Аймаққа жұмыс сапарымен экология және табиғи ресурстар министрі Ержан Нысанбаев келді
Бүгін Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында Теміртау қаласының тұрғындарымен және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездесу өткізді.

Кездесу барысында өңірдегі экологиялық ахуал, атмосфералық ауа сапасы, өндірістік кәсіпорындардың экологиялық міндеттемелері, қалдықтарды басқару және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстар талқыланды. Өңір тұрғындары өздерін толғандырған сұрақтарына жан-жақты әрі нақты жауап алды.

Өз сөзінде министр Қарағанды облысы еліміздің ірі индустриялық өңірлерінің бірі екенін атап өтті. Осыған байланысты атмосфералық ауа сапасына ерекше назар аударылып отырғанын жеткізді.

Бүгінде облыс аумағында 17 экологиялық бақылау бекеті жұмыс істейді. 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қарағанды қаласында ауа ластануының жоғары деңгейі сақталып отыр. Негізгі ластаушы көздер – өнеркәсіп кәсіпорындарының шығарындылары және жеке секторда қатты отынды пайдалану.

Осыған байланысты 2025–2030 жылдарға арналған Қарағанды облысының экологиялық мәселелерін кешенді шешу жөніндегі Жол картасы іске асырылуда. Құжат 53 іс-шараны қамтиды. Оның елеулі бөлігі «Qarmet» АҚ-мен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр.

Теміртауда өндірістік қуаттарды және газтазарту жабдықтарын жаңғырту жалғасуда. Атап айтқанда домна пештері табиғи газға көшіріліп, заманауи экологиялық талаптарға сәйкес жаңа кокстық батареялар салу және шығарындыларды онлайн-бақылаудың автоматтандырылған жүйесін енгізу жұмыстары жүргізілуде.

Министр өңірде автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жалғасып жатқанын атап өтті. Қазіргі уақытта 8 ірі кәсіпорында жүйелер жұмыс істеп, қоршаған орта жағдайы туралы мәліметтерді Ұлттық деректер банкіне нақты уақыт режимінде жіберуде.

Кездесу барысында тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бүгінде облыста 168 қоқыс полигоны жұмыс істейді, олардың 53-і ғана экологиялық талаптарға сәйкес келеді. 2025 жылы Абай және Балқаш қалаларында жаңа полигондар пайдалануға берілген.

Сонымен қатар, өңірде пластик қалдықтарын қайта өңдеу жобалары іске асырылуда. Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу деңгейі 64 пайыздан асты.
Министр рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою жұмыстары да жалғасып жатқанын айтты. 2025 жылы ғарыштық мониторинг нәтижесінде анықталған 587 заңсыз қоқыс орнының барлығы дерлік жойылған.
Кездесу барысында министр «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы экологиялық акциялар мен көгалдандыру жұмыстары туралы да айтылды. Көктемгі екі айлық аясында өңірде 25 мыңнан астам адам табиғатты қорғау шараларына қатысқан.
Сондай-ақ министр Теміртау қаласының айналасында жасыл белдеу құру жобасын қайта жандандыру мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, бұрын әзірленген жобалар қаржыландырудың болмауына байланысты тоқтатылған. Қазіргі таңда бұл бастаманы «Qarmet» АҚ-мен бірлесіп қайта іске асыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Кездесуден кейін өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг ұйымдастырылып, министр журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Жұмыс сапары аясында Ерлан Нысанбаев «Qarmet» АҚ өндірістік нысандарын аралап, кокстық батареялар құрылысының және №3 домна пешін жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА



