Руханият

Тарихи атаулар – ұлт болмысы

Тарихи топонимикалық жүйе қалыптасу барысында жүздеген жылдарды артта қалдырды. Қолда бар дерек Орталық Қазақстандағы жер-су атауының қалыптасу ерекшеліктерін тарихи кезеңдермен байланыстыра зерттеуге мүмкіндік береді. Қарағанды облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармамен бірлесе отырып он жылдан астам осы аумақта тарихи топонимикалық зерттеулер жүргізудеміз. Негізгі мақсаты тарихи топонимдерді: жер-су, елдімекен атауын тарихи кезеңдер бойынша анықтау болып табылады.

Топонимика саласындағы атаулардың ішінде саяси тарихтың ықпалына көбірек түсіп, өзгеріске жиі ұшырап жататын түрі – елдімекендер атауы. Жалпы, тарихи топонимика саласында елдімекен атаулары отаршылдық немесе халықтық топонимдер болып екіге бөлінеді. Отаршылдық атау деп сырттан келген идеологияға тікелей қатысты топонимдер жүйесі айтылады. Әдетте, тарихқа тамыры терең бойламаған, зорлық пен әділетсіздікпен орын алған бұл атаулар сол тәртіптердің жойылуымен бірге құрдымға кетеді. Мұндай құбылыстың тарихи шындық екенін кешегі большевиктердің идеологиясына байланысты қойылған атаулардың уақыт сынын көтере алмағанынан көруге болады. Тіптен қазақ еліне ешбір қатысы жоқ қаншама атау бір мезгілде қалыптасып, халықтың санасында бекіп қалды. Келімсектер аз қоныстанған Орталық Қазақстанның оңтүстік және батыс өңірлерінде халықтық топонимдер жүйесі байырғы атауларын сақтап қалды. Бірақ, кеңестік идеология бұғауына түскен елдімекен де аз болған жоқ.

Қазақ ономастикасының бір бөлігі саналатын жер-су аттары (топонимдер) ғасырлар жәдігері, мәдениетіміз бен тарихымыздың құнды қазына-байлығы, мәдени мұрамыздың бір бұлағы деп айта аламыз. Республикамызда өзен аты 85 мың болса, көл аттары 50 мыңның үстінде. Жазба деректер мен археологиялық қазба материалдар – өткен дәуірдің орта ғасырында қазақ жерінде елдімекен және қала, қалашықтардың көп болғанын айғақтап отыр. Оның негізгі себебін Орта Азия халықтары өмірінде көшпенділікпен қатар отырықшылықтың да болғаны кеңінен дәлелдей түседі. Тарихи топонимдер жүйесінің қалыптасуында мыңжылдық тарихи кезеңі бар десек қателеспейміз.

Тарихи аңыздарда сонау қыпшақ дәуірінен бастау алатын бірнеше атау сақталған. Мысалы, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырындағы Ұлытау өңіріндегі Айбас дарасы, Ақтоғай ауданындағы Жәмші, Тоқырауын, Қарқаралы ауданындағы Қарқара атауы, Осакаров жеріндегі Маржанкөл атаулары бүгінгі күнге дейін сақталған.

Жалпы аймақтағы топонимдердің біршамасы түркі және моңғол дәуірлерінде пайда болды. Олар көбінесе тау, өзен, көл атауларында сақталған. Орыс география қоғамының этнография бөлімшесінің 1880 жылғы Үлкен сызбасындағы жазбада Орталық Қазақстанда ХVI ғасырда ойраттар мен қалмақтар мекен еткен деген дерек бар. Онда – «Ұлытау тауларынан 40 шақырым жерде Сурсу өзені ағып өтеді (Сарысу), өзенге Кендерлик өзені (Кеңгір) құяды» деген мәлімет сақталған.

Қазақстан жерін картаға түсіруде араб географтары көп еңбек сіңірген. Мысалы, Руза қазіргі Сарысу өзені, Магра – Кенгір өзені, Горгуз – Теңіз көлі, Аскарун – Бұғылы, Музгар – Ұлытау, Ортау, Кертаг, Қызылтау таулары картада бар. Бұл топонимдік деректер Әбілғазы Бахардурхан шежіресінде де ұшырасады.

Ал, орта ғасырда, ХІІІ ғасырдағы Орталық Қазақстанның кейбір топонимдері Шыңғыс хан жорығына қатысты болып келеді. Ол жаулап алған өңірлерін үш ұлына үлес етіп бөлгенде, қазіргі Орталық Қазақстан өңірі (Дешті Қыпшақ) үлкен ұлы Жошы ханға тиеді. Оның Дешті Қыпшақ жерін аралау барысында Ұлытауға келгендігі Шыңғыснамада айтылады. Жалпы, Орталық Қазақстанда Шыңғыс әулетінен басқа Едіге мен Барақ хандардың есімдеріне байланысты топонимдер де көп ұшырасады. Едіге діңі қазіргі Ұлытау тауының үстінде, әрі Ұлытаудың бір саласы Едіге тауы деп аталады, ал Барақ атты көл Жезқазған қаласының солтүстігінде 210 шақырым жерде.

Алтын Орда дәуіріндегі Ұлытау өңірін қарастырғанда араб-парсы деректерінің құндылығы ерекше. Джузджанидің «Табакат-и-насири» еңбегінде Жошы хан туралы қызықты мәліметтер келтірілген, мұнда Қыпшақ даласына көңілі ауып, қоныстануы сипатталады. Атақты парсы тарихшысы Фазлаллах Рашид-ад-диннің «Жами ат-тауарих» еңбегі де қазақ тарихы үшін таптырмас дерек көзі болып табылады. Онда моңғолдардың қазақ жерін жаулап алуы, Ұлытауда жерленген Жошы хан мен оның балалары туралы мәліметтер келтірілген. Низам-ад-дин Шамидің «Зафар-наме» еңбегінде келтірілген Мәуренахр әміршісі Темірдің ДештіҚыпшаққа жорығы туралы мәліметтер Ұлытау өңірінің ортағасырлық тарихына тікелей қатысты. Онда Әмір Темір әскерлерінің Сарысу өзенінен (Сары узен) өтіп, Ұлытауға келгендігі туралы және ол жерде өзінің атын тасқа қашатып жаздырғаны туралы айтылады. Орталық Қазақстанның орта ғасырлық жазба деректерінен бірнеше тарихи атауды кездестіреміз. Әрине, бұл тарихи топонимдердің қысқаша көрінісі ғана. Шындығында әр тарихи жазба деректерде қаншама жер-су атаулары өзінің тарихи маңызын жоймай бүгінгі күнге дейін жетті. Тарихи атау, бұл – ұлттық болмысымыздың бір көрінісі болып табылады.

Темірғали АРШАБЕКОВ,

облыстық ғылыми техникалық құжаттама жөніндегі архив басшысы.

Басқа материалдар

Back to top button