Руханият

«Картинаны ашатын – әртістің көзі»

К.Станиславский атындағы Қарағанды мемлекеттік орыс драма театры 90 жылдық мерейтойын атап өтуде. Қорытынды кеште «Соңсыз жол» театрландырылған қойылымы жұрт назарына ұсынылды. Оған карантин талаптарына сай 50 адам қатысып, қалған көрермен онлайн түрде тамашалады. Күндіз бірқатар шеберлік сабақтары онлайн форматта өткізілсе, қорытынды қойылымға дейін мұнда суретші Игорь БАГРАМОВ жұмыстарының көрмесі ашылды.

Семейде 1930 жылы мемлекеттік жылжымалы театры болып құрылған ұжым екі жылдан соң, Түрксіб үгіт пойызы құрамындағы жылжымалы театрға айналды. Кейін труппа частушка, литмонтаж, сахналық көріністерімен қатар, алдымен кеңестік драматургтердің, кейін әлемдік классиктердің пьесаларын дайындай бастады. 1936 жылдан ұжым Қарағанды облыстық орыс драма театры болып аталып, «Прибалхашстройға» жіберіледі. Олар жыл сайын жазда Қарағанды қаласына гастрольмен келіп тұрды.

Ал, 1940 жылы театр Қарағандыға көшіріледі. Екінші дүниежүзілік соғысқа алдыңғы сапта 20 қызметкері өз еркімен аттанған. Театрда жасақталған концерттік бригада Балтық майданы жауынгерлерінің алдында өнер көрсетеді. Жоспардан тыс қойылымдардан түскен ақша фронтқа аударылып отырған. Театр 1942 жылы қайтадан Балқашқа көшіріліп, Кеншілер мәдениет сарайының құрылысы аяқталғанға дейін қыста – Балқашта, жазда – Қарағандыда жүріп, он жылдан кейін Қарағандыға біржола көшкен.

Театр үшін салынған Н.Назарбаев даңғылындағы ғимаратта қоныс тойын ұжым 1962 жылдың желтоқсанында атап өтіп, бір жылдан кейін театрға Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен К.Станиславский есімі беріліп, 1981 жылы Халықтар Достығы орденімен марапатталған.

2010 жылы театрдың күрделі жөндеуден кейінгі ашылуында ғимарат алдына К.Станиславскийдің ескерткіші орнатылды. Осы кезеңде ұжым республикалық фестивальдердің, «Достық көпірі», «Сахнадан сәлем», «Ресейдегі кездесулер», «Буа: диалог кеңістігі», «Славия-2018» сынды басқа да халықаралық театр форумдарының дипломдарымен марапатталды.

2017 жылдан бері театрды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дунай Еспаев басқарады. Ал, 2019 жылы Қазақстанда алғаш рет осы театр сахнасында АҚШ-тан келген режиссер Джоан Блонделл спектакль қойды.

Тарихы бай өнер ордасының мерейтойлық шаралары да өзекті мәселелерге арналып, алдағы даму жоспары назардан тыс қалмады.

Мерейтой аясында өткен шаралардың ішінде Г.Камал атындағы Татар мемлекеттік академиялық театрдың Бас директоры Ильфир Якуповтың «Театр өнерін ілгерілету жолында Digital құралдары» және М.Горький атындағы мемлекеттік орыс драма театрының Бас режиссері Бекболат Пармановтың «Қуыршақтар өнері» шеберлік сыныбы ерекше болды.

Ал, қорытынды «Соңсыз жол» қойылымын театр ұжымы мен әртістері дайындапты. Онда түрлі спектаклдердің сөздері өзгертіліп, бүгінгі өмірмен байланыстырылған. Әзіл араластыра өмір шындығы көрсетілген қойылымға ұжым 1,5 ай дайындалыпты.

Мерейтоймен құттықтап, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Қазақстан театр қайраткерлері одағының басшысы Тұңғышбай Жаманқұлов хат жіберсе, АҚШ-тан бері қарай бірқатар мемлекет пен облыстардағы әріптестері бейнеқұттықтау жолдады.

Театрды мерейтойымен облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов арнайы құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.

Сонымен қатар, театр фойесінде түрлі ертегілердің экспонаттары мен әзіл аралас театрлық сәттер қойылған. Ал, суретші Игорь Баграмовтың мерейтойға арналған көрмесі – бөлек әлем. Ол негізінен театр суретшісі, бірақ ол мүсінші, суретші ретінде де танымал. Бүгінде театр сахнасында оның дизайнымен А.Островскийдің «Кінәсіз кінәлі», В.Рыжковтың «Қайда? Қарағандыда!», О.Голдсмиттің «Қателіктер түні», А.Большакованың «Щелкунчик» қойылымдар ұсынылып жүр. Драма кейіпкерлерінің суреті мен актерлардың өмірдегі портреттерінің галереясын жасауда оған спектакльмен жұмыс істеу шабыт көзі болды.

Игорь Баграмов бұл көрмеге 15 картинасын әкелді. Көбісі осы театр майталмандарының бейнесі. Ал, шығармашылық зертханасында жалпы 80-нен аса еңбегі бар.

– Әр портреттің өз тарихы мен тағдыры бар. Бір суретті бояумен салуға бірнеше күн керек. Картинаны ашатын – әртістің көзі. Өйткені, таланттың көзі от шашып немесе мейірім нұрын төгіп тұруы керек. Қойылым кезінде, аяқталған соң немесе дайындық кезінде әртістердің ерекше көңіл-күйін суретке түсіріп аламын. Негізі суретке түсіруге болмайды. Бірақ, олар менің өнеріме құрметпен қарайды. Кейбірі осында жүр. Әлі мүлдем бейхабарлары да бар. Бүгін жұмыстарымды иелеріне мерейтой аясында сыйлаймын, – деді Игорь Баграмов.

Ал, Дунай Еспаев театрға өз саласын жетік білетін IT-мамандар, экономист, заңгер және бухгалтерлер қажеттігін айтады. «Өйткені, 3 мың жылдан бері келе жатқан театр өнері мәңгілік. Қазір көрермен саны азайған жоқ, керісінеше артуда. Енді соны сақтап, одан әрі көбейту керек. Әсіресе, карантинде бұл өте маңызды. Мерейтой аясында өткізілген шеберлік сыныптарының мақсаты да – сол. Ал, бұл үшін театрға жас мамандарды тартып, біліктілігін жетілдіріп, олардың жағдайын жасау керек. Себебі, театр маркетингі мен менеджментін дамыту – өзекті мәселе. Актерлармен бірге, дыбыс режиссеры, сценограф, макияж суретшісі және басқа да мамандардың біліктілігін артыру керек» – дейді ол.

Оның айтуынша, жақын арада театрларда, тіпті, әртіс те тапшы болуы мүмкін. Себебі, бұл мамандыққа оқығысы келетін жастар аз екен. Қазірге театрда барлық маман бар, техникалық мамандар тапшы. Ал, кәсіби мамандармен жасақталған толық құрамдағы командасыз бұл ғасырда алға жылжу мүмкін еместігі белгілі.

«Digital-технологиялар» шеберлік сабағына Қазақстанның түкпір-түкпірінен 40-тан астам театр қызметкері қатысқан. Осындай кездесу наурыз айындағы Дүниежүзілік театр күніне де жоспарланыпты.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button