АймақБұқар жырау

Үштөбе тірек мектебі түлектерін ұшырды

Бүгін Бұқар жырау ауданының Үштөбе тірек мектебінде Соңғы қоңырау салтанаты өтіп, оған аудан әкімі Ерлан Құсайын арнайы барып қатысты.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Өткен жылы бұл білім ордасын 36 оқушы аяқтап, оның 21-і грант иегерлері атанып, 7 оқушы Ауыл олимпиадасында облыста, ал 2 оқушы республикада жүлдегер болған еді. Енді биылғы оқу жылында оны 48 оқушы бітіріп, бәрі де ҰБТ-ға қатысатын болса, солардың арасынан Аделя Жұматова ең жоғары 130 балл жинаған.

Міне, мектеп бітіруші түлектерді және педогогикалық ұжымды осы айтулы мерекемен құттықтаған аудан әкімі Ерлан Құсайын олардың ҰБТ сынақтарын сәтті тапсырып, грант иеленіп, қалаған жоғары оқу орындарына түсулеріне тілектестігін білдірді. Сондай-ақ ол өзінің сөзінде былтыр осы Үштөбе ауылдық округі аумағындағы Атамекен аулында 150 балаға арналған жаңа мектептің салынып,пайдалануға берілгенін айтып, енді Ұлттық “Келешек мектептері” жобасы бойынша округ орталығы Үштөбе аулында салынып жатқан 300 орындық мектеп те жаңа оқу жылында есігін айқара ашып, білім алушыларды қабылдайтынын мәлімдеп, жиналған жұртшылықты бір қуантып тастады.

Бұл күнгі салтанатта соңғы қоңырау үні сыңғырлап, мектеп бітіріп отырған түлектердің өздері қоштасу сөздерін айтып, олардың ата-аналары мен ұстаздары ақ тілектерін арнады. Балғын өнерпаздардың шырқаған әндері мен билеген билері мерекенің сәнін келтірді.

Ержан ИМАШ
Бұқар жырау ауданы

Басқа материалдар

Back to top button