Бұқар жырауОблыс әкімі

БҰҚАР ЖЫРАУДАҒЫ КЕЗДЕСУ көпшілікті алаңдатқан мал ұрлығы, жайылымдық жер

Жұма күні облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК Бұқар жырау ауданына барып, өңірдің тынысымен, жергілікті халықтың хал-ахуалымен танысты.

Экономикалық өсім бар

Бұқар жырау ауданы – аймақ тұрғындарының ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұранысының елеулі бөлігін қанағаттандырып отырған, агроөнеркәсіп кешені қарқынды дамып келе жатқан өңір. Пандемия жағдайына қарамастан былтырғы жылы аудан тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуда алға қойған міндеттер толығымен орындалған. Бұл туралы аудан әкімі Сержан Аймақов өзінің есепті баяндамасында егжей-тегжейлі айтып өтті.

Биылғы жоспар ауқымды. Былтырға қарағанда өнеркәсіп өндіріс көлемін 2,2%-ға арттырмақ. Шағын және орта бизнесті дамытуда «Сарыарқа» АЭА аумағында “Бүркіт” БК өнеркәсіптік жарылғыш заттарды өндіру зауыты, «Литейщик» ЖШС болаттан жасалған құбырлар, пішіндер, фитингтер өндіру зауыты, «Алтын Арна» ЖШС геомембрананы өндіру зауыты іске қосылады.

Сонымен қатар, кәсіпкерлерді қолдау картасына 1145 адамды жұмыспен қамтамасыз ететін құны 38,8 млрд. теңгелік 14 жоба енгізілген. Сәйкесінше, ағымдағы жылы 22,5 млрд. теңге инвестиция тартып, көлемін 1,8%-ға арттыру жоспарлануда.

Халықтың негізгі табыс көзі – шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны да былтырғы жылмен салыстырғанда 4,3%-ға артқан.

“Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасын іске асыру шеңберінде агроөнеркәсіптік кешен саласында 19 жоба іске қосылды. Жалпы сомасы 1 млрд. 983 млн. теңгеге тауар өндіріліп, түрлі қызметтер көрсетілді.

“Бизнестің жол картасы – 2025” бағдарламасы бойынша 1 млрд. 52,3 млн. теңге көлемінде 30 жоба мемлекеттен қолдау тапты.

Ауыл шаруашылығы саласындағы өнім көлемі де артуда. Жылқы, шошқа мен құс саны артқан. Алайда, ірі қара және ұсақ мал басы кеміген. Өсімдік шаруашылығындағы егістік алқап көлемі жыл сайын ұлғайып келеді.

Биыл «Майқұдық жұмыртқалары» ЖШС өндірістік қызметін қайта жандандыру, «Апрель» фермерлік шаруашылығы базасында шошқа етін өндіру бойынша жобаны одан әрі іске асыру, сондай-ақ «Натура Агро» ЖШС бройлер етін өндіруді ұлғайту жоспарлануда.

Құрылыс қарқыны қуантарлық

Бұқар жырау – құрылыс жұмыстары қарқын алған ауданның бірі. Былтырғы жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 10,6 млрд. теңгені құраған. Өсім 2019-20 жылдармен салыстырғанда 12,5%-ды құраған. 185 пәтер пайдалануға берілді, оның ішінде 81 үйді жеке құрылыс мекемелері салса, бюджеттік инвестициялар есебінен Ботақара кентінде алты 12 пәтерлі үйдің құрылысы аяқталды.

2022 жылға құрылыс жұмыстарының көлемі 7,5%-ға арттыру жоспарланса, оның 27,2 мың шаршы метрі – тұрғын үй.

