өз ісіңе деген махаббат туралы. Ерлан Әшім айтқандай: «Кәсіпкер – ең алдымен Адам» SHANYRAQ – адамдар туралы жоба. Менің миссиям – адамдарды біріктіретін кеңістік құру», – дейді форумның негізін қалаушы әрі ұйымдастырушысы Маргарита Боярова.

Соңғы үш жылда форум Қазақстан мен Өзбекстанда 12 іс-шара өткізіп, 33 000-нан астам қа­тысушыны, 100-ден аса қазақстандық спикерді жинады және 100 миллионнан астам digital-қамтуға қол жеткізді. Қарағандыдан кейін форум Қазақстан бойынша турын жалғастырады. Алда – Атырау, Астана, Шымкент және Алматы қалалары.

Алуа БАҒДАТҚЫЗЫ,
ҚарҰЗУ ІІ курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button