Азаматтардың борыш жүктемесін азайту туралы Президент Жарлығы қалай орындалды?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев несиенің шырмауына ілініп, борышкер атанған ел азаматтарының қарызын азайту туралы Жарлық шығарған болатын. Президент Жарлығы қалай орындалды? Қанша адамның несие қарызы кешіріліп, айыппұлдар мен өсімақылары азайтылды? Бұл туралы «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі» РММ Қарағанды филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

БАРЛЫҚ ҚАРЫЗ АЛУШЫЛАРҒА АЙЫППҰЛДАР МЕН ӨСІМДЕРДІ ЕСЕПТЕН ШЫҒАРУ БОЙЫНША

«Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Қазақстан Республикасының Президентінің 2019 жылғы 26 маусымдағы № 34 Жарлығын іске асыру шеңберінде Ұлттық Банк, «Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ, «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ екінші деңгейлі банктермен және микроқаржы ұйымдарымен (МҚҰ) бірлесіп 2019 жылғы 1 шілдеге есептелген барлық қазақстандықтарға банктердегі және микроқаржы ұйымдарындағы кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша айыппұлдар мен өсімдерді есептен шығару (кешіру) бойынша жұмыс жүргізді.

Биыл 30 шілдесінде банктер мен МҚҰ жалпы сомасы 33 620 млн.теңге мөлшерінде 1 192 834 қарыз алушыға кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша айыппұлдар мен өсімдерді есептен шығару (кешіру) бойынша жұмысты аяқтады.

Айыппұлдар мен өсімдерді кешіру бірінші кезекте банктердің және МҚҰ өз қаражаты есебінен жүзеге асырылды.

Ағымдағы жылдың 15 тамызында Проблемалық кредиттер қоры 10 086 млн.теңге мөлшеріндегі айыппұлдар мен өсімақылар бойынша есептен шығарылған берешек сомасының 30% — ын банктерге және МҚҰ-ға өтеуді жүзеге асырды.

300 000 ТЕҢГЕГЕ ДЕЙІН БЕРЕШЕКТІ ӨТЕУ БОЙЫНША

Банктерде және МҚҰ-да кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша 300 мың теңгеге дейінгі мөлшерде берешекті (негізгі борыш пен сыйақы) өтеу бойынша жұмыс азаматтардың мынадай санаттарын қамтиды:

  1. көпбалалы отбасылар;
  2. асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар;
  3. мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан бала жасынан мүгедектер бар отбасылар;
  4. атаулы мемлекеттік әлеуметтік көмек алатындар;
  5. жетім балалар;
  6. ата-анасынан  кәмелеттік жасқа дейін айрылған, жиырма тоғыз жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар.

Мемлекеттік қолдау алу үшін қарыз алушының кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша берешек сомасы 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 млн.теңгеден аспауы тиіс.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған тізімдердің негізінде банктер мен микроқаржы ұйымдары кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша 300 мың теңгеге дейінгі мөлшерде берешекті (негізгі қарыз және сыйақы) өтеу бойынша жұмыс жүргізді, атап айтқанда, 507 363 азамат негізгі қарыз және сыйақы бойынша 105 174,8 млн.теңгеге берешек өтелді. Оның ішінде 263 527 азаматқа 32 024 млн.теңге сомасында банктер мен микроқаржы ұйымдары алдындағы берешек толығымен өтелді.

Қарағанды облысы бойынша қарыз алушылардың негізгі борыш пен сыйақы бойынша 4 660 млн.теңге сомасына берешегі өтелді, қарыз 24 569 қарыз алушыға есептен шығарылады деп болжануда.

Ақпарат түпкілікті болып табылмайды және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен Жарлықтың қолданылуына жататын азаматтардың жекелеген санаттарының тізімін ұсынуына, олардың қарыздарын ЕДБ және МҚҰ базаларымен салыстырып тексеруге қарай толықтырылатын болады.