Жаңалықтар

Қаламын қаруға алмастырып…

Қарағандыдағы қазақ журналистикасының қара- шаңырағы – «Орталық Қазақстан» газеті орналасқан Баспасөз үйінің 5-қабатына көтерілсеңіз – оң жақтан «ХХ ғасырдың 20 редакторы» деп аталып кеткен басылымның өз тарихында бас редактор болған қаламгерлердің фотогалереясы бірден көз тартады. Ал, сол қапталда Екінші дүние­жүзілік соғысқа қатысқан Жауынгер журналистердің стенді редакция ұжымының газет тарихы туралы том-том кітап шығарумен қатар өркениетті елдердің үлгісімен ардақты азаматтарының фотосуреттерін іліп қоюы да көрегендік деп білер едік.

Суреттерде: редакцияда ор­натылған жауынгер журналис­тер стенді, «Память народа» сай­ты­нан алынған қаламгерлер Әли­хан Сүлейменов пен Дәуіт Сәрсембековтің фотосуреттері

Жауынгер журналистерге арналған стенді 1985 жылы «Ұлы Жеңістің 40 жылдығы құрметіне» сол кездегі бас редакторымыз Тілеухан Жүсіповтің тікелей басшылығымен қолға алынған болатын. Ол кезде соғысқа қатысқан біраз ардагерлердің көзі тірі, немесе олармен қатар отырып қалам сермеген азаматтар да бар еді. Сондықтан естеліктер жазып, газет архивінен немесе майдангерлердің отбасынан фотосуреттер жинау үлкен қиын бола қоймаған шығар. Естеліктердің бастамасын қарымды қаламгер Қағазбек Сәденов ағамыз бастаған. Оның 1985 жылғы қаңтар айында газеттің үш нөміріне ұласқан «Жауынгер журналистер» деп аталған жазбалары біз үшін, яғни, газет тарихын жазуды жалғастырушылар үшін баға жетпес азық болғаны сөзсіз. Қағазекең өзіне тән стильмен соғыс басталған уақыт пен соғыстан кейін ұжымның қандай майдангерлермен толықтырылғанын көркем бейнелейді:

«Неміс-фашистері тиіспеу туралы шарт жасаса тұрып, советтік Отанымызға 1941 жылғы 22 июньге қараған түнді жамылып келіп, тұтқиылдан шабуыл жасады. Көп кешікпей облыстық партия комитетінің ұсынысы бойынша Зәріп Қосыбаев екеуміз меншікті тілші болып, ол – Балқашқа, мен – Жезқазғанға аттанып кеттік.
Содан мен редакцияның шақыруымен 1942 жылдың бастап­қы кезінде оралдым. Редакция­да төрт-бес-ақ қаламгер Кеңес Үсебаев, Қали Садықов, партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі Мәди Сәрсембаев, әдеби қызметкер Оспанбай Орынтаев және Аллажар Теміржанов қана қалыпты. Жігіттердің көбі: Хамит Қабдиев, Әлихан Сүлейменов, әдеби қызметкерлер Ғалиақпар Мұсағұлов, Айташ Омаров, Төлеу Балмағамбетов, меншікті тілші Зәріп Қосыбаев, тілшілер бөлімінің меңгерушісі Дәуіт Сәрсембеков, тілмаш Мінәж Жармұхамметов, газет шығарушылар Құдыш Сүлейменов, Ғалымқажы Абдуллин, «Қарағанды комсомолы» газетінің редакторы Асқар Смайылов, сол редакцияның секретары Құрманжан Қасымжанов, бөлім меңгерушісі Балпау Сүлейменов майданға жүріп кетіпті. Көбі өздері арыз жазып тіленіп кеткен. Зәріп Қосыбаевтың сылтымасы болатын еді. Әйтсе де разрядты спортшы өз өтініші бойынша аттаныпты. Ақшыл дидарлы болған соң Майдашты құрбылары «ақ Майдаш» деп атап кеткен еді. Редакциядағы құрбылары Дина, Айтжамал, Жәкен, Жәміштер әскери медсестралар даярлайтын оқуға Қарағандының топты қыздарымен бірге Майдашты да пойызға шығарып салған.

