Жаңалықтар

Нұртас Смағұлов: «Белгісіз қазақ жауынгері» ескерткішін ашу керек

Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл 81 жыл толды. Десе де, сол сұрапыл жылдардағы Қазақстанның қосқан үлесі мен көрген қасіреті әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Біз майдандағы ерлікті мақтан тұтқанымыз­бен, тылдағы «Еңбек армиясының» тағдыры мен соғыстың демографиялық соққысын жиі ұмыт қалдырамыз. Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің қауымдастырылған профессоры, PhD доктор, белгілі тарихшы Нұртас Смағұловпен осы бір ой төңірегінде сұхбат құрған едік.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

– Нұртас Бірлікұлы, біз көбіне майдандағы ерлікті айтамыз. Алайда, сол кездегі Қазақстанның «алып арсеналға» айналуы Жеңісті қаншалықты жақындатты? Егер Қазақстанның ресурстары (мыс, қорғасын, астық) болмағанда, соғыс тарихы басқа арнаға бұрылуы мүмкін бе еді? Әңгімені әуелі осыдан бастасақ…

– Екінші дүниежүзілік соғыс 1939 жылдың 1 тамызында гитлерлік Германия­ның Польша мемлекетіне шабуылынан басталып, 1945 жылы 2 қыркүйекте Жапонияның сөзсіз тізе бүгу жөніндегі келісімге қол қоюымен аяқталды. Осы күнге дейін Екінші дүниежүзілік соғыстағы адам шығынының толық есебі шыққан жоқ. Тек ресми түрде шамалап 50 миллион адам шығыны деп қана есептеледі. Тарихшыларға ғана аян соғыстың қатал шындығы бар. Ол – майдан шебінде бораған оқ пен оттың ортасында қалып, күл-талқаны шығып, отқа оранып жатқан қалалардың жертөлелері мен далада қалған әйелдер мен жас балалардың тағдыры… Тіпті, олар ешбір ресми санаққа да ілінбей жатады. Осы қасіреттің бәрін санатқа алғанда, әртүрлі тоталитарлық идеологиялар мен біржақты қасаң саяси көзқарастардың кесірінен басталған Екінші дүниежүзілік соғыстағы адам шығыны 70-80 миллионның үстіне шығады. 1941 жылы 22 маусымда гитлерлік Германияның КСРО-ға шабуыл жасауынан бастап, Екінші дүниежүзілік соғыстың Шығыс майданы басталды. Қазақстан КСРО-ның құрамдас бөлігі ретінде тікелей қатысты. Сол кездегі уақыт мөлшерімен бағаланғанда Қазақстан халқының саны 6,2 миллионға жеткен, индустриялық қарқыны жоғары, едәуір дамыған өндірістік қуаты бар, сирек кездесетін орасан зор табиғи қазба-байлығы бар ел болды. Соғыс басталған кезде Совет Армиясының қатарында 178 мың қазақстандық әскер қызметте болды. Төрт жылға созылған қанды майданға 1 196 164 қазақстандық азамат аттанды. Сонда барлығы 1 374 164 қазақстандық қолына қару алып, қанды соғысқа қатысқан. Ал, Ұлы Жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосқан «Еңбек армиясының» қатарында 700 мыңнан астам адам болды. Мыңдаған қазақтар адам төзгісіз қара жұмыстар атқарды. Олар Сібірдің 30-40 градус аязды қыстарында, Магнитогорск, Свердловск, т.б. қалаларында Челябинск, Кузбасс шахталарында ең ауыр жұмыстарды атқарды. Орал тауларының зауыттарында Сібірдің тайгасында қазақтар адам баласы төзбейтін ең ауыр жұмыстарға жегілді. «Еңбек армиясында» қазақтардың жағдайы өте ауыр болғаны соншалықты, аштықтан, суықтан, жұқпалы аурулардан, шамадан тыс еңбек нормасын орындаудың салдарынан адамдар баудай қырылды. Тек 1943 жылдың аяғында ғана Қазақ республикасы еңбек армиясы жұмысшыларына назар аударған. Соғыс кезеңі тарихында «Еңбек армиясының» қатарында болған қазақтардың тәлкекке ұшыраған тағдырлары күні бүгінге дейін «ақтаңдақ» болып, зерттелмей қалғанын айтуымыз керек. «Еңбек армиясының» қатарында болған адам тағдыры жөнінде кейін Оралхан Бөкей шығармасында тұспалдап жазылған. Кейін мен кәсіби тарихшы ретінде Оралхан Бөкейдің шығармасын оқып, «еңбек армиясының» ауыр тарихи шындығының өте құпия беттерін түсіндім. Майданның қуатты арсеналы болған «Еңбек армиясының» қатарында болғандардың ерен еңбегінің арқасында соғыс экономикасы толық құрылып, Кеңес Одағы жеңіске жетті. Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстанға 460 зауыт-фабрика мен ірі өнеркәсіп орындары эвакуацияланды. Олар тез арада қалыпқа келтіріліп, бірден өндіріске қосылды. Әсіресе, электр станцияларының қуаты артты. Әскери-соғыс өндірісінің аса зор қарқынмен дамығаны соншалықты Қазақстан Кеңес Одағының бірден-бір қуатты өндіріс пен металлургия, шикізат базасына айналып, жауға атылған он оқтың тоғызын шығарған ел болды. Қарағанды шахталарында 34 млн тонна көмір өндірді. Қарағандының Горбачев шахтасының шахтері Ыбырай Нұровтың бір өзі соғыстың үш жылында 16 мың тонна көмір қазып шығарған. Ал, ауыл шаруашылығы еңбекшілерінің майданға көмек ретінде берген астығы мен нан өнімдерінің, киім-кешегінің есебі жоқ.

– Қазіргі таңда Екінші дүниежүзілік соғыс тарихын әр ел өз мүддесіне қарай «қайта жазуға» тырысып жатқан секілді. Осы ақпараттық ағымда біздің ұлттық мүддеміз бен қазақстандық жауынгерлердің шынайы бейнесін қалай сақтап қаламыз?

– Қазір әлемдік тарихта осы жеңістің бағасын түсіруге тырысқандардың бәсі жоғарылап барады. Соғыстан кейін әлем екі лагерьге: социалистік және капиталистік елдер деп бөлінді. Соған сәйкес әр жүйеде тарихты өздерінің идеологиясымен, өздерінің мемлекеттік саясатымен, ұлттық құндылықтарымен жазып, ұрпақ тәрбиеледі. Әрбір алпауыт мемлекет әлемдік саясатта өзін басты саяси ойыншы, жеңімпаз ел, батыр, ержүрек халық ретінде көрсетеді. Бұл тарихтың заңды үдерісі. Тәуелсіздік жылдарында елімізге демократия мен адамның бас бостандығы мен еркіндігін бағалау жолға қойылды. Біз де еліміздің өткен тарихының ақтаңдақтарын қайта жазып, тарихи әділеттілікті қалпына келтіріп жатырмыз. Соғыс жылдарында Қазақстанда 14 атқыштар дивизиясы, 4 атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы, 50-ге жуық жеке полктер мен әртүрлі әскери құрамалар жасақталды. Әрине, адам шығыны да орасан болды. Әрбір қазақ жауынгері қайтпас қайсарлықтың үлгісін көрсетті. Мысалы, неміс әскері қазан айының 20 күні Батыс майданның шебін бұзып өтіп, Мәскеу түбінен бірақ шыққанда Алматыдан генерал И.Панфилов басқарған 316 атқыштар дивизиясы келіп жетті. Волоколамск тасжолы тікелей Мәскеуге кіретін. Осы стратегиялық қорғаныс шебі 16-шы Армияға тиесілі болды. 16-шы Армияның қорғаныс шебі 100 шақырымға созылып жатса, соның 44 шақырымын қазақстандық 316 атқыштар дивизиясы қорғады. Бауыржан Момышұлының көзсіз ерлігі мен шексіз әскери тактикалық қабілеті осы Мәскеу шайқасында дүние жүзіне әлі де әйгілі болып отыр. Аталарымыздың өшпес ерлігін еш уақытта ұмытуға да, оспадарлықпен кемсітуге де болмайды. Қазір әлеуметтік желі мен жазармандардың Ұлы Отан соғысында әлемді фашизмнен қорғап қалған аға ұрпақтың қадір-қасиетін барынша мұқатуға тырысқан жазбаларын оқып та, арзан әзіл-сықақтармен қасиетті сахнаны былғап жүрген сайқымазақтардың қойылымдарынан «сол кезде жеңіліп қалсақ, ғажайыпта өмір сүруші едік» дегендерін көріп те жүрмін. Ол да болмай қоймайтын келеңсіз жағдай. Бірақ, шындық ешқашан құнын жоғалтпайды. Себебі тарих – қатал ұстаз.

– Біз Бауыржан Момышұлы, Әлия мен Мәншүк есімдерін жатқа білеміз. Бірақ, архивтер ашылған сайын есімі ескерусіз қалған жаңа тұлғалар шығып жатыр. Тарихшы ретінде айтыңызшы, біз әлі толық танып үлгермеген белгісіз батырлар мен олардың ерліктеріне қатысты соңғы жылдары қандай тың деректер табылды?

– Дұрыс айтасыз, соғыс жылдарында ерлікпен шайқасып қаза тапқан немесе ерекше қаһармандық пен батырлықтың үлгісін көрсетіп, ерлігі бағаланбай қалған мыңдаған қазақ жауынгерлері бар. Оның ішінде, сол кездегі коммунистік жүйедегі Кеңес Одағының саяси-идеологиялық саясатына байланысты өз дәрежесінде бағаланбаған. Кеңес Одағы Батыры атағына ұсынылса да, қазақ екендігіне немесе 1937-1938 жылдардағы сталиндік тоталитарлық қуғын-сүргін саясатынан жазықсыз жазаланғандардың ұрпақтары мен туыстары болғаны үшін де лайықты дәрежеде бағаланбай қалғандары бар. Атақты мерген Тілеуғали Әбдібеков винтовкасымен 397 гитлершілді жайратып, жоғары әскери шеберлік, батырлық пен ерлік көрсетсе, Ыбырайым Сүлейменов 280 фашист солдатын, мерген Төлеуғали Шыныбековтің дәл атқан оғынан 170 фашист солдатының көзі жойылған. Міне, осы құралайды көзге атып, бір өздері бір батальон мен бір ротаның құрамын жойып жіберіп, сонымен қоса арнайы жауынгерлер дайындап, оқытып шығарған, өшпес ерлік пен ерекше батырлық көрсеткен қазақ жауынгерлері саяси себептер мен бюрократияның кесірінен Совет Одағының Батыры атағына ұсынылса да, тиісті дәрежеде құрметтелмеді. Тіпті, Мәншүк Мәметованың Невель қаласын қорғау жолындағы ерлігі де ескерусіз қала жаздаған. Қантөгіс ұрыста 3 пулеметті қатар қойып, дүркіндетіп ентелеп келе жатқан жау әскеріне оқ жаудырып, ерлікпен қаза тапқан қазақ қызы Мәншүк Мәметованың есімін Кеңес Одағы Батыры атағынан сызып тастап жатқан жерінде сол кезде Армияның Саяси Басқармасының аға офицері Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин көріп қалып, қайтадан батыр атағына мәжбүрлікпен ұсындырған. Қазақтар осыншама ерлікпен шайқасып, жау жүректіліктің асқан үлгісі мен қолбасшылық қабілет пен әскер тактикалық шебердің үлгісін көрсетсе де, неге ерліктері бағаланбай қалған деген сұрақтың жауабын біз осылайша береміз. Ал, Берлинге тіке шабуылмен кіріп, Рейхстагқа тұңғыш Жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаев, 4 рет арнайы мақсатпен жау тылына парашютпен түсіп полк, бригада деңгейіндегі ірі әскери партизан құрамаларын құрған Қасым Қайсенов, ерлігі мәңгі қалған гвардиялық дивизия командирі болып соғысты аяқтаған Бауыржан Момышұлына да батырлық атақтарын бермеді. Тіпті, Бауыржан Момышұлына Бас Штаб Академиясын бітірген тұңғыш қазақ бола тұра өзіне тиесілі генералдық атағын қиянатпен бермеді. Жыл өткен сайын Ұлы Отан соғысының қатпарлы құпиялары ашыла бермек.

– Соғыс тек жеңіс емес, ол – үлкен трагедия. Сол кезеңдегі демографиялық шығын мен соғыстан кейінгі әкесіз қалған ұрпақтың қалыптасуы қазақ қоғамының психологиясына қалай әсер етті? Бұл жараның ізі бүгінгі буынның болмысында бар ма?

