АймақҚарағанды

Жүйелі даму жолында

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс XXXIV сессиясы аймақ дамуының алдағы бағытын айқындайтын маңызды саяси алаңға айналды. Мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов төрағалық еткен жиынға облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысып, күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша пікірін білдірді. Сессия барысында облыстық бюджетті нақтылау, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру, жер қатынастары саласындағы өзгерістер, ауызсуды субсидиялау, инвестициялық ахуалды жақсарту, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және Қарағанды қаласының аумағын кеңейту сынды бірқатар мәселе қаралды. Депутаттар қабылдаған шешімдердің басым бөлігі халықтың өмір сапасын арттыруға, коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға, өңір экономикасын әртараптандыруға бағытталды.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Әлеуметтік міндеттер мен инфрақұрылым

Сессияны ашқан Нұркен Кобжанов қаралған мәселелердің өңір үшін стратегиялық маңызына тоқталды.

– Бүгінгі сессияда қаралған мәселенің барлығы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етеді. Біз қабылдайтын әр шешім тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және өңірдің ұзақмерзімді дамуына негіз болуы тиіс, – деді мәслихат төрағасы.

Сессиядағы басты мәселенің бірі – Қарағанды облыстық мәслихатының 2025 жылғы 9 желтоқсандағы №343 «2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу болды. Бұл мәселе бойынша облыстың экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Дулат Ашкенов кеңірек тоқталды.

Бюджетті нақтылау барысында әлеуметтік саланы қолдауға ерекше басымдық берілді. Атап айтқанда, орфандық аурулары бар пациенттерді өмірлік маңызды дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуге қосымша қаражат қарастырылды. Бұл сирек кездесетін ауыр дертке шалдыққан науқастар үшін аса маңызды шешім екені сөзсіз. Себебі, мұндай дәрі-дәрмектер өте қымбат және көптеген отбасының оны өз күшімен сатып алуға мүмкіндігі жоқ.

Сонымен қатар, өңірде телемедицинаны дамытуға көңіл бөлінді. Бұл шалғай елдімекендердегі тұрғындардың сапалы медициналық кеңес алуына мүмкіндік береді. Әсіресе, ауылдық жерлерде маман тапшылығы байқалатындықтан, цифрлық медицина жүйесін дамыту уақыт талабына айналып отыр.

Білім беру саласы да назардан тыс қалған жоқ. Абай және Ақтоғай аудандарындағы білім беру нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға қаржы бөлу қарастырылды. Бұл мектептерді жаңа жабдықтармен қамтамасыз етуге, оқу сапасын арттыруға және ауыл балалары үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

Инфрақұрылымдық жобалар қатарында Қарағанды қаласында кірме теміржол жолдарын салу мәселесі ерекше маңызға ие болды. Бұл кенді өлкенің өндірістік және логистикалық әлеуетін күшейтіп, инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Балқаш және Теміртау қалаларындағы әуе және жол-көлік инфрақұрылымын қолдау, Қарқаралы ауданындағы автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстары да өңірлік экономиканың дамуына серпін береді.

Коммуналдық инфрақұры­лымды жаңғырту мәселесіне ерекше назар аударылды. Қарағанды, Теміртау, Приозерск және Шахтинск қалаларындағы жылу электр орталықтары мен жылу желілерін жөндеу жоспарланған.

Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласына да қолдау көрсетілмек. Тыңайтқыштардың құнын субсидиялау және шегірткеге қарсы күрес шараларын қаржыландыру қарастырылған. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерінің тұрақтылығын сақтауға және фермерлердің шығынын азайтуға мүмкіндік береді.

Депутаттардан маңызды бастама

Сессия барысында облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Бекзат Алтынбеков пен Қадиша Оспанова маңызды әлеуметтік мәселелерді көтеріп, облыс әкіміне депутаттық сауал жолдады.