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

Газетшілердің бүгінгі ұрпағы қан майданға аттанған қаламгерлерді әрдайым құрметтеп, еске алып отырды. 2011 жылы газеттің 80 жылдық торқалы тойына арнап шығарған «Орталық Қазақстан – 80 жыл: бұрын, кеше және бүгін» деген анықтамалық кітабымызда соғысқа кетіп, майданнан оралмаған қаламгерлердің біразының өмірбаяндары табылмай тізім ретінде бере салғанбыз. Олар: әдеби қызметкерлер Кәрім Аймағамбетов, Төлеу Балмағамбетов, Ғалиақпар Мұсағұлов және «Қарағанды комсомолы» газетінің редакторы Асқар Смайыловтар болатын. Ол кезде соғыста қаза болып, немесе хабарсыз кеткен адамдар туралы деректер жинау қияметтің қияметі еді. Қазір заман өзгерді. Ресей архивтері ашылып, Интернеттегі «Память народа» сайтынан мақаланы жазу барысында сол азаматтарды іздестірдім. Біраз деректер таптым да.

Кәрім Аймағамбетов аты қалың қазақ үшін қайғы-мұңға толы 106-шы атты әскер дивизиясына тап болған екен. Бұл дивизия 1942 жылы мамыр айында Харьков түбіндегі қиян-кескі ұрыста кеңестік қолбасшылардың стратегиялық қателіктерінен шабуылға шығып, немістердің дайындап жатқан қарсы шабуылына тап болып, қоршауда қалады. Тірі қалғандары шамалы. Сайтта осыдан басқа дерек жоқ. (Дивизия туралы толығырақ ақпарат алу үшін «Новый вестик» газетінде 2025 жылғы 2 сәуірде жарияланған «Дивизия, пропавшая без вести» деген мақаланы қараңыздар).

Төлеу Балмағамбетов 1918 жылы Тельман ауданы Елтай ауылдық кеңесінде дүниеге келген. 1939 жылы әскерге алынады да шешесі Рысжан Балмағамбетоваға 1941 жылы 11 қыркүйекте Солтүстік-Батыс майданда хабар-­ошарсыз кетті деген қара қағаз келеді.

Ғалиақпар Мұсағұлов да майданда оққа ұшады. Бірақ ана екеуіндей емес, көмілген жері белгілі. Ол Қарқаралы ауданының Көктас ауылының тумасы. Сталинград үшін шайқастарға қатысып, «Сталинградты қорғағаны үшін» деген медальға ие болады. Кіші лейтенант шеніне жетеді. 1945 жылы 21 наурызда Польшада, Гданск қаласы маңында қаза тауып, Ковал деревнясына жерленеді.

Асқар Смайылов туралы деректер әлі де болса күмәнді. Сайтта тура осындай азамат майданда алған ауыр жарадан 574 госпитальда қайтыс болып, Краснодар өлкесі, Абинская станциясында жерленді делінген. Бірақ оның қай жерде туғаны, қай жерден әскерге шақырылғаны белгісіз. Іздестіруді жалғастыра беруіміз керек.

Қан майданда қаза болған өзге жауынгеріміздің соғысқа дейінгі өмірбаяндық деректерін біз сол кітапта келтіргенбіз. «Қарағанды комсомолы», «Советтік Қарағанды» және Қарқаралы аудандық газеттерінде қызмет еткен Зәріп Қосыбаевтың тағдыры туралы аудандық және облыстық газеттерде талай жазылды. Оның ерлігін командирлері марапат қағазында былай сипаттайды. «В наступаюшем бою 20.02. 1945 года в районе Прискуле тов Косыбаев, находясь в боевых порядках 1-стрелковой роты в рукопашной схватке с врагами погиб смертью храбрых…» Осы ерлігі үшін I дәрежелі Отан соғысы орденіне ұсынылады. Латвияның Лиепая ауданы Прискуле қаласында жерленген.

