Сапарғали ағаның «сәлемдемесі»
Адамзат өркениеті дамуының баспа ісіндегі үлкен жетістіктің бірі – жазу машинкасы. Осындай бір жәдігер Қарқаралы тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұр.

Бұд жазу машинкасы журналист, ақын, жазушы Сапарғали Ләмбекұлына тиесілі. 1936 жылы 5 маусымда осы ауданға қарасты Қайнарбұлақ ауылында туған ол ұлттық әдебиеттің өсуіне, қазақ мәдениеті мен руханияты дамуына мүмкіндігінше үлес қосқан қаламгер. Мектеп бітірген соң Сапарғали Ләмбекұлы аудандық газет редакциясына қызметке тұрып, зейнеткерлікке шыққанша «Коммунизм таңы» (қазіргі «Қарқаралы») қоғамдық-саяси басылымында тілші, бөлім меңгерушісі лауазымында қызмет атқарды. Қаламгер ҚазҰМУ-дің журналистика факультетін сырттай оқып бітірген екен. Ол еңбек ардагері, КСРО Баспасөз ісінің үздігі, Қазақстан Журналистер одағының Кәкімжан Қазыбаев атындағы сыйлығының иегері, Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері.
Шығармашылық мүмкіндігін тиімді пайдаланған Сапарғали Ләмбекұлы «Қарқаралы саздары», «Қыр қырандары», «Тайталас», «Атакәсіп», «Сарыжайлау сазы», «Әке жолы», «Еділбай», «Тәттімбет», «Арыстар», «Тағдырмен тартыс», «Туған елдің түтіні», «Сырперне», «Қатты қабат», «Алапай мен талапай», «Жоғалған шопан» тәрізді кітаптардың авторы. Оның аталған туындыларының біразы музейде тұрған портативті машинкада жазылғаны күмәнсіз. Жоғарыда айтқанымыздай, бұндай техникалық құрал компьютер пайда болғанға дейін жазушылар мен журналистердің негізгі жұмыс құралы болды. Әрбір шығарма газет бетіне басылуға немесе кітап болып оқырман қолына тиюі үшін талант пен қабілетке қоса үлкен еңбек, ықтияттылық пен жауапкершілік қажет. Сапарғали Ләмбеков осы талаптар үдесінен шыға білген шебер еді.
– Сапарғали аға 1982-2006 жылдар аралығында қолданған, «Москва» портативті жазу машинкасын қызы Алуа Ләмбекова музей қорына 2013 жылы тапсырды. Сол уақыттан бері ол музей экспозициясының маңызды жәдігерінің бірі ретінде мұқият сақталуда. Осы экспонат арқылы өткен ғасырдағы жазу мәдениетін, шығармашылық еңбектің ерекшелігін көруге болады. Оның қай жылы зауыттан шыққаны белгісіз болса да, құны КСРО ақшасымен сол кезде 135 рубль тұрғаны корпусындағы пластинкада анық жазылған. Жазушының жарық дүние есігін ашқанына биыл 90 жыл толады. Туып-өскен өлкесінің шежіресін кестелеп, өңірде бұрын-соңды жасаған тау тұлғаларымыздың өмірі мен еңбегін көркем тілмен кескіндеген қаламгердің соңында қалған заттық мұрасының бірі ретінде бұл құнды дүние, – дейді Қарқаралы тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы Айтбану Қадырова.
Қазіргі заманда мұндай жазу машинкалары сирек кездесетін тарихи мұраға айналды. Сондықтан, бұл экспонат жас ұрпаққа өткен дәуірдің еңбек құралдары қандай болғанын танытып, тарихқа қызығушылығын арттыруға қызмет ете беретіні күмәнсіз.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