Ең алдымен, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар саласы қызметкерлерінің еңбекақысына ынталандыру үстемақыларын енгізу қажеттігін айтты. Бұл мәселенің өзектілігі соңғы жылдары әлеуметтік сала қызметкерлеріне жүктеменің айтарлықтай артуымен байланысты. Әсіресе, халықты жұмыспен қамту, атаулы әлеуметтік көмек, мүгедектігі бар азаматтарды қолдау және әлеуметтік қызмет көрсету бағытында жұмыс істейтін мамандар үлкен жауапкершілік арқалап отыр.

Депутаттардың айтуынша, бұл саладағы кадр тапшылығы мен мамандардың тұрақтамауының басты себебінің бірі – еңбекақы деңгейінің төмендігі. Сондықтан, ынталандыру үстемақысын енгізу тәжірибелі мамандарды сақтауға, әлеуметтік қызмет сапасын арттыруға ықпал етеді.

– Әлеуметтік қорғау жүйесіндегі кадрлық әлеуетті тұрақтандыру және осы саладағы жұмыстың тартымдылығын арттыру мақсатында Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты мекемелер қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларына үстемақы белгілеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын.
Сонымен қатар, өңірлік бюджетті қалыптастыру кезінде бұл мақсатқа тұрақты негізде қосымша қаржы бөлуді қарастырып, уақытша әрі бір реттік шешімдер тәжірибесінен бас тарту қажет деп санаймын, – деді Қадиша ­Базарбайқызы.

Бекзат Алтынбеков Қарқаралы ауданы мен Саран қаласында «толық бітіріп берілетін» құрылыс жобаларын іске асыру мәселесін де көтерді.

– Қарқаралы қаласында халық санының тұрақты өсуі байқалады – 8 мыңнан 9 мың адамға дейін артқан. Оның ішінде, балалар саны 3 200-ден 4 000-ға дейін көбейген. Алайда, қалада небәрі үш мектеп қана жұмыс істейді, олардың екеуі жобалық қуатынан артық жүктемемен қызмет атқаруда.
Осындай жағдай Саран қаласы мен Ақтас кентінде де қалыптасып отыр. Бұл елдімекендерде жалпы саны 5 700-ден астам оқушы білім алатын 8 мектеп жұмыс істейді. Соңғы 10 жылда оқушылар саны 1 300-ден астам балаға көбейген, – деді Бекзат Қомарұлы.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев фракция мүшелері тарапынан жолданған депутаттық сауалды тыңдап, ұсыныстың орынды екенін және қолдайтынын жеткізді.

Бұл бастама өңірдегі білім беру инфрақұрылымын жаңарту тұрғысынан аса маңызды. Себебі, кейбір елдімекендерде мектептердің тозуы, орын тапшылығы және үш ауысымды оқыту мәселесі әлі де сақталып отыр. Жаңа форматтағы толық жабдықталған мектептердің салынуы оқушыларға заман талабына сай білім алуға мүмкіндік береді.

Қарағандыға қосылады

Кезектен тыс сессияда қабылданған маңызды стратегиялық шешімнің бірі – Қарағанды қаласы мен Бұқар жырау ауданы арасындағы әкімшілік шекараны өзгерту мәселесі. Депутаттар Бұқар жырау ауданының Тұзды ауылдық округіне қарасты Көкпекті станциясының 281 гектар жерін Қарағанды қаласының әкімшілік-аумақтық бағынысына беру туралы шешімді қолдады.

Бұл мәселе өңірде бірнеше жылдан бері талқыланып келген. Көкпекті станциясының тұрғындары елдімекенді толықтай қала құрамына енгізуді сұрап, талай рет мәселе көтерген. Себебі, қазіргі әкімшілік бөлініс салдарынан тұрғындар коммуналдық қызмет көрсету, инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік мәселелер бойынша көптеген қиындыққа тап болған.

Мәселе бойынша баяндама жасаған облыстың экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Дулат Ашкенов бұл бастама Қазақстан Республикасының Жер кодексі мен «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңы негізінде әзірленгенін айтты. Мәлімдеуінше, бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды шешім.

