АймақҚарағанды

Шексіз мүмкіндікке жол ашқан бастама

«AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында ерекше білім беру қажеттіліктері бар жастарды кәсіби оқыту, жұмыспен қамту және әлеуметтік бейімдеу мәселелеріне арналған «Шексіз мүмкіндік» атты дөңгелек үстел өтті. Маңызды басқосуда мемлекеттік органдардың, білім беру және денсаулық сақтау саласының мамандары, жұмыспен қамту орталықтарының өкілдері, кәсіпкерлер, колледж директорлары, ата-­аналар мен жұмыс берушілер бас қосты.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Жиында ерекше білім беру қажеттіліктері бар 9 және 11 сынып түлектерінің бірыңғай базасын қалыптастыру, оларға кәсіби бағдар беру, оқу кезеңінде жан-жақты қолдау көрсету және кейін тұрақты жұмысқа орналастыру мәселелері жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, жастарды қоғамға бейімдеу, инклюзивті жұмыс орындарын көбейту және әрбір түлектің әлеуетін ашуға мүмкіндік жасау жолдары қарастырылды.

«AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков бұл бастама, бір реттік көмек көрсетумен шектелмейтінін атап өтті.

– Бүгінгі ортақ міндет – денсаулығына, ерекшелігіне қарамастан, әрбір жасқа мамандық алып, қабілетін ашуға қоғамда орнын табуға нақты мүмкіндік жасау. Колледждер, жұмыс берушілер мен мемлекет арасындағы меморандумдар – осы бағыттағы нақты нәтижелердің көрінісі. Бүгін өтетін дөңгелек үстелдің мақсаты – ерекше білім беру қажеттіліктері бар түлектердің болашағына қатысты өзекті мәселелерді талқылау. Биыл облысымызда 256 ерекше білім беруді қажет ететін оқушы мектеп бітіреді. Осы жастардың мамандық таңдауынан бастап, колледж бен жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін жұмысқа орналасуына дейінгі мәселелер жан-жақты қарастырылады. Бұл алаңда мәселе тек талқыланып қана қоймай, алдағы уақытта жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар беріледі. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолайлы жағдай жасау және олардың қоғамға толыққанды араласуына мүмкіндік беру – партиямыздың және мемлекетіміздің басым бағыттарының бірі, – деді ол.

Бүгінде өңірде 17 673 бала ерекше білім беру қажеттіліктеріне ие болса, олардың 16 283-і немесе 92,1 пайызы арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған. Бұл көрсеткіш инклюзивті білім берудің қолжетімділігі артып, ерекше балалардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасалғанын көрсетеді. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың басым бөлігі жалпы білім беретін мектептерде білім алады. Атап айтқанда, 8 818 бала мектептерде, 3 474 бала балабақшаларда, 1 500 бала арнайы мектеп-интернаттарда, 774 студент техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында, ал 950 бала арнайы білім беру ұйымдарында тәрбиеленіп, оқуда. 887 бала үйде білім алады.

Өңірде ерекше балаларды қолдауға арналған 32 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді. Бұл мекемелер жүздеген балаға қажетті түзету және оңалту қызметтерін көрсетеді. 2026 жылы инклюзивті білім беру аясын кеңейту жұмыстары жалғасуда.

Теміртау қаласы мен Абай ауданында балабақшалар жанынан алты арнайы топ ашылып, 54 орын құрылды. Ал, Қарағанды мен Теміртау қалаларында тоғыз арнайы сынып ашылып, тағы 78 балаға жағдай жасалды. Бұқар жырау ауданында жаңа психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде, 30 балаға оңалту қызметі көрсетіледі. 2025-2026 оқу жылында шешімін күткен мәселелер де бар. Қазіргі таңда 1 390 бала арнайы қолдаумен толық қамтылмаған. Оның ішінде, 419 бала мектепке дейінгі ұйымдарға кезекте тұрса, 688 бала арнайы білім беру ұйымдарына мұқтаж, ал, 283 бала ерте қолдау қызметтеріне қол жеткізе алмай отыр. Бұл мәселені шешу үшін қосымша 11 арнайы топ ашып, 120 орын құру жоспарланған. Инклюзивті білім берудің табысты болуы кадрлық әлеуетке де байланысты. Облыс­та 776 арнайы педагог, 567 педагог-ассистент және сегіз жеке көмекші жұмыс істейді. Дегенмен, өңірге тағы 183 арнайы педагог қажет. Бұл тапшылықты азайту үшін әкім гранттарын бөлу, қайта даярлау курстарын ұйымдастыру және мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында мамандарды оқыту көзделген. Биыл облыста ерекше білім беру қажеттіліктері бар 256 мектеп түлегі білім алуды аяқтайды. Оның 220-дан астамы колледждерде оқуын жалғастыруды жоспарлап отыр. Жалпы, Қарағанды облысындағы 51 колледжде 774 студент ерекше білім беру бағыты бойынша білім алуда. Жеті колледж арнайы білім беру бағдарламаларын әзірлеп, оқу процесін бейімдеген.

Түлектерді жұмыспен қамту бағытында да оң нәтижелер бар. Егер 2024-2025 оқу жылында 117 түлектің 31-і жұмысқа орналасса, 2025-2026 оқу жылында 154 түлектің 83-і алдын ала жұмысқа орналастырылған. 10 түлек жоғары оқу орындарында білімін жалғастыруды жоспарлап отыр. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар тек білім алып қана қоймай, түрлі халықаралық және республикалық жарыстарда жоғары жетістіктерге жетіп жүр.

Дөңгелек үстелде «AMANAT» партиясы әйелдер қанатының жетекшісі, облыстық мәслихаттың депутаты Зара Шалабаева ерекше білім беру қажеттіліктері бар жастарды қолдаудың әлеуметтік маңызына тоқталды.

– «Шексіз мүмкіндік» жобасы – тек білім мен жұмысқа орналастыру мәселесі ғана емес. Бұл – сенім, отбасыға қолдау және жастардың өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне жағдай жасау. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар колледж түлектерінің оқу аяқтағаннан кейін жұмысқа орналасуы – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Осыған байланысты мемлекеттік мекемелер, колледж директорлары, жұмыс берушілер және ата-­аналардың қатысуымен арнайы дөңгелек үстел ұйымдастырдық. Дөңгелек үстел барысында жұмыс берушілермен меморандумға қол қойылып, түлектерді нақты жұмысқа орналастыру мәселесі талқыланды. «Шексіз мүмкіндік» жобасының нәтижесінде көптеген түлектер тұрақты жұмысқа орналасады деп сенеміз, – деді ол.

Биыл Қарағанды облысында мүгедектігі бар азаматтарды еңбекке бейімдеуге бағытталған жаңа «Job Coach» жобасы іске қосылды. Жобаның мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар адамдардың қоғамға толыққанды интеграциялануына жағдай жасау. Жоба аясында үміткерлердің қабілеттері мен қызығушылықтары бағаланып, сәйкес бос жұмыс орындары іріктеледі, қажет болған жағдайда жұмыс орнында арнайы жағдайлар жасалып, кәсіби оқыту мен ұжымға бейімделуге қолдау көрсетіледі.

Дөңгелек үстелдің маңызды нәтижелерінің бірі – колледждер, жұмыс берушілер және түлектер арасында 11 үшжақты меморандумға қол қойылуы болды. Құжаттар өндірістік тәжірибеден өту, тағылымдама ұйымдастыру және түлектерді кейін жұмысқа орналастыруды көздейді. Бұл қадам ерекше қажеттілігі бар жастардың еңбек нарығына сенімді түрде енуіне жол ашады.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button