– Ер-азаматтарын майданға кеткен асыл аналарымыздың ауыр тағдыры мен әкесіз өскен жас ұрпақтың көрген бейнеті мен ауыртпашылығы ХХ ғасырдағы қазақ қоғамының ең үлкен трагедиясы. 1940-1950 жылдары қазақ қоғамының тұтас буынына «әкесіз өскен соғыс ұрпақтарының қасіретті ғұмыры» деген кезеңді беруге болады. Соғыста 620 мың қазақстандық жауынгер қаза тапты. Мұның демографиялық зардабы орасан зор ауыр болды. Менің өзім тікелей зерттеп оқыған мына дерек үнемі ойымда жүреді. Туып-өскен Егіндібұлақ ауданынан 1941-1945 жылдары майданға 1600 жауынгер аттаныпты. Соның 1200-дейі тікелей соғысқа қатысқан. Қаза тапқаны 758 жауынгер. Сонда соғысқа қатысқан қазақстандық жауынгерлердің шығыны шамамен – 60-65 %. Немістің солдаты «бір танкінің шынжырында мың солдаттың тағдыры шыр айналады», – деген. Соғыс қазақ халқының демографиялық өсімін кемінде 40-50 жылға кейін шегеріп жіберген. Бұл нақты тарихи дәлел болады. Мұқағали Мақатаевтың:
«Өмір жайлы сұрай берме сен менен,
Өмірді мен әлі зерттеп көрмеп ем.
Өмір жайлы білгің келсе, қартқа бар,
Қан майданнан жалғыз ұлы келмеген.
Жесір келін, бір нәресте көрмеген,
Жетім шалды бала орнына тербеген,
Өмір жайлы не түсінем мен деген…
Өмір жайлы сұрай берме сен менен», – деген өлеңінен сұм соғыстың кесірінен қайғының тұңғиығына батып кеткен қазақ қоғамының ауыр тағдырын, психология­лық соққысынан жан-дүниесі жараланған қасіретті буынның күнделікті өмірін көреміз. Бірақ қанша тағдырдың ауыр соққылары болып жатса да, қазақ әйелінің рухы биік, жаны сірі болды. Ана деген қасиетті атқа адал болып, ұрпақтарын тұмсықтыға шоқыттырмай тәрбиелеп өсірді. Соғыстан кейінгі жылдарда колхоздың құлдық өміріне бергісіз ауыр еңбегінде жүрсе де, балаларын оқытуға, білім алуларына барын салды. Адал ұрпақ тәрбиелеп, қазақ ұлтының сапалы буынын өсіріп шығарды. Рухы мен тарихи жадысы, мәдени коды адамгершілікпен суарылған осы «әкесіз буын» кейін еліміздің экономикасы мен өркендеуі жолында жанкешті еңбек жасады.
Менің есімде мына бір ой үнемі мазалап жүреді: «Белгісіз қазақ жауынгері» ескерткішін ашып, рухтарын тағзым жасап отыру – біздің парызымыз. Асыл жарларын соғысқа аттандырып, тылда қалған аналарымыздың, балалары соғысқа кетіп, бір хабар ала алмай ғұмыр бойы күтіп өткен ата-аналар мен жас балалардың ауыр тағдырларының алдында ұрпақтың да, мемлекеттің де міндеті болуы керек.

– Бүгінгі ұрпақ үшін 9 мамыр, шын мәнінде, тағзым күні ме? Бұл датаны идеологиялық құралдан арылтып, таза тарихи сабақ ретінде жастардың санасына қалай сіңіруге болады?

– 9 мамыр – Жеңіс күні әлемді фашис­тік режимнен құтқарған аға ұрпақ рухына тағзым мен құрмет күні ретінде ерекше маңызы бар мемлекеттік дата.
Мен тарихшы ретінде айналамда, қалада болып жатқан жаңалықтарға сергектік танытып, байқап отыруды әдетке айналдырғам. Осыдан 10-15 жыл бұрын тура 9 мамыр күні көшеде «Спасибо деду за победу!», «За Берлин!» деген қазіргі саяси идеология мен патриоттық тәрбиеге жат, кереғар пиғылдағы ұрандар жазып алған автокөліктерді көре бастадым. Біздің мемлекеттің адамдары да емес сияқты көрінді. Немесе үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар тарапынан бір күндік қаржыландырып, желөкпе жастарды көшеге алып шыққандар ма деп ойладым. Биыл да көрініп қалулары ғажап емес.
Бұл күнді ата-бабаларымыздың ерлік рухын дәріптеп, жас ұрпақты бойына адамгершілік қасиетін сіңіретін адал азамат болуға тәрбиелейтін тағзым күні ретінде атап өтіп отыру керек.

– Жүйелі ой, зерделі көзқарасыңызға көп рақмет!

Әңгімелескен Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button