БалқашАймақБілім

Балқаштағы ардагер ұстазды қала әкімі құттықтады

Балқаш қаласының Құрметті азаматы, білім саласының ардагері, ұлағатты ұстаз Шайзада Сыздықова 80 жасқа толды. Осыған орай қала әкімі Сапар Сатаев арнайы шаңырағына барып, ардагер ұстазға жылы лебізін білдірді.

Суреттерді түсірген автор

– «Шайзада апай, Сіздің саналы ғұмырыңыз тұтас бір дәуірдің айнасы іспетті. Ұстаздық жолдағы табандылығыңыз бен адалдығыңыздың арқасында мыңдаған шәкірт тәрбиеленіп, ел игілігіне қызмет етіп келеді. Сіз басқарған білім ордалары әрдайым биік деңгейімен ерекшеленді. Бүгінде де қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүріп, кейінгі буынға бағыт-бағдар беріп келесіз. Бұл – шынайы жанашырлық пен елге деген сүйіспеншіліктің көрінісі. Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға амандық тілеймін!» – деді қала басшысы Сапар Сатаев.

Сонымен қатар, қалалық мәслихат төрағасы Ахат Мүслімов, білім бөлімінің басшысы Шынаргүл Амангелдіқызы, ардагер ұстаздар мен әріптестері де жүрекжарды тілектерін жеткізді.
Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Шайзада Рысқұлқызы 1946 жылы 6 мамырда Балқаш қаласында дүниеге келген. 1973 жылы КазГУ-дың география факультетін тәмамдап, еңбек жолын №2 Абай атындағы лицейде бастауыш сынып мұғалімі ретінде бастады. Кейін бас тәрбиеші, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директоры қызметтерін абыроймен атқарып, білім саласында 45 жыл еңбек етті.
Еңбек жолында оқу-тәрбие үдерісін жетілдіруге, «Елім-ай» этнопедагогикалық бағдарламасын жүзеге асыруға сүбелі үлес қосып, №8 орта мектептің дамуына айрықша ықпал етті.


Еңбегі еленген ұстаз «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», «Еңбек ардагері», Дінмұхамед Қонаев атындағы төсбелгілердің иегері, «Балқаш қаласының құрметті азаматы» атанған.

Нұрдос КӘРІМ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button