Алайда, аумақтық бөліністегі сәйкессіздік салдарынан тұрғындардың күнделікті өмірінде көптеген түйткіл жиналған. Бір бөлігі Қарағанды қаласына, екінші бөлігі Бұқар жырау ауданына қарағандықтан, коммуналдық және инфрақұрылымдық мәселелер ұзақ уақыт бойы толық шешімін таппаған.

Сессияда кеншілер қаласының әлеуметтік-экономикалық әлеуеті де кеңінен айтылды. Дерекке сүйенсек, бүгінде қала халқының саны 532 515 адамды құрайды. Қарағанды – республикадағы өнеркәсібі дамыған жетекші өңірдің бірі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі қаланың жалпы өнеркәсіп өндірісінің 75,7 пайызын құраса, облыстық өнеркәсіп көлеміндегі үлесі 14,7 пайызға жеткен.

Сессия барысында Қарағанды қаласының аумағын кеңейтудің экономикалық тиімділігі де ескерілді. Жаңартылған Бас жоспарға сәйкес, Көкпекті станциясындағы 192,8 гектар жайылым жерді ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер санатынан елдімекен жерлеріне ауыстыру жоспарланып отыр.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл шешімнің әлеуметтік маңызына тоқталып, Көкпекті станциясындағы инженерлік және коммуналдық мәселелерді жүйелі түрде шешу үшін енді нақты мүмкіндіктер ашылатынын атап өтті.

Экомәдениеттің озық қадамы

Сессияда өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Депутаттар облыс бойынша 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі өңірлік іс-қимыл жоспарына өзгерістер енгізуді бекітті.

Облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тілектес Досаевтың айтуынша, жаңартылған жоспардың маңызды бағыттарының бірі – экологиялық таза көлік инфрақұрылымын дамыту.

Өңірде велосипед көлігіне арналған инфрақұрылым мен электр көліктеріне арналған қуаттау станцияларын көбейту көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде атмосфераға таралатын зиянды қалдықтарды азайтуға ықпал етеді.
Бұдан бөлек, халық көп жиналатын орындарда экобокстар мен фандоматтар орнату жұмыстары күшейтіледі. Бұл тұрғындардың тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Әсіресе, қайта өңделетін шикізатты тапсыру арқылы ақшалай бонус алу мүмкіндігі халықтың қызығушылығын арттырады деп күтілуде.

– Тұжырымдамаға өзгерістер енгізу маңызды. Біздің тұрғындар «Таза Қазақстан» бастамасын белсенді қолдады, жұмыс жүріп жатыр. Оны тиімді ету үшін тез шешім қабылдау керек, – деді аймақ басшысы.

Жер қатынасындағы жаңа тепе-теңдік

Жер учаскелері үшін төлемақының жаңа базалық ставкаларын бекітуді де кеңінен талқылады. Облыстың ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Азамат Тюлюбеков, қолданыстағы мөлшерлемелердің бүгінгі нарық талаптарына сәйкес келмейтінін айтты.

Оның мәліметінше, қазіргі базалық ставкалар Қарағанды облысы әкімдігінің 2016 жылғы 11 сәуірдегі №24/07 бірлескен қаулысымен және облыстық мәслихаттың 2016 жылғы 28 сәуірдегі №30 шешімімен бекітілген. Яғни, бұл мөлшерлемелер тоғыз жыл бұрын қабылданса, есептеу жұмыстары бұдан 10-11 жыл бұрын жүргізілген.

– Ғылыми-әдістемелік әдебиеттерге сәйкес базалық ставкалардың өзектілігі 5-7 жыл аралығында сақталады. Сондықтан, қазіргі қолданыстағы мөлшерлемелер бүгінгі нарық талаптарына толық жауап бермейді және өзектілігін жоғалтты, – деді Азамат Тюлюбеков.