Жеке тұрғын үй құрылысы есебінен 15 мың шаршы метр тұрғын үй салынатын болады, Бюджеттік инвестициялар есебінен Ботақара кентінде төрт 12 пәтерлі жалға берілетін тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Бұдан басқа, Доскей ауылындағы 5 қабатты екі үйдің күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтаймыз, сондай-ақ облыстық басқармалар есебінен тағы үш бес қабатты үй күрделі жөндеуден өтеді – дейді аудан басшысы. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2 ірі нысан құрылыс жүзеге асады. Ботақара кентінде 320 көрермен орынға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенін аяқтау және Мұстафин кентінде осындай кешеннің құрылысын бастау жұмысы тұр.

Шаруаның мұңы – жайылымдық жер

Әкім есебінен кейін тұрғындарға сөз берілді. Жиынға келген аудан тұрғындарының басым бөлігінің басты мәселесі – жер тапшылығы. Ауылды жерде қолда бар азын-аулақ малды жайылымға шығару мұң. Ауыл айналасындағы бос жердің иесі бар. Не өзі кәдеге жаратпайды, не басқаға пайдалануға рұқсат жоқ. Ауданда жер мәселесі өзекті. Үміткер ауылдық округінен «Нұрлан» шаруа қожалығының басшысы Нұрлан Құсбеков:

Алған жерімнің 445 гектары даулы жер. Совет өкіметі кезінде су жайылатын жер ретінде жыртылған. Ешқандайда пайдаға жарамайды. Осы мәселемен жерге жауапты мекемелермен соттастым. Жердің сулы екенін дәлелдеп жеңіп шықтым. Бірақ, бүгінгі күні жерді пайдаланбады деп маған 250 мың теңге айыппұл салып, есепшоттарымды бұғаттап тастады-дейді.

Жайылымдық жер жөнінде сарытөбелік тұрғындар да өз назын білдірді. «Сарытөбеде 150-дей отбасы бар. Мал жайылымы жоқ. Бұл туралы облысқа да жазғанбыз. Маңайдағы жердің бәрін беріп тастаған. Мұны кейіннен ғана біліп отырмыз. Мал басы өсіп отыр. 1000-нан астам ірілі-ұсақты мал, 400-ден астам жылқы бар. Бұзау бағатын жер жоқ. Малымыз шықса, айыппұл салады», – дейді сарытөбеліктер.

Айта кетейік, ауданда 36 мың гектар жыртуға жарамды тыңайған жер бар. 2022 жылы конкурстар мен аукциондар өткізу арқылы 30 мың гектар босалқы жерді тарту жоспарда тұр.

Мазаны алған мал ұрлығы, қол жетпеген ауыз су

Аудандағы мал ұрлығы ауыл тұрғындарын алаңдатып отыр. Мәселен, былтыр бір айдың ішінде Сарытөбе ауылында 4 мал ұрланған. Тіпті, мал иесі қорадан жоғалған жылқысының ізімен барып, сойып әкеткен жерін де полиция қызметкерлерімен бірге тауып алған. Сол жерде айғақтар анықталып, факт тіркелгенімен, іс тоқтатылған. Себебі, белгісіз. Табылған ұры, қайтарылған мал жоқ. Тура осындай 3 мал ұрлығы оқиғасы да жабулы қазан күйінде қалып отыр.

Ботақара кент тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында су құбыры тартылған. Алайда, көше тұрғындарының қуанышы ұзаққа бармады. Бір үйдегі 4 пәтердің біреуіне ғана су құбыры тартылды. Қалған үшеуі сол жерден өз күштерімен үйлеріне тартып алуы тиіс. «Бұл қандай бағдарлама, әу баста тұрғындармен неге келісілмеген шаруа?» деген сұрағымызға билік «жобалық-сметалық құжаттамада солай көрсетілген» деп жауап береді. «Адам жасаса, халыққа тиімді тұсын ойлауы керек қой?», – дейді халық.

Жиында қойылған сұрақтардың барлығына жауап берілді. Облыс басшысы мәселелерді шешуге барын салатынын айтып, кез келген нәтижелі еңбек халықтың қолдауына байланысты екендігін жеткізіп, жиналысты қорытындылады.

Сағыныш ӘБІЛ. 

Басқа материалдар

Back to top button