АқтоғайАймақ

Тарихтың түндігін түрген тұлға

Ақтоғай өңірінде ел тарихын түгендеп, туған жердің шежіресін жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосқан өлкетанушы, педагог, мәдениет қайраткері, ауданның Құрметті азаматы Тұңғышбай Мұқанның мерейлі 80 жасына арналған тағылымды рухани кеш өтті. «Тынымсыз ғұмырым» атты салтанатты шараға аудан жұртшылығы, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен өнер адамдары қатысты.

Кеш шымылдығы ерекше әсерлі театрландырылған монологпен ашылды. «Тасқа жазылған аманат» атты сахналық қойылымда көне балбал тастың тағдыры арқылы ұлт тарихы мен рухани тамыр сабақтастығы көркем бейнеленді. Дала төсіндегі үнсіз жатқан тасқа жан бітірген сахналық көрініс көрерменге туған жер тарихының тереңдігін тағы бір мәрте сезіндірді.

Мерекелік кеш барысында «Тоқырауын толқындары» ансамблінің орындауындағы «Ауылым», «Ән мекені Ақтоғай», «Ақтоғай алтын бесігім» әндері шырқалып, кеш мазмұнын байыта түсті. Көрермен қауым аудан өнерінің алтын дәуірін қалыптастырған тұлғаға зор ықыласын білдірді.

Салтанатты жиында сөз алған Ақтоғай ауданының әкімі Абылай Аманжолов мерейтой иесінің ел руханиятына сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.

– Тұңғышбай Мұқанұлы – туған жер тарихын түгендеп қана қоймай, оны халықтың рухани игілігіне айналдыра білген азамат. Ақсақалымыздың ғұмыры – ұлтқа қызмет етудің үлгісі. Ақтоғай өңірінің көне тарихын зерттеп, ұрпақ санасына сіңіру жолындағы еңбегі өлшеусіз. Мәдениет пен білім саласында, театр мен өнердің өркендеуінде қалдырған қолтаңбасы – кейінгі буынға өнеге, – деді аудан басшысы.

Сонымен қатар, аудан әкімі мерейтой иесіне аудан халқының ыстық ықыласын жеткізіп, арнайы құттықтауын табыстады. Сонымен қоса, сөз сөйлеген «Керней баба» қорының алқа мүшесі Аңсаған Марғозыұлы құттықтау сөз сөйлеп, мерейтой иесінің өлкетану саласындағы еңбегіне жоғары баға берді. Өзі ұзақ жылдар қызмет атқарған мекемелер атынан Қанат Мұсаханов мен Индира Игебек сахна төріне көтеріліп, Тұңғышбай Мұқанұлының ұстаздық, басшылық және музей саласындағы өнегелі жолына тоқталды. Олар мерейтой иесінің туған жер тарихын зерттеудегі табанды еңбегі мен кейінгі буынға қалдырған рухани мұрасын ерекше ілтипатпен жеткізді.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Кеш барысында мерейтой иесінің еңбек жолына кеңінен тоқталып, оның педагогика, мәдениет және өлкетану саласындағы қажырлы қызметі жан-жақты айтылды. Ұзақ жылдар ұстаздық етіп, аудандық агротехникалық колледжді басқарған, кейін музей саласында еңбек етіп, Сарыарқаның сайын даласындағы тарихи мұраларды жаңғыртуға атсалысқан Тұңғышбай Мұқанұлының өмір жолы көпшілікке үлгі ретінде дәріптелді.

Әсіресе, аудандық мәдениет саласын басқарған кезеңдегі еңбегі ерекше аталды. Оның бастамасымен «Тоқырауын толқындары» ансамблі жаңа деңгейге көтеріліп, фольклорлық-этнографиялық бағытта дамып, республика көлемінде танылды. Тіпті, ұжымның Венгрия Республикасында өткен КСРО мәдениеті мен өнері мерекесіне қатысуы – аудан мәдениеті тарихындағы айтулы жетістік ретінде еске алынды.

Кеш соңында көрермен назарына мерейтой иесінің өмір жолына арналған «Тынымсыз ғұмырым» атты танымдық фильм ұсынылды. Экран арқылы өткен ғұмыр белестері, туған жерге деген адалдық пен ұлт руханиятына деген жанашырлық көрермен көңілін тебірентті.

Нұрдос КӘРІМ
Ақтоғай ауданы

Басқа материалдар

Back to top button