Ақмола облысының (сол кездегі) Рузаев ауданы Шұқыркөл ауылында туып, газетімізде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы міндеттерін атқарған кіші лейтенант Хамит Қабдиев 1944 жылдың 5 қарашасында Венгрияның Чоп қаласын азат ету үшін ұрыста ерлерше қаза табады. Сол ерлігі және үлгілі әскери қызметі үшін қайтыс болған соң I дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталады. Марапат қағазы сайтта сақталған.

Өкінішке орай, Шет ауданы «Ортау» совхозы жерінде туған, газетіміздің мәдениет және насихат бөлімдерін басқарған, көптеген әдеби сын мақала авторы Кәржан Дәукенов туралы сайтта ешқандай дерек жоқ болып шықты. Дегенмен, кітапта жазылғандай, ол 1943 жылы Қара теңіз флотында лейтенант шенінде қызмет етіп, кемесі суға батып, қаза болған. Ал, Шымкент қаласында туып, «Оңтүстік Қазақстан», Алматыда «Түрксіб», «Әдебиет майданы», Балқаш қалалық газет-журналдарын шығарысқан Әлихан Сүлейменовтен соғыстан кейін ешбір хабар болмағандықтан «майданда қаза тапты» деп қате беріппіз. Ресей сайттарын қарай отырып, оның 2-Қиыр Шығыс майданында әскери қызмет атқарғанын, «Тревога-Дабыл» деген әскери газеттің қазақ тіліне аудармашысы болғанын анықтадық. «За боевые заслуги» медалімен наградталған. Интернеттен оның соғыстан кейін «Қазақстан пионері» газеті редакторының орынбасары болып жұмыс істегенін, орыс жазушыларының бірнеше кітаптарын қазақ тіліне аударғанын білдік. 1957 жылы қайтыс болады. Суреті де беріліпті.

Соғыс аяқталар тұста жара­ланған жауынгер-журналис­тер бір­­тіндеп редакцияға орала бас­тайды. Осыны Қағазекең өз естелігінде бір абзацқа сыйғызып, бізге былай жеткізеді:
«Жауынгерлер жеңіспен оралып келіп жатты. Біздің редакция да құлпырды. Майдангер журналистер: газетіміздің шаңырақ көтеру жылдары кезіндегі қызметкері, Польшаны азат етуге де қатысқан, әскери саяси қызметкер Ғалымбек Нәдіров, бұрын Қарқаралы аудандық газетінде редактор болған Тойбек Әбжалелов, өзіміздің Мінәж Жармұхамметов, Құрманжан Қасымжанов, Квантун армиясын талқандасқан Құдыш Сүлейменов, Қиыр Шығыста әскери «Дабыл» газетінің тілшісі Ғалымқажы Абдуллин, байырғы қызметкеріміз, күлдіргі мінезді Айташ Омаров, бұрын басқа газеттерде қызмет атқарып, майданға аттанған, Европаның бірнеше елін фашистерден азат ету ұрыстарына қатысқан, жауынгерлік ордендердің иегері, әскери саяси қызметкер, капитан Өмірзақ Өкішев, Семей газетінде қызмет атқарып жүріп, майданға аттанған Омар Ноғайбаев, алматылық азамат Ғинаят Әбділханов, өзіміздің Егіндібұлақ ауданының комсомолы тәрбиелеген, соғыс жарақатынан айыққан Шарапат Абаев, майдандағы саяси қызметкер, бұрынғы мұғалім, Ульянов ауданының азаматы Ахмедия Әлғожин, Қарағандының белгілі педагогі Қалжан Тұңғышбаев, жас жауынгер, математик Емберген Омаров, Кызыл Ту орденді зеңбірекші, бұрынғы заң қызметкері Тілеубай Нұрмағамбетов, Ленинград майданының жауынгері, ақын Мардан Оспанов, талапты жас жауынгер Файзолла Кендібаев, Ұлы Жеңіс күндері алдында қазіргі ГДР-дің бір селолық мекенінде коменданттық қызмет атқарған, немісше сөйлеп, жаза білетін аға лейтенант, әскери саяси қызметкер, бірнеше жауынгерлік орденінің иегері Мұхаметбек Нұртазин, бұрын темір жол газетінде қызмет еткен майдангер, Совет Одағының Батыры Мәншүк Мәметовамен майданға қатысқан аға лейтенант Шүкіржан Сыздықов, өз газетіміздің бұрынғы қызметкерлерінің бірі  – Бүркіт Ысқақов, офицер Махмет Кемелбаев, майдангер ақын, шахтер Орынбай Аймағамбетов, «Киров» крейсерінің кіші офицері Нұрғали Сыздықовтар келіп, редакция коллективін толықсытып жіберді. Қызмет те дүрілдеді. Өз редакциямызда ерте жылдарда қызмет атқарып, кейін басқа салада еңбек етіп жүрген майдангер офицерлер Әлкей Диқанбаев, Пісбек Жұманов­тар да қара шаңырағын сыйлап, ауық-ауықта келіп жүретін…».