Сессия барысында соңғы жылдары өңірдегі жылжымайтын мүлік нарығында бағаның үздіксіз өсіп келе жатқаны да атап өтілді. Әсіресе, 2022 жылы инфляция деңгейінің күрт жоғарылауы жер құны мен нарықтық бағалауға елеулі әсер еткен. Осыған байланысты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жаңа базалық мөлшерлемелерді есептеп, олар жергілікті атқарушы органдармен келісілгеннен кейін мәслихаттың қарауына ұсынылған.

Жерге сұраныстың артуы және жаңа есептелген базалық мөлшерлемелерді ескере отырып, алдағы жылдары жерді тікелей сату және жалдау құқықтарын өткізу арқылы түсетін түсім көлемі 2025 жылмен салыстырғанда артады деп болжануда.

Ұсынылған жаңа мөлшерлемелерге сәйкес, тек аукцион арқылы берілетін жер учаскелері бойынша базалық ставкаларды арттыру көзделіп отыр.

Әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі

Күн тәртібінде Қарағанды облыстық мәслихатының 2025 жылғы 20 қарашадағы №334 «Қарағанды облысы бойынша субсидиялауға жататын сумен жабдықтау жүйелерінің тізіміне енгізілген сумен жабдықтау жүйелерінен берілетін ауыз судың бір текше метрі үшін төлем мөлшерін бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі де қаралды.

Облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тілектес Досаев Қазақстан Республикасының Су кодексінің 27-бабына сәйкес, облыстық басқарма халыққа берілетін ауыз су қызметінің құнын субсидиялау жұмыстарын жүргізіп келе жатқанын айтты.

Мәлімдеуінше, субсидиялау тетігі тұрғындардың ауыз су үшін төлейтін шығындарының бір бөлігін өтеуге бағытталған. Бұл әсіресе, ауылдық елдімекендер мен орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелері жаңадан енгізілген аумақтар үшін аса маңызды.

Сессия барысында тарифтердің өсуіне жарияланған мораторийге байланысты бұл бағыттағы жұмыстар қайта қаралғаны айтылды. Одан бөлек, Қарағанды облысы прокуратурасының 2026 жылғы 23 ақпандағы №2-08-26-02179 наразылығы негізінде облыстық энергетика басқармасы, прокуратура және облыстық мәслихат аппараты бірлесіп тиісті түзету жұмыстарын жүргізген.

– Ұсынылып отырған өзгерістер халық үшін ауыз су тарифтерінің қолжетімділігін сақтауға және қолданыстағы субсидиялау тетігін заң талаптарына сәйкестендіруге бағытталған, – деді Тілектес Досаев.

Тұрақты комиссия мүшелері аталған түзетулердің әлеуметтік маңызын қолдап, халыққа көрсетілетін коммуналдық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесі әрдайым басты назарда болуы тиіс екенін айтты.

Түйін

Кезектен тыс өткен XXXIV сессия аймақ дамуындағы маңыз­ды кезеңнің бірі болды. Қабылданған шешімдер әлеуметтік қолдау шараларын күшейтуге, инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға, экологиялық саясатты жетілдіруге және өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыруға бағытталды.

Жиынды қорытындылаған Нұркен Кобжанов қабылданған шешімдердің орындалуы тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.

– Бүгін қабылданған шешімдер өңірдің ұзақмерзімді дамуына серпін береді. Инфрақұрылымды жаңғырту, әлеуметтік саланы қолдау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және инвестициялық ахуалды жақсарту – барлығы да халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар. Мәслихат депутаттары әр бастаманың нақты нәтиже беруіне ерекше көңіл бөледі, – деді мәслихат төрағасы.

Бастысы, сессия барысында қаралған мәселелердің барлығы тұрғындардың нақты қажеттіліктерімен тығыз байланысты. Көкпекті станциясының мәселесінен бастап, ауыз су тарифтеріне дейінгі шешімдер халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталғаны анық көрінді.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button