АймақҚарағанды

«Атадан мал қалғанша…»

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өңірде қарқынды түрде жалғасып келеді. Аталған бастама аясында Қазақстан халық партиясы облыстық филиалының мүшелері облыстық Әнет баба орталық мешітінің аумағына көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. 100 түп алма және 200 түп емен ағашын отырғызып, мешіт аумағын көгалдандыруға сүбелі үлес қосты.

Суретті түсірген автор

Партияның облыстық филиалының басшысы Халел Мақсұтов 2023 жылдан бері партия мүшелері мектептер мен балабақшалардың ауласында 125 түп ағаш еккенін атап өтті. Оның айтуынша, отырғызылған көшеттердің тек бесеуі ғана жерсінбеген. Алайда, бұл олқылықтың орны дер кезінде толтырылып, орнына қайтадан жаңа көшеттер егілген. Бүгінде барлық көшеттер көктеп, жайқалып өсіп тұрғаны атап өтілді.

– Сегіз жылдан кейін Қарағанды қаласының 100 жылдық мерейтойы атап өтіледі. Осыған байланысты өткен жылы арнайы 10 жылдық жоспар әзірлеген болатынбыз. Негізгі мақсат – жыл сайын 200 түп ағаш отырғызып, ғасырлық мерейтой қарсаңында қала тұрғындарына үлкен саябақ сыйлау. Бүгінгі акцияға күткенімізден де көп адам жиналды. Бұл – тұрғындардың туған қалаға деген жанашырлығы мен ортақ іске бейжай қарамайтынын көрсетеді. Шараның басты мақсаты – халықты игі іске жұмылдыру, қоғамды жақсылық айналасына топтастыру. Ерекшелігі сол, ағаш отырғызуға келген әр адам талға өз ата-анасының немесе жақын жандарының есімін жазып, оны сол кісілердің құрметіне арнап отырғызды. Сонымен қатар, қатысушылар егілген көшеттерді күтіп-баптап, суару жауапкершілігін де өз мойындарына алғандарын айтты, – деді Халел Мұқатайұлы.

Айта кетейік, бұл игі бастамаға қаржылық қолдау көрсеткен азаматтардың бірі – партия мүшесі, «Мамина» шұжық зауытының директоры Александр Владимирович. Отырғызылған көшеттердің күтімін өз бақылауына алып, ағаштарды аптасына екі рет тұрақты түрде суаруды ұйымдастыру жауапкершілігін өз мойнына алған. Осы мақсатта кәсіпкер өз қаражаты есебінен арнайы мамандарды жалдап, күз мезгіліне дейін көшеттерді суару жұмыстарын қамтамасыз етпек. Ал, бұл істің сапалы әрі жүйелі орындалуын Халел Мұқатайұлы тікелей қадағалайтынын жеткізді. Сонымен қатар, егер қандай да бір көшет жерсінбей, қурап қалған жағдайда, Александр Владимирович келер жылы олардың орнына қайтадан жаңа ағаш отырғызуды да өз міндетіне алған.

Аталған іс-шараға Қарағанды жоғары медициналық интерколледжінің ұстаздары да қатысып, белсенділік танытты. Оқу орнының өкілдері әрқайсысы бір-бір көшеттен отырғызып, болашақ саябақтың көгалдануына өз үлес­терін қосты. Сонымен қатар, интерколледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Әсем Байтасова бұл игі акцияға отбасымен бірге келгенін атап өтті.

– Өз басым мұндай игі іс-шаралардан қалыс қалмауға тырысамын. Қашанда осындай бастамаларға белсене қатысып, келешек ұрпақ үшін өз үлесімді қосып келемін. Бұл жолы да тек өзім емес, туыстарыммен бірге келіп, акцияға атсалыстық. Бүгінгі шараның ең бір ерекшелігі – әрбір отырғызылған талдың белгілі бір адамға, отбасына немесе жақын жандарға арналып егілгені. Яғни, өз басым әр көшетті ата-әже, әке-шешемнің атынан отырғызып, ізгі белгі қалдырдым, – деді Әсем Амангелдіқызы.

«Көзкөргендер» ардагерлер халықтық хор ұжымы да аталған акцияға арнайы қатысты. Ұжым мүшелері бұл күні алма ағаштарының көшетін отырғызып, табиғатты көркейту ісіне өз үлес­терін қосты.

– Болашақ ұрпаққа өз атымыз­дан бір белгі қалсын деген ниетпен, «Көзкөргендер» ұжымының атынан бір-бір алма ағашының көшетін отырғыздық. Қарап отырсақ, бұл шараға тек өзіміз ғана емес, немерелерін жетектеп келген ардагерлер де көптеп қатысуда. Осындай өнегелі істің өтетінін естіген бойда қуана-қуана келдік. Енді отырғызған ағаштарымыз жайқалып өсіп, осы маң балалардың шат күлкісіне толы, немерелеріміз еркін ойнап жүретін орынға айналса екен дейміз, – деді хор ұжымының мүшесі Бижамал Айтпаева.

Алдағы уақытта филиал басшысы мемлекет тарапынан арнайы жер берілсе, «Әкелер» және «Аналар» саябағын ашу бастамасын қолға алуға ниетті екенін атап өтті.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button