Тұлға

Баспасөз ардагеріне – құрмет

Қарағанды баспасөзінің толқынтолқын буынын қалыптастыруда сала ардагерлерінің үлесі – өлшеусіз. Журналистикаға саналы ғұмырын арнаған олар қоғамдық қызметтен де шет қалған емес. Осы көштің басында «Орталық Қазақстан» газетінде ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен, журналист, энциклопедист, баспасөз ардагері – Аман Жағдаұлы Жанғожин бар. Бүгінде Аман Жанғожин мерейлі 75 жасқа аяқ басты. Қабырғалы қаламгердің мерейлі күнінде облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВ қабылдап, облыс әкімінің құттықтауын тапсырды.

– Сізді 75 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын!

Өмірдің бедерлі белесіне қадам басқан Сізді бүгінде қалың жұртшылық өңіріміздің ақпараттық әлеуетін арттыруға қомақты үлес қосқан жампоз журналист, қарымды қаламгер ретінде қадірлейді, – дей келе, Абзал Нүкенұлы аймақ басшысының құттықауын жеткізді.

Аман Жағдаұлы қара шаңырақ – облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде 40 жылдан астам уақыт қызмет атқарды. Тілшіден бастап, редактордың бірінші орынбасары аралығындағы қызмет сатысынан өтті. Басылымның бұқара арасында беделінің өсуіне, мәртебесінің артуына зор еңбек сіңірді. Басылым шежіресін жасаудағы тынымсыз ізденісі көптің көз алдында. Соның нәтижесінде, газеттің жылнамалық жинақтары оқырманмен қауышты. Бұдан бөлек, облыс өміріне қатысты үш бірдей энциклопедияны құрастыруға, бірнеше ауданның шежіресін дайындаудағы еңбегі – ерен.

Бірқатар марапат иеленді. Соның ішінде, күні кеше бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға қосқан үлесі үшін Президенттің Алғыс хатын алған еді.

– Мен «Орталық Қазақстан» газетінде 1974 жылдан 2013 жылға дейін еңбек еттім. Арасында мемлекеттік қызметте болдым. Негізі, осы «Орталық Қазақстанның» айналасында жүрдім. Редактордың орынбасары, жауапты хатшы, жауапты хатшының орынбасары қызметін атқардым, газеттің барлық ішкі «кухнясынан» өттік деуге болады. Бүгінде зейнеттеміз, облыс әкімі құттықтап, ықыласын білдіріп отыр. Бұған дейін Президенттің Алғыс хатын алған едім. Жалпы, газет шығару ісі – асқан жауапкершілікті жүктейді. Білімділікті қажет етеді, – дейді Аман Жағдаұлы.

Аға буыннан қалған үрдісті үзбей жалғастырған журналист қауымы Аман Жағдаұлындай арда ағаны өздеріне ұстаз тұтады. 

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Суретті түсірген Д.Кузмичев.

Басқа материалдар

Back to top button