Осы майдангерлердің фотосуреттері «Жауынгер журналистер» стендіне ілініп, қысқаша өмірбаяндары аталған анықтама кітап­қа енгізілді. Редакцияның белді журналистері: Мағауия Сембай, Масғұт Халиоллин, Амантай Сағындықов, Базарбай Мұстафин, Ермағамбет Лұқпанов, Серік Сексенұлы, Сүйіндік Жанысбай, осы жолдар авторы, т.б. соғыс ардагерлеріне арнап суреттеме, очерктер жариялады.
Бастапқыда стендіде 20 адам болған. Кейін облыстық радиода, бізде қызмет еткен Орынбай Аймағамбетов пен майданда көзсіз ерлік көрсетіп, «Өжеттігі үшін» («За отвагу» медалімен), «Қызыл жұлдыз», II дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталған тағы бір қаламгеріміз Дәуіт Сәрсембеков қосылды. Бұл кісі туралы әріптесіміз Е.Лұқпанов мақала жазды.

Кейін соғыста ерлікпен қаза тапқан Аманжол Бұқарбаев та бізде 1931-1932 жылдары көмір секторының меңгерушісі болып қызмет еткені анықталды.
Майдангер журналистер қатарына Пісбек Жұмановпен қатар әр жылдары газетіміздің жауапты редакторы қызметін атқарған Бәри Мәзитов (1904-32 жж.) пен Жұмағали Кетіковті де (1937-1939 жж.) қосуға болады. Бәри ақсақал соғыс жылдары Ленинград майданында болып, капитан шенінде «Суворовчы» деген татар тіліндегі әскери газетті шығаруға қатысқан, «Қызыл жұлдыз» орденімен наградталған («Тұңғыш редактор», А.Жанғожин, Е.Лұқпан. Кітапта: «Тоқсан жыл топта толғаған», 2021 ж.). Ал, Ж.Кетіков пен газеттің мерекелік сандарында жазғанымдай Қарсақпай аудандық газетінде редактор, ауатком төрағасының орынбасары болып жүрген жерінен әскерге алынып, саяси қызметкер болған («Жетінші редакторымыздың жүрген жолы», ОҚ, 2.10.2021 ж.).

Міне, сонда алақандай газет редакциясында жұмыс істеген 25 адам Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, қаламын қаруға алмастырған екен. Осы мақаланы дайындау барысында жоғарыда аталған марапат қағаздарынан басқа жауынгер журналистердің ордендермен және беделді медальдармен наградтау туралы командирлері толтырған ұсыныстарды да жинап қойдым. Бұл туралы әңгіме бөлек…

Аман ЖАНҒОЖИН,
ардагер журналист,
газет тарихын зерттеуші

Басқа материалдар

Back to top button