Аймақ

Қарағандыда 21 кәсіпкер жауапқа тартылды

Қарағанды облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасына бақылау күшейтілді. Өңірдегі «Шығыс», «Самал» және «Алтын Арба» базарларында арнайы мониторинг жүргізіліп, сауда заңнамасын бұзу деректері анықталды.

Сурет Сауда және интеграция министрлігінен

Тексерулер Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы аясында қолға алынған. Бұған дейін облыста баға қалыптастыру кезіндегі делдалдық схемаларды анықтау бойынша арнайы комиссия жұмыс істеген болатын. Қазіргі рейдтер – сол бақылау жұмыстарының жалғасы.

Мамандардың айтуынша, негізгі мақсат – әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын негізсіз өсіруге жол бермеу, нарықтағы ашықтықты қамтамасыз ету және тұтынушылардың құқықтарын қорғау. Тексеру барысында сауда және салық заңнамаларын бұзу фактілері тіркелді. Нәтижесінде 21 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берілді.

Жыл басынан бері Қарағанды облысында 81 бизнес субъектісі тексерілген. Әкімшілік шаралар 73 кәсіпкерге қатысты қолданылып, жалпы көлемі 2 миллион теңгеден асатын айыппұл салынған. Тексерулер көтерме жеткізушілерді, супермаркеттер мен шағын сауда орындарын қамтыды.

Уәкілетті органдар «Сауда қызметін реттеу туралы» заң талаптары барлық нарық қатысушылары үшін міндетті екенін еске салып, мұндай бақылау шаралары алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді.

Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button