Осы мамыр айынан Абай ауданының Топар кентінде бесқабатты 80 пәтерлі үйдің құрылысы басталды.

Жобалық-сметалық құны 4200799223,32 теңге тұратын бұл нысанға тапсырыс беруші осындағы “Топар ГРЭС” ЖШС болып табылады. Себебі мыңнан аса адам еңбек ететін бұл кәсіпорында баспанаға мұқтаж отбасылар әлі де жеткілікті. Егер осы құрылыстың бас мердігері алматылық “TANSU Konstruction” ЖШС жоспарланғандай оны биылғы желтоқсан айында пайдалануға берсе, 80 отбасы қонысмайын тойлайтын болады. Яғни бұл үйдегі 80 пәтердің 16-сы бірбөлмелі, 48-і екі бөлмелі де, тағы 16-ы үш бөлмелі екен.

– Қазір осы нысан басында жер жұмыстары жүргізілуде. Оған 19 адам мен 1 экскаватор , 1 жүк көтергіш, 1 тегістегіш техника мен қытайлық 4 “Шахман” жүк машинасы жұмылдырылып, қазылған жердің табаны тегістеліп, топырағы мен тасы сыртқа тасып шығарылып жатыр. Бір айдың көлемінде бұл жұмыстар аяқталып, үйдің құрылысы әрі қарай жалғасады, – дейді жоғарыдағы бас мердігер компанияның прорабы Ғани Ерназаров.
Ержан ИМАШ
Абай ауданы



