Жаңарған жол, жаңғырған өңір
Қарағанды өңірінің көлік-логистикалық әлеуеті құрғақ цифрлар мен жай ғана төселген асфальттың жиынтығы емес. Бұл – аймақтың өндірістік тынысын ашып, туристік қазынасын еселейтін, экономикалық өрлеуге серпін беретін стратегиялық қуат көзі. Аймақтың инфрақұрылымдық бетбұрысы мен алдағы ауқымды межелері жан-жақты сараланған брифингте мамандар өңір жолдарының жаңа келбеті талқыға салынып, болашақ даму бағыттарын айқындады.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Аян Шардаттың мәлімдеуінше, биылғы жылды инфрақұрылымдық серпілістің алтын кезеңі деп атауға толық негіз бар. Жоспарлы межелердің ауқымы кең. Биыл өңірде жалпы ұзындығы 493 шақырымды құрайтын автожол желісі кешенді түрде жаңғырады.
Бұл көрсеткіш ішкі бағыттар бойынша нақты жіктелген. Оның ішінде, 190 шақырымы – халықаралық және республикалық маңызы бар ірі күре жолдар, 90 шақырымы облысішілік қатынасты реттейтін маңызды тасжолдарға тиесілі. Ал, қалған 213 шақырымы ауылдық жерлер мен қала ішіндегі тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуды, ауыл мен орталық арасындағы байланысты нығайтуды көздейді.
Жобалардың арасындағы ең іргелісі – «Саран-Шахтинск» бағытындағы 19 шақырымдық автожолдың құрылысы. Бүгінгі таңда оның 16 шақырымына заманауи талаптарға сай үш қабатты асфальтбетон төселіп, негізгі жұмыс түйінделді. Қалған 3 шақырымы жыл соңына дейін ел игілігіне берілмек. Бұл нысан кеншілер шаһары мен өндірістік орталықтар арасындағы логистикалық кедергілерді жойып, уақыт шығынын айтарлықтай азайтады.
Сонымен қатар, Шерубай-Нұра өзені арқылы өтетін көпірді қайта жаңғырту – инженерлік ойдың озық үлгісі іспетті. Іргетасы бекітіліп, тіреуіштері орнатылған бұл нысан кешенді құрылыстың беріктік эталонына айналмақ. Нұра мен Есіл өзендерінің үстінен өтетін басқа да өткелдердің жаңартылуы аймақтың транзиттік қуатын жаңа белеске көтереді.
Қарағанды – отандық индустрияның қарашаңырағы әрі негізгі қозғалтқыш күші. Осы ретте Саран қаласының индустриялық аймағын «Қарағанды-Астана» республикалық автобанымен жалғайтын 21 шақырымдық жаңа жолдың экономикалық салмағы зор. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында бой көтерген бұл жоба аймақтың өндірістік қуатын арттырып қана қоймай, өңірге инвестиция тартудың тың әрі тиімді үлгісін көрсетті.
Аян Шардаттың айтуынша, заманауи жол құрылысында қауіпсіздік пен цифрландыру қатар жүруі тиіс. Осы мақсатта «Қарағанды-Шахтинск» бағытындағы тасжолға ауыр жүк көліктерін қозғалысты тоқтатпай-ақ автоматты түрде өлшейтін интеллектуалды жүйе енгізілмек. Бұл технология жол төсемінің мерзімінен бұрын тозуын алдын алатын сенімді «цифрлық қалқанға» айналады.
Инфрақұрылымды дамыту тек тасжол салумен шектелмейді, оның экологиялық үндестігі де басты назарда. «Қарағанды-Жаңа Дубовка» бағытының бойына 3000-нан астам жасыл желек пен ағаш көшетінің отырғызылуы – урбанизация мен табиғатты қорғау тепе-теңдігінің жарқын көрінісі, жол жиегіне көрік беретін эстетикалық қадам.
Қоғамдық көлік және тасымалдау бөлімінің басшысы Қазыбек Мақышов өңірдегі жолаушылар тасымалының сапалық тұрғыдан өзгергенін алға тартты. Қазіргі уақытта облыста 36 ресми тасымалдаушы 197 тұрақты бағыт бойынша тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді. Осы ретте көлік паркін жаңарту үдерісі жоғары қарқынмен жүріп жатқанын атап өткен жөн.
Былтыр қолданысқа берілген 190 жаңа автобустың қатарын биыл тағы жүзге жуық заманауи техника толықтырмақ. Бұл тек сандық өсім емес, бұл – экологиялық таза, сығымдалған газбен жүретін, кондиционермен және арнайы пандустармен жабдықталған, мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша бейімделген жайлы көліктерге көшудің нақты көрінісі. Жаңа автобустар қалаішілік және қалааралық бағыттардағы жолаушылар ағынын реттеп, қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтереді.
Сонымен қатар, әлеуметтік жауапкершілік аясында Шахтинск қаласындағы көшелерді жарықтандыру және мектептердің маңына «ақылды» бағдаршамдар орнату жобалары қолға алынды. Бұл бастамалар өңірдегі жол қозғалысын реттеп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды қадамы болды.
Арқаның інжу-маржаны саналатын Балқаш көлінің туристік әлеуетін ашу назарда. Маусым айынан бастап іске қосылатын «Астана-Балқаш» күнделікті рейсі мен аптасына 5 рет қатынайтын «Алматы-Балқаш» әуе бағыттары ішкі туризмнің дамуына зор серпін бермек.
Мемлекеттік субсидиялаудың арқасында билет құны 16 000 теңге көлемінде тұрақты сақталады. Бұл – отандық саяхатшылар мен шетелдік қонақтар үшін таптырмас мүмкіндік. Оған қоса, теміржол бағытындағы 14 вокзал мен перрон платформаларын реконструкциялау жұмыстары қатар жүріп жатыр. Мұның бәрі жолаушылардың күту залына қадам басқан сәтінен бастап, діттеген жеріне жеткенге дейінгі жайлылығы мен қауіпсіздігін толық қамтамасыз етеді.
Қарағанды облысының көлік саласындағы реформалар тек ауқымдылығымен ғана емес, стратегиялық тереңдігімен ерекшеленеді. Қарағанды жол салудың дәстүрлі әдістерінен асып, цифрлық бақылау мен экологиялық трендтерді ұштастыра білді.
Бүгінде Сарыарқаның көлік жүйесі логистикалық тұрғыдан өзін-өзі ақтайтын, экономикалық тиімділігі жоғары біртұтас ағзаға айналды. Бұл инфрақұрылымдық серпіліс – аймақтың орнықты дамуының кепілі әрі жаңа экономикалық дәуірге бастайтын даңғыл жолы.
Аяулым ЖАНАТОВА,
ҚарҰЗУ II курс студенті



